Кәсіптің көзін тапқандар

Кәсіптің көзін тапқандар

Кәсіптің көзін тапқандар
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндіру ісі қолға алынды.  Тұт егіп, жібек құртынан мата шығару ісіне машықтанған кәсіпкер Сұлтанбек Бәкіров жергілікті тұрғындарды аталған кәсіпті игеруге үйретіп жүр. Биылдың өзінде ол 600 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. «Тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашуға болады. Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1 млн теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік мол. Егер оған қоса жібек құртын өсіріп, өнім өндірсе, тағы 1 млн теңге пайда көруге болады. Тек ерінбей еңбек ету керек. Егер бұл өлкеде осы кәсіпті жаппай қолға алатын болсақ өнімдерімізді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады.  Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары», – дейді  Сұлтанбек Бәкіров. Кәсіпкер аудан басшылығымен келісім нәтижесінде 55 гектар жер алып, соның 20 гектарына 140 мың түп тұт көшетін егіп, жібек өндірумен айналысып келеді. Әр гектардан 50 тоннаға дейін жапырақ өндіріледі. Жапырағын жылына төрт рет жинауға болатын тұттың бұл сортын қандасымыз шетел ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау нәтижесінде ойлап тапқан. Жапырағы мол жаңа өнімге «Нұрлы жер» деген  атау берілген. Өсімдіктерді будандастыру нәтижесінде мол өнім беретін аталмыш тұт ағашы көктемгі суыққа өте төзімді.  Жапырақ жеуден басқаны білмейтін мыңдаған жібек құрты бастапқыда  кішкентай 40 грамдық қораптарға салынып өсіріледі. Ұсақ жібек құрттарының бастапқы салмағы 30-40 грамнан аспайды. Түлеген сайын, қабықтарын тастап,  70 есеге дейін үлкейеді. Әзірге кәсіпкер жапырақтың бір келісін 20-22 теңгеден қабылдап жатқанын да жасырмады. Сол жапырақтармен қоректенген жібек құрты өңделмеген  жібек шығарады. Оны жіпке айналдырып, тоқыма жұмыстарын жүзеге асырып отырған кәсіпкер өз өнімдерін еш қиындықсыз саудаға шығаруда. Бұл кәсіппен айналысушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазақстанда жасалған жібектен тігілген киімдер қазіргі заманның киімдерімен де үйлесім тапқан. Қанық түсті, әдемі өрнектелген маталарды көбінде ұлттық киімдерге жиі пайдаланады.

Шымкент кашемирі: түбіт&топс

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер жөніндегі жиында Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетов «Іскерлік климатты қалыптастыруда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Яғни, ел аумағында үздік үштікке енеді» деген баға берді. Жалпы, «Шымкент-Кашемир» ЖШС өндіретін тауардан хабардарсыз ба? Кәдімгі жұрт қызығып киетін «кашемирден жасалған» өнімдер осы мекемеде өндіріледі. Кашемир деп отырғанымыз, қазақы қой мен түйе жүнінің түбіті. Топс дегеніміз – жіп иіруге қажетті шикізат. Қазақстанда түбіттен және жүннен, топстан жасалған бұйымдардың өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын әзірге Шымкентте ғана. Таразда топс тоқымасын өндіретін цех ашылды да, белгісіз себептермен