Корльдіктің келешегі күмәнді
Корльдіктің келешегі күмәнді
Тура бір аптадан соң Біріккен Корольдік кезекті парламент сайлауында болашақ үкіметтің қабырғасын қалайтын саяси партияны таңдайды. Сайлаушылар дауысына таласатын жеті партияның ішінде қазіргі премьер-министр бастаған Консерваторлар партиясының мысы басымырақ екенін алдыңғы нөмірлерде жазғанбыз. Бірақ Маргарет Тэтчер ханымның кезінен бері елдегі саяси-экономикалық өзгерістерге жауапты саналатын бұл партия бұрынғыдай абыройлы емес. Себебі, Ұлыбританияның өз ішіндегі экономикалық қиындықтар, әлеуметтік қайшылықтар, оның үстіне даулы болған Еуроодақтан шығу мәселесі консерваторлардың мүлт кетер тұсы болғалы тұр. Ал Кэмеронның тығырықтан шығатын түрлі жол іздеп, шарқ ұрғаны байқалады.
Премьер-министр Дэвид Кэмеронның электоратқа жағу үшін қолданған ұранының бірі – «Ұлыбритания Еуроодақтан шыға ма, жоқ па?» деген сұрақты бүкілхалықтық референдумға салу еді. Өзі айтпақшы, екі жылдан соң өткізілуі мүмкін референдумда «таңдауды британ халқы жасайды».
Кэмеронның сайлауалды уәдесі ағылшын қоғамында қобалжу туғызуда. Жергілікті бизнес өкілдері Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуына үзілді-кесілді қарсылық білдірсе ал лейбористер сайлауалды насихатын Еуроодақтан шығу жайлы реферерендум өткізуге қарсылық білдіруге негіздеді. Партияның жарнамасында белгілі бизнесмендердің Одақ құрамында қалуға қатысты пікірлері пайдаланылған.
Қазіргі таңда консерваторлар сайлаушылардың 32 пайызының қолдауына ие, ал лейбористерді жақтайтындар шоғыры 29 пайыздан аспайды. Бұл рейтингтер күн сайын жаңартылып, түрлі агенттіктер түрлі статистикалық мәліметтер беріп келеді.
Жалпы, Британ парламентінде 650 орын бар, қазіргі болжамдардың дені консерваторлар шамамен 293 орынға, ал лейбористер 270 орынға ие болуы мүмкін дейді. Ал парламентте айқын басымдыққа ие болу үшін кем дегенде бір партия 326 мандатты иеленуі тиіс.
Дегенмен, бір нәрсе анық – Консерваторлар басымдыққа ие болса да, біртұтас үкімет жасақтауға жеткілікті орын ала алмауы мүмкін. Ендеше, тағы да коалициялық үкімет құрылуы мүмкін деген болжам қисынды көрінеді. Біріккен Корольдіктің ендігі бағыты болашақ үкіметтің қандай саяси партиялардың одағы негізінде жасақталатынына байланысты.
Мысалы, соңғы кезде күш ала бастаған Біріккен Корольдіктің Тәуелсіздік партиясы (UKIP) елдегі миграция ағымын тежеуді талап етеді. Егер кейбір сарапшылар болжағандай, алдағы сайлауда бұл партия 25 пайыз дауыс жинаса, онда британ парламентіндегі үшінші елеулі партияға айналмақ. Мұндай жағдайда, олар ұрандатып қана қоймай, сөзден нақты іске көшіп, шын мәнінде Ұлыбританияны Еуроодақ аймағынан шығуға итермелеуі ғажап емес.
Әлбетте, Тәуелсіздік партиясының соңғы кезде танымал болуының себебін сыртқы саясаттағы қайшылықтардан ғана көруге болмайды. Шын мәнінде, қазіргі кезде Ұлыбританияның өз ішіндегі кереғарлықтар жетерлік. Дамыған мемлекет саналатын елдің көптеген аймақтарындағы әлеуметтік ахуалдың шатқаяқтай бастағаны ашық айтылып жүр. Тіпті, кейбір өңірлер депрессивті жағдайға жеткен.
