Путин: АҚШ халықаралық қарым-қатынасқа тұрақсыздық әкелді
Путин: АҚШ халықаралық қарым-қатынасқа тұрақсыздық әкелді
Ресей президенті Владимир Путин жұма күні Санкт-Петербург қаласында экономикалық форумға қатысушылармен кездесуде АҚШ-тың соңғы жиырма жылда жүргізген сыртқы саясатын сынады. Ол "Вашингтон мүмкіндігін теріс пайдаланып, Таяу Шығыста және тұтастай халықаралық қарым-қатынаста тұрақсыздық орнатты" деп мәлімдеді.
Путин АҚШ-ты "Ресейдің ісіне жүйелі түрде араласады" және "Украинадағы үкіметке қарсы төңкеріске қолдау танытты" деп айыптады. 2014 жылы көктемде Украинаның Еуропамен ынтымақтастық қарым-қатынасын дамытуды жақтаушылардың Киевтегі шеруі мәскеушіл президент Виктор Януковичті Ресейге қашуға мәжбүр еткені мәлім.
Ресей президенті НАТО әскери-саяси одағын "АҚШ сыртқы саясатының құралы" деп атап, Ресей шекарасына НАТО-ның "әскери инфрақұрылымын жақындатуға" қарсы жауап беретін болады деп ескерткен.
Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың маңайындағылармен ресейлік елшінің байланыста болуының сөкеттігі жоқ деп санайды. Вашингтондағы Ресей елшісі Сергей Кисляктың президент Трамптың өкілдерімен әңгімелерінің мазмұны туралы ештеңе білмейтінін айтқан Путин, адамдармен кездесіп, елдер арасындағы қарым-қатынасты жақсарту – елшінің қызметіне енетінін атап өткен.
Сонымен бірге Кремль басшысы 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына Ресейдің араласқаны туралы айтылып жүрген айыптауларды жоққа шығарған. Оның жорамалы бойынша, мұндай айыптарды шығарған – "саяси жеңілісіне кінәні өзгелерге артуға тырысатын" АҚШ демократиялық партиясы болуы мүмкін. Путиннің пікірінше, "ішкі саяси жанжалдардан құтылар жолды халықаралық аренадағы қадамдары арқылы іздеген" АҚШ-тың талпынысы "бүлдіргеннен" басқа нәтиже бермеген.