жабылып қалды. «Шымкент-Кашемир»-дің ашылғанына бар-жоғы бес жылдың көлемі болса да, жылына 400 тонна түбіт өңдеуге қауқарлы. Ал осы кәсіпорынды  ашып, аяғынан тұрғызған Шағанбек Қанжарбайұлы Қазақстанда соңғы жылдары кәсіпкерлерді қолдауға байланысты қабылданған бағдарламалардың шапағатын көріп жатқанын айтады. Ол «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан кәсіп бастауға 3 гектар тегін жер алып, табыс және мүлік салығынан босатылған. Бүгінде мемлекет тарапынан осындай көмек пен қолдауға ие болған кәсіпкердің кәсібі кеңейіп, өркендеп келеді. Кәсіпкерлік саласында тыңнан түрен салған Шағанбек Қанжарбайұлының айтуынша, Қазақстанда түбіт тарау кәсібі бұған дейін болмаған. «Алғаш рет біз Қытайдан құрылғы әкеліп, жүн тарап, түбіт алып жатырмыз. Оның үстіне істі игерілмеген кәсіптен бастағым келді. Қытай түбіт тараудан дүниежүзі бойынша алдыңғы орында. Олардың станогы мен құрылғылары да жұмыс істеуге өте қолайлы. Ешкінің жүнін қабылдап, түбіт тарадық та, оны Қытайға экспорттадық. Кейіннен елімізде кездесетін меринос қойдың жүнінен топс тоқымасын жасауға болатынын білдік. Топстан жіп иіреді. Бұған еуропалықтар қызығып келе бастады. Меринос қойдың жүнінің сапасы жақсы емес екен. Кавказдан асыл тұқымды қошқарлар әкелдік те, жергілікті қоймен будандастырдық. Осыдан соң жүннің сапасы жақсара бастады. Нағыз қазақи қойлардың қылшығының арасында түбіт болады. Майда жүннен түбітті бөліп аламыз», – дейді кәсібінің қыр-сырына үңілдіріп. Сондай-ақ, ол кәсіпті жаңадан бастап жатқан әріптестеріне өз тәжірибесінен ақыл-кеңестер айта кетті. «Кәсіп нысанын асықпай, әбден зерттеп алу керек. Қытайда бір зауыт түбіт тараса, тағы бірі жүн жуады. Ал біз осының барлығын бір жерде өндіреміз. Мұны ұзақ уақыт бойы мұқият зерттедім. Қытайдың түбіт пен топс шығаратын барлық зауытын араладым, салыстырдым. Алғашқыда біз жүн жуатын бір ғана цехтан бастадық. Кейіннен жүн сорттайтын, жуатын, тарайтын, топс жасайтын, көрпе мен киім тігетін қосымша 4 шеберхана салдық. Алдағы уақытта жіп иіріп, бояйтын және кілем тоқитын цех ашу жоспарда тұр» дегенді айтады. Бүгінде кәсіпорындағы 5 шеберханада 33 станок орнатылған. Мәселен, топс цехында 18 станок бар. Бір адам бір мезгілде 4 станокты қатарынан игеріп, жұмыс істей алады. Зауыттың жұмыс барысына тоқталсақ, алдымен Қазақстанның әр аймағынан әкелінген жүндер сұрыпталады. Одан кейін жүн жуатын станоктарға салынады. Жуылып біткеннен соң келесі станокта жүн таралады. Қылы бөлек, түбіті бөлек шығарылады. Қылынан матрас, түбітінен көрпе жасалады. Айтпақшы, кәсіпорын кашемир мен топс өндіруден басқа теңіз бетіндегі мұнайды сорып алатын киіз шығаруды да қолға алған. Әсіресе, «Қытай Мұнай Компаниясы» киіздің осы түріне тапсырыс береді екен. Сол сияқты алдағы уақытта қазақ киіз үйінің киізін,  түйе жүнінен көрпе, көрпеше, жамылғылар, матрастар, трикотаждан әйелдерге арналған пальто, жемпір, кеудеше, балаларға аяқ киім тігуге кіріспекші. «Себебі мұның бәрі – халыққа пайдалы отандық