Оның үстіне, саяси билікті уысына жинақтаған Консерваторлар мен оларға бақас Лейбористер партиясы қатарындағы сыбайлас жемқорлық жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын тудыруда. Британ парламентінің белгілі мүшелерінің сыбайластыққа байланысты жанжалға ілінуі жиілеп барады. Соңғы жанжалдың бірі – Консерваторлар партиясының мүшесі Малкольм Рифкинд пен бұрынғы министр Джек Строның орасан зор көлемдегі қаржы үшін бір қытай компаниясының мүддесін қорғауға дайын болғанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ.
Осындай келеңсіздіктердің кесірінен британдықтардың саяси партияларға деген ықыласы суи бастаған. Жергілікті «Hansard Society» ұйымының соңғы кезде жүргізілген сауалнама нәтижесіне сенсек, тұрғындардың 67 пайызы «саясаткерлер қарапайым халықтың күнделікті өмірін түсінбейді» деп санайды екен.
Шын мәнінде, Британиядағы парламент сайлауы батыстық демократиялық құндылықтардың іс жүзінде қаншалықты өміршең екенін көрсете ме? Әлде бұл либералды демократия дәстүрінің өзгеше сипатқа түсуі ме? Қалай дегенмен де, биліктегі саяси партияларға деген қоғамның наразылығы арта түскен сайын ұлтшылдардың беделі өсіп, қатары көбейіп келеді. Олар сырттан тоқтаусыз ағылған мигранттарға сескене қарап, Еуропалық Одақтың келешегіне күманданып, биліктің жергілікті мәселелерді шешуге баса назар аударғанын қалайды.
Ал елдің ішкі жағдайына жіті назар аударсақ, түйткілдің түбірі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарда немесе әлемдік қаржылық дағдарыста ғана емес екенін көреміз. Ұлыбритания демографиялық, ұлттық және мәдени әралуандықтың, яғни келешектегі алауыздықтың алдында тұр. Бұған дейін газет бетінде жарияланған материалдарда Англияның көптеген өңірлерде қытай қалашықтарының пайда болғанын жазғанбыз. Бұдан бөлек, үндістер, пәкістандықтар, басқа да жатжұрттықтар шоғырланған аймақтар бар. Ал кезінде Біріккен Корольдіктің құрамына кіруге мәжбүр болған, бірақ әлі күнге өз тәуелсіздігін армандайтын шотландықтардың жөні бір бөлек. Мұның бәрі, алақандай аралды мекен еткен Біріккен Корольдік бірнеше мемлекетке бытырап бөлінбесе де, ішкі қайшылықтардың кесірінен тұғыры босап, дамуы тоқырап, тұрақтылығынан айнуы мүмкін деген сөз.
Қазірдің өзінде батыс ақпарат құралдары британ парламенті сайлауының нәтижесі көңіл көншітерліктей болмайды деп болжам жасап жатыр. Bloomberg осы сайлаудан кейін жасақталатын үкімет әлсіз болады деп болжады, яғни мұндай жағдайда Ұлыбританияның халықаралық саясаттағы ықпалы азаюы мүмкін.
Экономикалық қуаты бойынша әлемдік дамуда алтыншы орында тұрған Ұлыбритания осылайша дүдамал күй кешуде. Күмән түйіні бір аптадан соң, 7 мамырда өтетін сайлау қорытындысы белгілі болған соң ғана тарқатылады. Әзірше, бұл сайлаудың Біріккен Корольдіктің ғана емес, кәрі құрлықтың болашақ тағдырына да әсер етері даусыз. Халықаралық қауымдастық жіті назарда ұстаған бұл сайлаудың нәтижесін газетіміздің алдағы сандарында сараптайтын боламыз.
Ұлыбритания