Кеңесіп пішкен тон келте болмас
Кеңесіп пішкен тон келте болмас
Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдында министрліктің 2016 жылы атқарған жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді.
Министр орталық мемлекеттік орган атқарып жатқан негізгі бағыттарға тоқталды. Олардың қатарында индустриялды даму, экономиканы технологиялық модернизациялау, инвестиция тарту, экспортты ілгерілету, инновацияны дамыту, геология мен жер қойнауын пайдалану, еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сонымен қатар «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бар.
«2016 жылы министрлік 3 салалық заң жобасын әзірледі. Бұл әуе кеңістігін пайдалану мәселесі бойынша Заң және стандарттау жөнінде 2 заң жобасы. 388 қосымша заң актілері әзірленді. Оның ішінде111-і Үкіметте қабылданды, 277 бұйрық шығарылды (әділет органдарына тіркелді). Бұл қоғамның, кәсіпкерлік субъектілер мен азаматтардың тиімді қызмет етулеріне жағдай жасауда министрлік жетекшілік ететін жеке салаларда нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Биыл министрлік бірқатар нормативтік-құқықтық актілер әзірлеуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында экспорттық бақылау, көлік, тұрғын үй құрылыс кооперативтері мен тұрғын үй қызметін ұйымдастыру туралы, «Арнайы экономикалық және индустриялды аймақтар туралы» жаңа заң жобасы бар. Сонымен қатар, инвестиция мен көлік салалары бойынша 11 халықаралық келісімді ратификациялау қарастырылған. Сондай-ақ, министр қоғамдық кеңес мүшелеріне 2016 жылы министрліктің стратегиялық жоспарының орындалуы туралы да айтып берді. Қоғамдық кеңес төрағасы Александр Андрющенконың айтуынша, бүгінгі күні ҚР ИДМ Қоғамдық кеңесінің 14 отырысы өткен. Отырыс қорытындысы бойынша стратегиялық маңызды құжаттар бүге-шігесіне дейін қаралды. Олардың қатарында министрліктің 2014-2018 жылдарға арналған Стратегиялық жоспары, 2016-2018 жылдарға арналған Бюджеттік бағдарлама, ҚР 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары, 2015-2019 жылдарға арналған ҚР Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы сияқты жобалар бар.
Бұдан бөлек Қоғамдық кеңес құқыққа, азаматтардың міндеттері мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық акт жобаларын әзірлеу мен талқылауға атсалысады. Жалпы, кеңес 490 нормативтік-құқықтық акт жобаларын қарады. Биыл Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен Астана мен Алматы қалаларында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасының қоғамдық тыңдалымы өтті. Мұның аясында Кодекс жобасына енгізілуі көзделген негізгі концептуалды жаңалықтар жария етілді. Қоғам өкілдерінің пікірлері тыңдалды. Тиісті ұсыныстар қаралып, қазіргі уақытта жобаны одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Еуразиялық экономикалық одақ: Астана әуежайы жетекші хабқа айналмақ
Кеше Астана әуежайында Астана-Ереван әуе рейсінің ашылуына арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Онда БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ластаев пен ҚР ИДМ Экономикалық интеграция департаментінің директоры Ерлан Абсатов жауап берді. Аталмыш жиында сөз алған Талғат Ластаев Бірыңғай экономикалық одақ құрамындағы Армениямен тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығына тоқталды. «Астаналардың өзара әуе қатынасы арқылы байланысуын қамтитын бағдарлама бар. Бүгін біз көлік министрлігі деңгейінде және одаққа мүше мемлекет басшылары деңгейінде талқыланған бұл бағдарламаны жүзеге асырып отырмыз. Астана-Ереван әуе рейсі Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық процесінде, ЭКСПО-2017 көрмесіне көптеген туристер тартуда екі мемлекетті одан әрі жақындастыра түсетін болады», – деп атап өтті Т.Ластаев. Сондай-ақ, Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің алдында 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын 4 есеге арттыру міндеті тұрғанын айтты. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. «Ашық аспан» пилоттық режимі отандық әуе компанияларды дамытуда, шетелдік тасымалдаушылармен ынтымақтастықты нығайтуда үлкен көмек болды. «Әуежай қуатын 2,5 есеге арттыратын жаңа терминалдың атқаратын жұмысы қауырт болуы тиіс. Астана қаласының әуежайы Еуразиялық кеңістік территориясында жетекші хабқа айналуы керек. Біз осы мақсатқа қол жеткізуіміз қажет», – деді Талғат Ластаев. Экономикалық интеграция департаментінің басшысы Ерлан Абсатовтың айтуынша, көлік саясатын үйлестірудің негізгі бағыттары айқындалып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен көлік саласы бойынша ынтымақтастықты 2016 жылдың 26 желтоқсаны күні Санкт-Петербург қаласында мемлекет басшылары бекіткен болатын. «Қабылданған құжатқа сәйкес, 2025 жылға қарай ортақ көлік қызметі мен бірыңғай көлік кеңістігін құрамыз. Астана-Ереван рейсінің ашылуы интеграциямен айналысатын біз үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді. Бүгіннен бастап біздің қала барлық Еуразиялық экономикалық одақ астаналарымен авиациялық қатынас орнатты», – деді Е.