Еңсесі түскен еуроаймақ елдері

Еңсесі түскен еуроаймақ елдері

Еңсесі түскен еуроаймақ елдері
ашық дереккөзі

Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамда өзектілігін жоймаған мәселе. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді әлемнің кез келген елінен табуға болады. Жұмыссыздық деңгейі әзірге әлем елдерінде тұрақтала қойған жоқ. Сондықтан, бұл мәселе қазір дамыған мемлекеттерді де алқымынан алып тұрғаны жасырын емес. Еуропалық саясаткерлердің барлығы да жұмыссыздық деңгейінің өсуімен күресуге тырысқанымен, әзірге оңды нәтиже болмай тұр.

Күн тәртібінен түспей тұрған мәселе

Өткен жылдың соңында Халық­аралық еңбек ұйымы 2019 жылға дейін әлемде тағы да 11 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған болатын. Халықаралық ұйымның деректеріне ден қойсақ, 2014 жылы әлемде 201 миллион жұмыссыз адам болған. Бұл көрсеткіш әлемдік алғашқы дағдарыс кезімен, яғни 2008 жылмен салыстырғанда 31 миллионға артық. Қаржылық дағдарыс алғаш етек ала бастаған 2007 жылдан бері әлемдегі жұмыссыздық деңгейі 28 миллионға артыпты. 2009 жылы жұмыссыздар қатары 199 миллионды құрады. Кейін әлемдегі жұмыссыздар қатары 197 миллионға дейін төмендегенімен, 2012 жылы жұмыссыздық деңгейі қайта көтеріле бастады.

 Енді 2019 жылы жұмыссыздар қатары 212 миллион адамға жетуі әбден ықтимал деп отыр Халық­аралық еңбек ұйымы. Маман­дар­дың есептеуі бойынша, 2015 жылы 3 миллион адам жұмыссыздар қатарын толықтырса, бұл көрсеткіш ары қарай тұрақты түрде әр жыл сайын 8 миллион адамға көбейіп отырады екен. Ал мұндай деңгейдегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 2019 жылға дейін 280 миллион жұмыс орны ашылуы тиіс. Өз кезегінде БҰҰ ұсынған деректер 2016 жылы әлемдегі жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға өсетіндігін көрсетуде. 2016 жылға дейін әлемдегі экономикалық өсім 4,1 пайызға дейін көтерілсе де, жұмыссыздық деңгейі осы көрсеткішті сақтап қалатындығына сенімді мамандар. 2017 жылы бұл көрсеткіш 210,6 миллионға жетуі мүмкін дейді. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлеуметтік тұрғыда қорғалмағандардың көпшілігі 24 жасқа толмағандар екендігін айтады. Солардың тек 13 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Ұйымның мәлімдеуінше, соңғы уақытта тіпті, жұмыс іздеуден үмітін үзгендер де көбейе бастаған. Мәселен, 2012 жылдың өзінде жұмысқа орналас­тыру қызметтерінен 39 миллион адам өз өтінішін кері қайтарып алыпты. Экономикасы дамыған елдердегі жұмыссыздардың үштен бір бөлігі бірнеше жылдан бері еңбектен қол үзіп қалған екен. Еңбек ұйымы әлемдегі жұмыссыздық дәл қазіргі сәтте «дағдарыс деңгейіне» жеткендігін айтып, дабыл қағуда.

Халықаралық еңбек ұйымының баяндамасына сүйенсек, әлемдегі алпауыт елдердің бірі АҚШ-та, сондай-ақ, өнертапқыштар елі Жапонияда бұл жағдай біршама тұрақталыпты. Алайда экономикасы дамыған Еуропа елдерінің көпшілігі жұмыссыздық мәселесімен күресе алмай келеді. Мысалы, 2014 жылы Еуроаймақтағы жұмыссыздық деңгейі 12,1 пайызға артқан. Жұмыссыздар саны бойынша Еуроаймақта көш бастап тұрған Грекия мен Испания. Грекиядағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың желтоқсанында 26 па­йызды көрсетсе, Испанияда 2015 жылдың алғашқы айында 23,4 пайызды көрсетіпті. Соңғы уақытта әлемдегі жұмыссыздық деңгейі өсу жағынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін түрі бар.