өнім. «Шымкент-Кашемир» ЖШС-і өңдеген түйе жүнінен жасалған көрпенің сапасы талапқа сай келеді. Тігетін көрпелерге тек табиғи шикізат – меринос қойдың жүні мен түйенің түбіті салынады. Жамылғы, сонымен қатар матрастың ішіне де түбіттер салып шығардық. Сапасы жоғары, мінсіз тігілген көрпелер «Қазақтың ұлттық көрпесі мынадай!» деп мақтана көрсетуге лайықты», – дейді «Шымкент-Кашемир» ЖШС басшысы. Расында да, түйе жүні көптеген ауруға ем. Ата-бабаларымыз түйе жүнін, соның ішінде шудасы мен жабағысын әр түрлі сырқаттарға және сары су жиналған жерлерге басып емдеген. Түйе жүнінен жасалған белдікпен құяңды емдейді. Сондай-ақ, түйе жүнінен жасалған көрпе суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие. Жас балаларға түйе жүнінен тоқылған шұлық кигізіп, көрпесін жамылдырса, суық тимейді. Адам температурасын бір қалыпта ұстайды. Денеге қыста жылы, жазда салқын тиеді, оны жамылған адам шілденің аптап ыстығында да терлемейді. Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жейделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Тағы бір айта кетерлігі, жақында кәсіп-орыннан Италияға топс топтамасы жіберілді. Жапония мен Израиль де қызығушылық танытқан көрінеді. Алайда әзірге тапсырысты қанағаттандыруға кәсіпорынның әлеуеті жетпей жатқан жайы бар. Ал кәсіпорын бұл үдеден шығу мақсатында тоқыма және жүн кәсібін жан-жақты меңгеру үшін мамандарды Қытайға жіберді. Тағы біразы Италияда оқып келді. Бұл өз кезегінде фабриканың алға дамуына үлкен септігін тигізеді.

Ниет болса, кәсіпті бастау оңай

Отбасының ырыс-берекесiн сақтап, қолға алған кәсiбiн кеңейтiп, әр iсiн тыңғылықты жүргiзетiн кәсiпкер әйелдер елiмiзде жетерлiк. Қабiлетi мен қарымы, ой-өрiсi мен iскерлiгi, еңбекқорлығы  оларға қай iстi болсын «ұршықша үйiрiп» әкетуге мүмкiндiк бередi. «Перизат» фермерлiк шаруа қожалығының иесi Перизат Оразбаева зейнет жасында болса да, атакәсібі – мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Төлеби ауданы, Қоғалы ауыл округi, Алшалы ауылынан үй сатып алып, ауылдың өміріне қызыға қарап жүретін ол әуелгіде сүтті де, қымызды да сатып алғанын айтады. Бірде оған мал өсіріп, сүт өндіру ісін неге бастамасқа деген ой келеді. Сөйтіп, бір сиыр сатып алып,  оны кейіннен 5 асыл тұқымды сиырға көбейтеді. Содан кейін Перизат Оразбаева «Ырыс» микрокредиттiк ұйымынан  үш рет несие алып, мал санын арттыруға белсене кіріседі. Қазiргi таңда 104 iрi қарасы бар, оның төртеуi бұқа. Сонымен сүт және ет сату бағытында жұмыс бастаған шаруа иесі 2013 жылдан берi «Фудмастермен» келiсiмшартқа отырады. «Олар бiздiң үйдiң ауласына 1 тонна 200 литрлiк тоңазытқыш  қойып кеткен. Кейде сиырлар суалғанда сүт аз болып қалады. Сондай бiр күнi ауыл тұрғындарының сүтiн неге қабылдамаймын деген ой келдi. Бiрден «Сүт қабылдаймын» деген хабарландыру iлiп қойдым. «Фудмастер» де бұған қарсылық бiлдiрген жоқ», – дейді Перизат Оразбаева. Оның айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын жылыжай салынсын деген жоғарғы жақтың талабы бойынша Төлеби