Абсатов. Еске сала кетейік, биыл 11 ақпан күні Цахкадзор (Армения) қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің құзыретті орган жетекшілерінің кеңесі өтіп, онда екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттілігі айтылған болатын. SCAT әуе компаниясының хабарлауынша, Ереванға тікелей рейстер 31 мамырдан бастап әр сәрсенбі және сенбі күндері Boeing 737 әуе кемесімен орындалатын болады. Билет құны екі жаққа да 73 мыңнан астам теңгені құрайды. Жолға кететін уақыт – 3 сағат 30 минут.Тұрғын үй мәселесін бірлесіп шешеді
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) арасындағы «Тұрғын үй комуналдық шаруашылығы саласындағы орта және шағын бизнесті дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыруға арналған тұрғын үй қатынастарының жүйесін жетілдіру» атты бірлескен жобаны іске асыру туралы Келісімге қол қойылды. Жобаның мақсаты – тұрғын үй қорын басқару және күтіп-ұстауға шағын және орта бизнесті тарту арқылы тұрғын үй комуналдық шаруашылығы секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады. Елімізде қазір шамамен 80 мың көппәтерлі тұрғын үй ғимараттары тіркелген. Ғимараттардың 1/3 бөлігі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Көптеген ғимараттар жылумен қорғаудың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты терможаңғыртуды талап етеді. Шағын және орта бизнес осы мәселелерді шешудің локомотиві бола алар еді, алайда бұл салаға айтарлықтай назар аударылып отырған жоқ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әсіресе оның сегменттерінің бірі – көппәтерлі тұрғын үй қоры – бұған дейін коммерциялық инвестициялар үшін пайдаланылмаған болашағы бар нарық іспеттес. Алайда бұған тиісті нормативтік-құқықтық және институционалдық жабдықтау қажет. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰДБ арасындағы бірлескен жаңа жоба – тұрғын үй заңнамасына қажетті өзгерістерді, толықтыруларды әзірлеумен, тұрғын үйлерді кәсіби деңгейде басқаруға ауысу үшін жағдай жасау және секторға инвестицияларды тартудың әртүрлі механизмдерін сынақтан өткізумен айналысуды жоспарлап отыр. Осы мәселелерді шешу қалалардағы және тұрғылықты елді мекендерінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрғын үй комуналдық шаруашылығы жүйелерінің тұрақты қызмет етуіне, тұрғын үй секторындағы энергия тиімділігін ілгерілетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады. Инвестициялар және даму министрлігі мен БҰҰДБ арасындағы бірлескен жоба 2018 жылдың аяғына дейін іске асырылады. Жобаның жалпы бюджеті 650 млн теңгеден асады. Аталған жоба, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған, ал қабылданатын шешімдер тұрғындардың масылдығын төмендетуге ықпал етеді. Бүгінгі таңда тұрғын үй комуналдық шаруашылығы саласы көптеген мәселелерді шешуді талап етеді, оның ішінде: үйдің кондоминиум объектісі ретінде тіркеуден өтпеуі. Қазір 78 мың көппәтерлі тұрғын үйлердің ішінде 21 мың үй тіркелген, яғни 27 пайыз ғана. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес үйлерді басқару төрт формада қарастырылған. Талдау көрсеткеніндей, бүгінгі күні үйлердің басым бөлігі осы қызметке тікелей қатысы жоқ өндірістік, тұтынушылық кооперативтермен басқарылады. Сондай-ақ, объективті басқарудың болмауы. Көптеген басқарушы компаниялар болашағы бар міндеттерді жоспарлауға тырыспайды, ресурсты үнемдеуге, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүдделілік танытпайды. Тұрғын үй комуналдық шаруашылығы ҚазОрталығы «Бір үй – бір бірлестік – бір есеп-шот» приципі бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісінің пилоттық режимін бастады. Мұндай жағдайда бірлестіктер ретінде пәтер иелері шығады, осы орайда үйді күтіп-ұстауға есеп-шот ашады, бақылау-қадағалау функциясын жүзеге асыратын кәсіпкерлерді тартады. Пилоттық режим Шымкент, Қызылорда, Степногорск және Астана қалаларында басталады. Сонымен бірге, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамының бастамасы бойынша Е-Тұрғын республикалық бірыңғай ақпараттық жүйесі ашылып, ол Egov электрондық Үкіметімен интеграцияланған болады. Аталған жүйе басқару органдарының қызметін бақылауды қамтамасыз етуге арналған кешендік шешім болмақ. Портал «Onlline» режимінде жұмыс істейтін, ол тұтынушылармен өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ететін болады. