Елімізде соңғы 5 жылда 381 медициналық нысан салынды
Елімізде соңғы 5 жылда 381 медициналық нысан салынды
Елімізде соңғы 5 жыл ішінде 381 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның 19-ы - аурухана, 41-і - емхана және 314-і - дәрігерлік амбулатория. Денсаулық сақтау саласы «Нұр Отан» партиясының жіті назарында. Бүгін партиялық тыңдау өтіп, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2016 жылғы қорытындысы бойынша есеп берді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
«Денсаулық» бағдарламасы аясында қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің негізі қалыптасты. Еліміздің жеті аймағындағы қалалық емханаларға ауруларды басқару бағдарламасын енгізуге арналған жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізу бойынша жұмыстар жалғасып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуде, -деп атап өтті министр.
Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:
- Денсаулық мемлекттік бағдарламасының екі негізгі бағыты қалыптасқан. Ол бірінші мақсат - аурулар профилактикасы мен басқарудың интеграцияланған тәсілі негізінде қоғам денсаулық сақтау жөніндегі жаңа саясат енгізу. Ал екінші мақсат - тиімділікке қарждылық тұрақтылыққа, әлеуметтік-экономикалық өсуді қолдауға бағытталған ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту.
Министр мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке басымдық беріліп отырғанын айтты. Емханалардың 65 пайызы 85 жылға дейін салынғанын алға тартты Елжан Біртанов. Оларды қалпына келтіру үшін 1 трлн теңге керек деді. Қазір мемлекеттік жеке әріптестік арқылы инвестиция тарту жұмыстары қолға алынған. Министрліктің ендігі бір маңызды жұмысы - дәрі-дәрмек бағасын реттеу.
Зәуреш Аманжолова - ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, партия кураторы:
- Осы жүйенің ең бір проблемалы жағы ол дәрі-дәрмек бағасы. Біздің алдымызға қойған мақсатымыз - бөлшектік сауда. Қазіргі дәріханалардағы дәрілердің бағасын қадағалау. Ол әрине, оңай емес. Қыркүйекке қарай дәрі-дәрмек бойынша заң жобасы келеді. Сонда ол сұрақ қарастырылады деп ойлаймын.
Партиялық тыңдау барысында министр Елжан Біртанов «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруда 34 көрсеткіштің 30-дан астамы орындалғанын айтты. Мәселен, өмір сүру ұзақтығы, халық денсаулығының индексі, тұрғындардың медициналық көмек сапасына қанағат деңгейі бойынша оң өзгерістер байқалады», - деп жетістіктерін тізді министр.
Сондай-ақ, іс-шара барысында елімізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі маңызды реформаның мән-маңызы жан-жақты талқыланды. Бұл тақырып бойынша Қор жетекшісі Елена Бахмутова арнайы баяндама жасады. Партиялық тыңдау кезінде жасалған ұсыныстардың барлығы тиісті органдарға жолданады. «Денсаулық» бағдарламасы әр қазақстандық үшін аса маңызды бастама болғандықтан оның жүзеге асырылуы партияның қатаң бақылауында қала бермек.