 Еңсесі түскен еуроаймақ елдері

Экономикалық қиындықтардың салқыны еуроаймақ елдеріне де тиіп үлгерді. Қазір еуроаймақ елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі 11,5 пайызға жетіп отыр. Мысалы, экономикалық жағдайы тұралап қалған Грекиядағы жұмыссыздық деңгейі 2014 жылдың басында 28 пайызға жетті. Оның ішінде әйелдер арасындағы жұмыссыздық 32,2 пайыз, ерлер арасында – 24,9 па­йызды көрсетті. Биылғы жыл да Грекия үшін аса жағымды жаңалықпен бастала қойған жоқ. Жыл басында елдегі жұмыссыздық деңгейі біраз төмендегенімен, мәселе түбегейлі шешілмей тұр. 25,7 пайыз­дық жұмыссыздық деңгейін тез арада азайту мүмкін де емес. Мысалы, Ұлыбритания мен АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құраса, Германияда 4,7 пайызды көрсетіп отыр. Бұл елдермен салыстыра қарағанда, Грекиядағы жұмыссыздық деңгейі бірнеше есеге жоғары. Жұмыссыздық деңгейінің ұлғаюына елдегі қатаң үнемдеу шаралары тікелей әсер еткен дейді кейбір сарапшылар. Үкіметтен қолдау таппаған көптеген кәсіпорындар жабылып, адамдар жұмыстан шығарылғалы жұмыссыздық деңгейі күрт артып кеткен. Соңғы үш жыл бойы жүргізілген қатаң үнемдеу шаралары, салықтың өсуі, жұмыссыздықтың рекордтық көрсеткіші елдегі қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетті. Грекия мемлекетіндегі жұмыссыздық көрсеткіші туристік маусымның аяқталуына байланыс­ты қайтадан 26 пайызға дейін көтерілді. Бұл шамамен алғанда 1,2 миллион адам. Осыншама ел тұр­ғынының жұмыссыз қалуы онсызда экономикалық тұрақтылықтан айырылған Грекиядағы жағдайды мүлдем қаусатып тастауы мүмкін.

Экономика үшін қауіп төндіріп отырған жағдай ретінде мамандар жұмыссыздық жөніндегі биржа тіркеуіндегі азаматтардың үштен бір бөлігінің ұзақ жылдан бері еңбек орнын іздемегендігін айтуда. Өткен жылы ғана алты жылға ұласқан техникалық рецессиядан шыққан Грекияның ішкі жалпы өнімі 0,7 па­йызды құрайды. Бұл көрсеткіш қазір ел ішінде қалыптасқан жұмыссыздық мәселесін шешуге жеткіліксіз.

Грекия жастары елдегі маңызды саяси додадан кейін, яғни, сайлаудан соң мемлекетте оң өзгеріс болатынына сенім білдірген болатын. Ал Грекияның жаңа сайланған премьер-министрі Алексис Ципрас парламенттегі алғашқы үндеуінде кредиторлардың талабы бойынша тоқтатылған еңбек келісімін қайта қалпына келтіретіндігін және елдегі ең төменгі жалақыны көтеретіндігін айтып, уәде берген. Премьер-министр солай дегенімен, гректердің басым көпшілігі жұмыссыздық мәселесінің оңайлықпен шешімін табатындығына күмәнді. Грекияда орын алып жатқан осындай жағдайдан кейін еңбек етуге талпынған жастар өзге еуроаймақ елдеріне ат басын бұруда. Өз жерінде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік болмағандықтан, жастардың шет мемлекеттерді жағалауы заңдылық та. Қазір елдегі жағдай өте қиын. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жастар қазір грек жерінде шаш етектен. Сол себепті де оларды көбі елді тастап, күнкөріс көзін іздеп жүр. Жыл өткен сайын күрмеулі мәселе шешімін табудың орнына шиеленісіп бара жатқандай.

Еуропадағы көш басында тұрған ірі мемлекеттердің бірі Франция­да 2015 жылдың ақпан айында жұмыссыздық деңгейі өсім көрсетті. Жұмыссыз немесе жарты жұмыс күнінде істейтін француздардың саны 12 мыңға артып, 3,5 миллион адамға жеткен. Ал қаңтар айында аталмыш көрсеткіш 6 айда алғаш рет төмендеп, 19 мың адамға қысқарған болатын. Сол кезде ел Үкіметі жұмыссыздықпен күрестің жақсы жүріп жатқандығын хабарлаған еді.

Францияның еңбек министрлігі ұсынған мәліметтерге сенсек, 2014 жылы елдегі ресми түрде тіркел­ген жұмыссыздардың саны 3,3 миллионға жеткен. Ал 2013 жыл­дың желтоқсанында 10200 адам жұмысынан айырылыпты. Өткен жылы Франциядағы жұмыссыздық деңгейі 11,1 пайызға жеткен болатын. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырған 5,7 пайызға артық. Ал 2015 жылы жұмыссыздық деңгейі біраз төмендеген. Десек те, Франция экономикасының 0 пайыздық өсімі мен еңбек нарығындағы реформаның жоқтығы жұмыссыздық мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік бермей отыр. «Alternatives economiques» журналы Францияның ұлттық статистика институтының жұмыссыздар санын жариялағанда тек қана мүлдем жұмыс істемейтін азаматтарды ғана есепке алған деп отыр. Олардың қазір нақты жұмыс орны жоқ, бірақ қызметке орналасу үшін арнайы дайындықтан өтіп жүрген француздарды есептемегендігін айтады «Alternatives economiques» басылымы. Қазірдің өзінде мұндай азаматтардың қатары 2 миллионға жетіпті. Сол себепті, «Alternatives economiques» журналы елдегі жұмыссыздардың саны 5 миллионнан асты деп отыр.