ауданы әкiмдiгiнен өтiнiш түсiптi. «Ырыс» микрокредиттiк ұйымынан несие алып, 6 боксты жылыжай салынып, ол үш жыл жұмыс iстедi. «Тонна-тонна қызанақ алдық. Алайда су тапшылығынан қатты қиналғандықтан, оны тоқтаттық. Осыдан екi-үш жыл бұрын «Бурводстрой» мекемесiмен келiсiмшарт жасап, құдық қаздырғанда  су 130 метр тереңдiктен  шықты. Алланың құдiретi шығар, құдықтың iшiне  құбыр тастағанда,  насоспен тартпай-ақ  су өз бетiнше сыртқа ағып шықты. Ауылда суды күнiге екi сағат қана беретiн. Ал бiзде тәулiк бойы су толассыз ағатын болды.  Арғы жақтағы 15 гектар жерiмiзге көкөнiс дақылдарын егудi мақсат етiп, былтыр дәл сондай екiншi құдықты қаздырдық. Екi құдыққа 5-6 миллион теңге қаражат жұмсалды. Есесiне жергiлiктi тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етiп отырмыз. Мұның өзi үлкен сауап тiрлiк екенiн бiлемiн», – дейді Перизат Әуелбекқызы. Ал  шаруа қожалығында тағы 100 қой бар. Кәсіпкер қораны үлкейтiп, 10 сауынды бие алдырып, алдағы уақытта  саумал iшiп, демалатын орын ұйымдастыруды мақсат етiп отыр. Бұдан бөлек, осынау екi жарым гектар жерде мал шаруашылығынан басқа, бау да өсiрiлуде. Жаңғақ, алма, айва, қара өрiк дейсiз бе, бәрi бар.  Өзi қалада тұратын Перизат апай бүгiнде жергiлiктi 10 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етуде. Оның үстiне ауылдардан сүт әкелiп өткiзетiн 40-50 адам да кәсiпкердiң арқасында тұрақты табысқа қол жеткiзiп жүр. «Кейде халықтан көмек сұрап, жылап жатқан келiншектер жайында басылым беттерiнен оқимыз. Кезiнде базарда картоп, пияз сатқан күндерiм де болған. Көтерме бағада алып, үстiне қосып сатамын. Оған еш намыстанған жоқпын. Есесiне жағдайым жақсы болды, қалтамда күнделiктi жарататын ақшам бар. Жұмыс жоқ деп жылап отырған әйелдерге таң қаламын. Адам кез келген пайдалы жұмыс көзiн тауып  iстеуi керек. Сөйтiп, бала-шағасын асырағаны жөн. Өздiгiнен әрекет жасамаса қайта-қайта кiм бере бередi? Кезiнде алдымда қаншама қиыншылықтар кездестi, солардың барлығын жеңе бiлгенiме,  осы күнге жеткенiме  iштей қуанамын, шүкiршiлiк етемiн», – дейдi кәсiпкер.

Голландиялық тәсілді қолай көрген...

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылында «Тұрар» шаруа қожалығы осымен бесiншi жыл қатарынан пияз егумен айналысады. Шаруашылық төрағасы Юрий Ан шетелдiң «Семенс» фирмасының сапалы тұқымына таңдау жасапты. Қожалықтың меншiгiнде 9 техника бар. Барлығы да Түркия, Германия, Беларусьта шығарылған заманауи озық тракторлар мен агрегаттар. Диқан голландиялық тәсiлмен егiн егедi, топырақты да жаңаша әдiспен өңдейдi. 286 гектар егiстiктiң бар болғаны 40 гектарын пайдаланады. Қалған алқаптың игерiлмеуiнiң басты себебi бiреу ғана. Ол – су тапшылығы. Осыған байланысты бұл мәселенi жергiлiктi әкiмдiкте көтерген. Диқанның пiкiрiнше, су тапшылығынан құтылудың ең тиiмдi жолы – сусорғы стансасының қуатын арттыру. Ол үшiн Шардара ГЭС-iнен электр желiсiн тарту керек. Қазiр ол 40 гектар егiстiк алқабын дизельдi сусорғының көмегiмен суландырады. Егер сусорғы стансасының қуаты артатын болса, егiстiк жердi 100 гектарға дейiн игеруге мүмкiндiк туатын көрiнедi. Ю.