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын одан әрі дамыту үшін құрылды. Қоғамның миссиясы – нормативтік-құқықтық актілерді және нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру, ақпараттық-сараптамалық қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды іске асыру, коммуналдық кәсіпорындарды оңалту және инновациялық әрі ресурсты үнемдеу технологияларын енгізу, тұрғын үй комуналдық шаруашылығы саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, энергияны үнемдеу мәселелері бойынша тұрғындардың сауатын арттыру арқылы мемлекеттік саясатты іске асыруға көмектесу.Тау-кен металлургия түйткілін талқылайтын алаң
Өткен аптада VIII Халықаралық тау-кен-металлургия Конгресі мен «Astana Mining & Metallurgy» – АММ-2017 көрмесі жұмысын бастады. «ТКМК-ға арналған өсудің стратегиялық драйверлері» атты пленарлық мәжілісте Конгресс делегаттарын Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин құттықтады. Форумның маңыздылығына тоқталып, оның тау-кен металлургиясы кешеніндегі маңызды мәселелерді талқылайтын халықаралық алаң екендігіне екпін түсірген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин: «Мемлекет басшысы тұрақты экономикалық өсу үшін тау-кен металлургия кешенінің дамуына ерекше назар аударады. Соңғы жылдары әлемде тау-кен металлургия өнеркәсібінде оң үрдістер байқалады. Ол базалық металл бағаларының өсуінен, нарықтың жанданып, жетекші өндіруші компаниялардың көпшілігі үшін шығындардың төмендеуінен көрінеді», – деді. «Полиметалл УК» АҚ президенті Игорь Финогенов минералды-шикізат базасының стратегиясы туралы айтты. Қазақстандағы Полиметалл компаниясы қолданыстағы өндірістердің негізінде жаңа жобаларды қаржыландыратын болады. «АММ конгресі біздің компаниямыздың минералды-шикізат базасының артуы үшін нақты қадам болып табылады. Өткен жылы АММ аясында «Қазгеологиямен» меморандумға қол қойдық. Жыл бойы біз олармен өзара байланыс орнаттық. Нәтижесінде биыл біз Қостанай облысында Шекара жаңа учаскесін геологиялық барлауды бастаймыз. Біз биыл тағы да конгреске қатысудан оң нәтижелер күтеміз», – деген Игорь Финогенов процедураны және геологиялық ақпаратқа қол жетімділікті жеңілдетуде мемлекеттік деңгейде өзгерістер барын атап өтті. «Полиметалл» «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексінің жобасын бағалайды, онда геологиялық барлауды ынталандыруға арналған қаржылық-экономикалық құралдардың үлкен пакеті қарастырылған. «Kazzinc Holdings» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Никола Попович бір кәсіпорын аясында төртінші өнеркәсіп революциясы туралы жасаған баяндамасында соңғы жиырма жыл ішінде өндірісті жоспарлы автоматтандыру жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. «Компания Индустрия 4.0 әзірлемесін қолданады: автоматтандырылған датчиктер, есептер жүйесі және өндірістегі қауіпсіздік. Компания өзіне жаңа мақсаттар қойып отыр» дегенді жеткізді. Никола Попович атап өткендей, «қазір компанияның басымдыққа ие міндеті – менеджерлер буынын дайындау, ол технологиялық үдерістің түсінігінде жеткілікті жылжу кезінде цифрлы сауаттылықа ие болады, олар сандық ақпараттар ағынының диспетчерлер рөлін орындауы мүмкін. Ол бізге көптеген деректерден және тәуелділіктерден маңызды, назар аударуға тиіс технологиялық және экономикалық ақпаратты алуға көмектеседі». «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Парамжит Калон «Тау-кен-металлургиялық сектордың мәселелері мен перспективалары» атты өз баяндамасында өндірістегі артық қуаттылықтың болуы импортерлер тарапынан бәсекенің күшеюіне алып келгенін айтты. 2015 жылы дәстүрлі тау-кен игеруші елдердің нарықтық капиталдандыру көрсеткіштері 45 пайызға төмендеді. «Қытай экономикасының өсу қарқынының бәсеңдеуі болат құю өніміне ішкі сұраныстың төмендеуіне алып келді. Қытайдың болат құю кәсіпорындары оның экспортын елеулі арттырды. 2015 жылы ҚХР-да экспорт көлемі 19,9 пайызға өсті және 112,42 млн тоннаға жетті. Тек 2015 жылы қыркүйек айында Қытай экспортқа 11,25 млн тонна шығарды. Бұл әлемдік қара металлургияға нақты ескерту болды», – деп атап өтті Калон мырза. Пленарлық мәжілістен кейін меморандумдарға қол қойылды. Ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және Мәскеу Болат және қорытпа институты қол қояды. Екіжақты түсіністік туралы меморандумды «Инновациялық технологиялар паркі» Автономды кластер қоры, «МАЙКРОМАЙН Орталық Азия» және Metalysis Limited бекітеді.