2012 жылдың мамыр айында өткен Франциядағы президент сайлауынан кейін елдегі жұмыссыздар қатары жарты миллионға дейін ұлғайып, 574 мың 300 адамға жеткен. Содан бері Франциядағы жұмыссыздық деңгейі төмендеген емес. Ал аталмыш мемлекеттің президенті Франсуа Олланд елдегі жұмыссыздықты жоя алмаса, 2017 жылы президент сайлауына түспейтінін мәлімдеген болатын. Франсуа Олландтың таққа жайғасқанына үш жыл болса да, Франциядағы жұмыссыздық мәселесінің күрмеуі әлі де шешіле қоймады.

Еуроаймақ елдерінің ішіндегі Германияның экономикалық әл-ауқаты біршама жоғары. Дегенмен биылғы жылдың басында Германияда 3,032 миллион жұмыссыз адам тіркелген. Бұл 2014 жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен 0,6 пайызға артық. Осылайша, 2015 жылдың алғашқы айында ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейі 7 пайызға жетті деп хабарлаған болатын Германияның еңбекпен қамту агенттігі. Жұмыссыздық деңгейінің көтерілуіне маусымдық фактор және қаңтар айында жалақының ең төменгі мөлшерде берілуі ықпал еткен дейді сарапшылар. Ал ақпан айында маусымдық факторды ескере отырып, Германиядағы жұмыссыздар биржасында тіркеуде тұрған азаматтар қатары 20 мыңға кеміген. Бұл 1991 жылдан бері Германияда тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Елдегі жұмыссыздық деңгейі бір ай ішінде 6,5 пайызға тұрақтаған. Наурыз айында Германиядағы жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 6,4 пайызды көрсетті. Елдегі жұмыссыздардың қатары 15 мыңға кеміп, 2,8 триллион адамға жетті. Сарапшылар Германиядағы жұмыссыздар саны 12 мыңға дейін ғана төмендеуі мүмкін деген болжам жасаған болатын. Қазір бұл елдегі экономикалық көрсеткіштер жақсарып келеді. Германиядағы жұмыссыздық деңгейі еуроаймақ елдерімен салыстырғанда екі есеге төмен.

«Біз бұны сезініп отырмыз»

Қазіргі уақытта еуроаймақ елдеріндегі жұмыссыздық күрделі мәселе болып отыр. Аталмыш мемлекеттерде жұмыссыздықпен күрес шаралары жүргізілгенімен, нәтиже аз. Өйткені 2015 жылы бүкіл әлемде қылаң бере бастаған қаржылық қиындықтардың ұшқыны біраз елге кесірін тигізгені анық. Дамудың даңғыл жолына түскен Еуропаны да алаңдатып отырған жұмыссыздық мәселесі жаһандық дамуда маңызды болып отыр. Қазір Еуропа елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің ортақ көрсеткіші 15 пайызға дейін жетсе, жастар арасындағы жұмыссыздық 25 па­йыздан асады екен. «Жұмыссыздық деңгейінің артуы күрделенген жағдайды одан сайын қиындата түсетін ғаламдық мәселеге айналуы мүмкін. Алайда Қазақстан бұл тұрғыда өте сәтті жобалармен қаруланған десек те болады. Сіздердің елде жұмыссыздық деңгейі 5-6 пайызды құрайды. Мен мұның себебін қазақстандық индустрияландырудың шын мәнінде табысты болғанымен тікелей байланыстырамын. Өйткені индустрияландыру саясатының алғашқы кезеңі жемісті нәтижелер көрсеткен», – деген БҰҰ Өнеркәсіптік даму жөнін­дегі Бизнес, инвестиция және технологиялық сервис депар­тамен­тінің директоры Мұ­хаммед Дауи.

Қазақ еліндегі жұмыссыздық деңгейі еуроаймақтағы кейбір мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қазақстандағы жұмыссыздар саны ақпан айында 456,2 мың адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраған. Әлемдегі алпауыт ел АҚШ-тың өзінде қазір жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрап отыр. Ресми деректерге сүйенсек, бұл соңғы 7 жылда орын алған жұмыссыздық деңгейінің ең төменгі көрсеткіші екен. Өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандар саны 55,5 мыңға артыпты, яғни, пайыздық көрсеткіш 0,6 пайызға өсті. 2014 жылдың соңғы тоқсанында еліміздегі өз еркімен жұмыс жасайтындардың 71,7 пайызы нәтижелі болса, 28,3 пайызы өнімсіз жұмыс атқарған екен. Қаңтар айының соңына қарай 47,3 мың адам жұмыспен қамту орталықтарында ресми түрде тіркеліпті. Бұл көрсеткіш «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының қатысушыларынсыз есептелген нәтиже. Қазақстандағы жұмыс­сыз­дық мәселесін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еуро­аймақ­тағы жұмыссыздық  11,5 па­йызды құрайды. Көрдіңіздер ме?! Бүкіл әлемде осындай жағдай, ал біз сол әлемнің бір бөлігі болғандықтан Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Бұны біз сезініп те жатырмыз», – деп түсіндірді.

Әсел ӘНУАРБЕК