Ан егiн егуде тамшылатып суару әдiсiн кеңiнен қолданады. Десек те, бұл технология су жетiспеушiлiгi мәселесiн толықтай шешiп бере алмай отыр. Сондықтан жоғарыда айтылған ұсыныстың жүзеге асуын күткен диқан келешекте судан ешқандай тапшылық көрмейтiн болса, өнiмдiлiктi де екi есеге арттыра түсетiнiне сенiмдi. Былтыр диқан 31 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгiзiптi. Бұл iсте Израильдiң құрылғыларын қолданған. Өйткенi осы әдiстi ең алғаш ойлап тапқан Израиль елi болғандықтан тамшылатып суару құрылғылары да сапалы болатынына сенедi. Жалпы, Ю.Ан әлемде қандай заманауи озық технология болса, мiндеттi түрде соны қолдану керек деп санайды. Бұл оның ұстанымы.  «Арзанға сатып алатындай соншалықты бай емеспiн» деген қағидамен өмiр сүретiн адаммын. Бiз ақпан айында пияз егудi бастадық. Жұрттың бәрi бiзге күлдi. Шынымен де күлетiндей жағдай едi. Қыстың суығында, жер әлi тоң боп қатып тұрған кезде кiм егiн ексiн?! Бiрақ бiз де ақымақ емеспiз. Барлығын ойластырып барып осындай қадам жасадық. Себебi, аязға, шөлге төзiмдi болып келетiн шетелдiк «Семенс» компаниясының сапалы пияз тұқымын пайдаландық. Сондықтан әрбiр iсте мүмкiн болғанша ең мықты, сапасы жоғары дүниелердi қолданған абзал», – дейдi Ю.Ан. Ол шаруаларды кооперативтерге бiрiктiруге орай қолға алынып жатқан шараларды қолдайтынын жеткiздi. Бүгiнде кооперация туралы арнайы заң бар, осы мақсатқа байланысты қыруар қаржы да бөлiнуде. Алайда диқан ең алдымен шаруалардың өзi оған моральдық тұрғыда дайын болу керектiгiн айтады. Әрине, әрбiр шаруа кооперативке бiрiкпес бұрын әуелi өзiнiң бас пайдасын бiрiншi кезекке қояды. Сондықтан жер мен техниканы бiрлесiп пайдалану мәселесiнде терең түсiнiстiк қажет. Ең дұрысы, шаруаларды әбден қалыптасып үлгерген үлгiлi шаруашылықтардың аясына топтастыру керек. Кооперацияның басты мақсаты – жалғыз ғана бiрiгуде емес, жердi тиiмдi игеру мен шаруашылықты дұрыс жүргiзуде жатыр дейдi. «Тұрар» шаруа қожалығын әу баста төрт шаруа бiрлесiп құрған екен. Мұнан бөлек оның мүшелiгiнде тағы үш адам бар. Олар: бас механик, агроном және шаруашылықтың өнiмiн Ресейде сатқан сол елдiң кәсiпкерi. Диқанның айтуынша, отандық өнiмнiң сапасына әбден көз жеткiзген ресейлiк бизнесмен «Тұрар» шаруа қожалығына қосымша инвестиция құйып, түскен табысынан үлес алып отыруды ұйғарыпты. Ю.Ан бизнесте шетелдiк инвестиция ешқашан артықтық етпейтiнiн, қайта осының арқасында шаруашылықтың айналым қаражаты еселене түсетiнiн қуанышпен жеткiздi. «Кооперация туралы заңда шаруалар тек қана жер, техника және өзге де мал-мүлiктерiмен бiрiксiн деген ешқандай шарт айтылмаған. Сондықтан интеллектуалдық меншiк иелерi де шаруашылықтың мүшелерi атанып, табысына ортақтаса алады. Себебi оларда капитал болмағанымен, өздерiнiң ақыл-ойымен шаруашылықтың дамуына айрықша үлес қосады. Мамандары мықты кез келген кәсiпкерлiк нысан өркендеп, алға қарай жылжиды», – дейдi ол.