Еліктеу – ойға кісен, санаға тұсау
Еліктеу – ойға кісен, санаға тұсау
«Түркістан» газетінің өткен санында (25 мамыр, 2017 жыл, №21) «Білімге таппай тура жол» деген тақырыппен мақала жарияланды. Аталмыш мақаланы оқығаннан кейін біраз ойға қалдым. Атын тауып қойған осы мақалада мектеп жүйесіндегі оқушыларға үй тапсырмасын беруге қатысты мәселелер сөз болған екен. Рас, бұл көптен бері айтыс-тартыстың тақырыбы болып келеді. Осыған байланысты көкейде жүрген және мына мақаладан туындаған бірер мәселемен ой бөлісейін деп қолға қалам алып отырмын.
Мақалада автор көтерген көп мәселелерді қолдай отырып, мыналарға назар аударғым келеді. Біз неге тек шетелдік тәжірибелерге сүйенеміз? Қит етсе, «АҚШ-та, Англияда бұлай болып жатыр» деп шыға келеміз. Неге өзіміз мектеп жүйесіндегі осындай мәселелерді арнайы зерделеп, өзіміздегі жағдайды мүмкіндігінше жете білмейміз? Неге Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясындағы ғалымдар қауымына, еліміздегі озат оқытушылар тәжірибесіне жүгінбейміз? Егер олардың жұмысын дұрыс бағыттай алмасақ, не зерттеулері бізді қанағаттандырмаса, сонша кадрды ұстап, бүгін тиын санап отырған жағдайда миллиондап ақша шығындаудың қажеті қанша?
Дамыған елдерге қарап бой түзегеннің артықтығы жоқ. Бірақ кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Біз буржуазиялық жолды таңдаймыз, бірақ өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескеру керек» деген еді. Бұл өсиетті жадымыздан шығармаған жөн. Тәуелсіздік жылдары Білім және ғылым министрі жаңылмасам он төрт рет ауысқан сияқты.
Министрлердің Елбасы сенімін ақтай алмауының үлкен сыры олардың ұлттық құндылықтарымызға салқын қарауында, бәрін шетелден іздеуінде. Білім мен тәрбие туралы ойтұжырымдар сонау әл Фарабиден бастап жетіп артылады. Бірақ оларды менсіне бермейміз. Өйткені ағылшын тілін білеміз, ал әл Фарабиді мамандар 77 тіл білген дейді. Мұстафа Шоқай өзінің 900-ден астам еңбегін он тілде жазған. Шынына келгенде, тіл білу бізге онша таңсық емес. Әңгіме соны пайдалана білуде, Отанымыздың игілігіне жұмсай білуде.
Білім басшылары қызметке келген соң еліміздегі оқу жүйесіндегі жағдайды мүмкіндігінше біліп алмай, дереу шетелден азынаулақ байқағандарын енгізу үшін мол қаржы бөлдіріп, тосын тапсырмалар беруге әуес. Кейде Елбасымыздың тапсырмаларын түсінуге өрелері жетпей, дұрыс аударылмаған «триединство языков» дегенді «үш тұғырлы тіл» деп қабылдап, балабақшаларда, көбісі әлі өз ана тілінде сөйлей алмайтын әлеуметтік ортада үш тілді қатар оқытып келеміз. Енді балалардың көбі не қазақша, не орысша, болмаса ағылшынша таза сөйлей алмайды. Өздері әр тілден естіген сөздерін пайдаланады. Көбіне сөздің мағынасын түсінбей жаттап алады. Ең негізгісі, ұл-қыздарымыздың ұлттық ойлау жүйелері бұзылуда. Бұл – аса қауіпті.
Атақты жазушымыз Жүсіпбек Аймауытов «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген екен. Мұны ұрпақ тәрбиесінде темір қазық етіп алу керек те, өзге замана ұсынған жаңалықтарды өз жағдайымызды ескере отырып қабылдау қажет. Мұстафа Шоқай да «Шетелде оқып, тәрбие алған зиялы қауымның ұлтына пайдасы жоқ, ұлты да оны пайдаланбайды» деген екен.
Біз кеше кеңестік кезеңде орыстың тілін үйреніп қана қойғанымыз жоқ, тілі, діні, ділі бөлек оның тәрбиесін, салт-дәстүрін де қабылдадық. Өйткені коммунистік идеология қазақты кеңес адамы, яғни орыс еткісі келді. Ал ұлы Абайдың жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» дегеніндегі «зарарынан қашық болуға» ойланып қарамадық. Осы «зарардың» зардабын түсінетін уақыт жеткен сияқты. Бірақ құлдық психология көбімізді әлі ойлантатын емес.
