Жаңалықтар

Өз баласынан таяқ жейтін қарттарды кім қорғайды?

ашық дереккөзі

Өз баласынан таяқ жейтін қарттарды кім қорғайды?

Қазынасындай қадірлеуі тиіс қариясына қол көтеретіндер неге көбейіп кетті? Басқа емес, бауыр еті баласынан таяқ жейтін қарттарды кім қорғайды? Жекеменшік қарттар үйін жағалайтындар кім? Әжібек Молдабаева. 75 жаста. 10 баланың анасы. Ақтөбе облысы, Хромтау ауданына қарасты, Табантал деген ауылда тұрған екен. Бірақ кенже ұлымнан зәбір көрдім деп, Ақтөбедегі қызының қолына қашып келіпті, деп жазады 31 телеарна. Айтуынша, осы күнге дейін зейнетақысын алып келген келін-баласы, ауылдағы үйін де өз аттарына аударып алған көрінеді. Енді ай сайын алып отырған ақшадан айырылып қалғандар, аналарын қызының үйінен алып қашып кетпекке, аңдып жүрген көрінеді. ӘЖІБЕК МОЛДАБАЕВА, зейнеткер: - Алып кетем мен, қапшыққа салып деп мені. Зәрем ұшады, мыналарға айтам, мені кілттеп кетіңдер деп. Алла сақтасын, мынау нағыз бандит болды ғой мынау. Қазірдің өзінде далаға шығудан қорқып қалған Әжібек әже, кенжесінің қолында өмір сүрген қиын күндерін қайталағысы жоқ. ӘЖІБЕК МОЛДАБАЕВА, зейнеткер: - Мына құлағымдағы сырғама дейін алып алды. Артынан қызым әкеліп, оны түнде құлағымнан шешіп алды келінім. Ал, Алматыдағы қарттар үйінің тұрғыны Айып Байғұлов болса, туған қызы мен күйеу баласынан таяқ жеп, үйінен қашып, қарттар үйінен пана тапқанын айтады. Қарияның сөзінше, зейнеткердің ақшасымен күн көрген қыз-күйеу балаға, бұл кісінің "өз күнімді өзім көрейін" деген сөзі жақпаған. "Күйеу балам бес сағат бойы ұрды" дейді Айып ата. Сондай-ақ, тісін жөндетуге зейнетақымды жұмсаймын деген сөзі үшін де, соққыға жығылыпты. АЙЫП БАЙҒҰЛОВ, ардагерлер үйінің тұрғыны: - Күйеу бала екеуі жабылып, соқты ғой. О кезде мен пенсияға шықтым ғой. Шалмын, тістің бәрі түсіп қалды. Қол қоям қағазға, қызым алады ақшаны. ГАЛИНА БУРМАТОВА, қарттар мен мүгедектерге арналған пансионат жетекшісі: - Жақындары бас тартқан он шақты қария бар. Ол кісілерге көмек тегін көрсетіледі. Жалпы, біздің пансионатта 40-қа жуық қарт тұрады. Басым бөлігінің күтімі үшін, балалары қаражат төлейді. Біз ол кісілерді демеушілер дейміз. Альсгеймер синдромы мен паркинсон ауруына шалдыққандар және инсульттан соң, жүре алмай қалған науқастар да бар. ГАЛИНА БУРМАТОВА, Қарттар мен мүгедектерге арналған пансионат жетекшісі: - Альтсгеймер ауруын айтады ғой, интеллегентті адамдардың ауруы деп. Сондықтан біздің пансионатта бірді-екілі болмаса, басым бөлігі дәрігерлер, бухгалтер, әкімшілік қызметкерлері. Қарттар үйлерінде жатқан зейнеткерлердің басым бөлігі бір кездері қызметте болған адамдар екен. "Балаңызды алтынмен аптап, күміспен күптесеңіз де ол барлық пен байлық - балаңыздың маңдайынан сүйіп, "балапаным" деген ықыласыңыздың орнын баса алмасы анық. Ата-анасы бақытты болса, баласы да бақытты". Бала тәрбиесі туралы жіті зерттеп жүрген шетелдік ғалымдардың пікірі бұл. Қазақ мұны "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деп бір ақ ауыз сөзбен түйіндей салған.