Біздің білім жүйесіндегі басшылар өздерінің ұлттық педагогика мен психологиядан, тіпті жастар тәрбиесінен алшақ екендіктерін, Алаш жетекшілерінің бірі, Мұхтар Әуезов «оқыған қазақтардың көсемі» деген Ахмет Байтұрсынұлының өсиеттерінен мақұрым екендіктерін байқатып жүр. Кейбіреулер балалар жас кезінде тілді меңгеруге бейім болады дейді. Алайда компьютерлік қорға арқа сүйеген бала жылдам жаттап алады, бірақ айтып тұрғанының көбін, тіпті, қазақ сөзін түсіне бермейді ғой. Олар естеріне көшіріп алады, бірақ «сканировать» ете алмайды, яғни, тарқатып айта алмайды. Жақында бір отырыста әжесі немересінің ағылшын тілін білетініне мақтанды. Бала дереу бір сөйлемді жатқа айтты. Ал мен не айттың десем, иығын көтерді. Бұл білмеймін дегені еді. Бәлкім, бүгінгі оқу жүйесінде сөздердің мәніне тереңірек бару амалдарын молынан қолданған тиімді болар. Шын білім осылай жиналады.
Сонан соң білім жүйесінде «реформаларға» әуес екеніміз рас. Өйткені оған қыруар ақша жұмсалады. Мақалада жазылғандай, мемлекет білім беру саласына республика қазынасынан соңғы 11 жылда 1 триллион 207 миллиард теңге жұмсаған екен. Осының қайда кеткенін тексерген тиісті мекеме бар ма? Олардың нәтижесі кімге белгілі? Нені қолға ұстап, нені көзге көрсете аламыз? Осы реформалардың артында жеке мүдде жатпасына кім кепілдік бере алады? Бізде миллиардтап ақша ұрлау «сәнге» айналды. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, қазір Қазақстан парақорлық жөнінен әлемдегі 160-тан астам елдің ішінде 122-орын алатын көрінеді.
Ал үйге тапсырманы азайту дегенге қағидатты түрде қарсы болмағанмен, сыныптағы сабақтың сапасы, оқытушылардың білім-білігі, олардың шынайы ұстаздық қабілеттері заман талабына сай келе ме деген де сұрақ жоқ емес. Мұны талдап жатқан кім бар? Қазір орта мектеп жүйесіне де қаржылық қатынас етене енді. Әсіресе, аудан, ауылдық жерлерде мектеп директорларының көбі, оның маңайындағы жақын адамдар «салық» мекемелері жүйесін құрған сияқты. Меніңше, мұғалімдер жүйесіне конкурстар жүйесін енгізу қажет. Тек озғандарына ғана балалар тағдырын тапсыруға болады. Өйткені ертеңгі қоғам бүгінгі жастың қабілетіне, еңбеккерлігі, білімі, адамгершілігі сынды қасиеттерге байланысты болатынын естен шығармаған жөн. Сонан соң оқытушылар кадрын дайындайтын әр облыста болмаса да, аймақтық педагогикалық институттар ашқан дұрыс. Маманның аты маман. Бүгін кейбір сабақтарды кім болса сол беріп жүрген жайлар аз емес.
Біздерде әлі мектептер жүйесі толық қалыптасқан жоқ. Әлі үшінші ауысымдағы оқу түгел жойылған жоқ, сондай -ақ балалардың жетіспеушілігінен кейбір жерлерде аздаған ұл-қыз оқитын шағын сыныптар болса, отыз не одан да астам оқушылары бар сыныптар әр мектепте жиі кездеседі. Мұндай жағдайда оқушыларға сабақ үйрету де, оларға бақылау орнату да қиын екенін өз тәжірибемізден де білеміз. Астана қаласында жыл сайын мектептердің жетіспеушілігінен директорлардың оқушылар қабылдай алмаймыз деген жазуларын да, болмаса әр мектепте жаңадан он шақты сыныптық ұл-қыздарымыз оқуға кірісетінін көріп жүрміз. Шетелдерде, меніңше, жағдай басқаша. Осыларды да ойластырсақ артық болмас еді.
Қорыта келе айтарым, кез келген өзгерісті байыптап, таразы басына салып, көппен ақылдасып алған жөн болады. Терең ойсыз шетелден көргенді Америка ашқандай ұсынып, жұртты мазалай беру орынсыз. Бұл мәдениетті басшылыққа жатпайды.
Шынында да, Білім және ғылым министрлігі бүгінгі талап деңгейіндегі білімге тура жол таба алмай отыр. Ең басты кемшілік – шынайы өмірден алшақтық. Мұның қаншаға созыларын бір құдай біледі.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор