ОҚО шаруалары Ресейге 300 тонна қарбыз экспорттады

ОҚО шаруалары Ресейге 300 тонна қарбыз экспорттады

ОҚО шаруалары Ресейге 300 тонна қарбыз экспорттады
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары биылғы жылдың алғашқы өнімі – 300 тонна қарбызды Ресейге экспорттады. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Хабарламаға сүйенсек, сарыағаштық шаруалар аудандағы қарбыз өсіретін Бозай, Жамбыл ауылдық округтеріндегі 720 гектар егістіктен 170 тонна қарбыздың ерте пісетін сұрыпын жинап, көрші мемлекеттің Магнитогорск және Белорецк қалаларына жөнелтті. Жергілікті қожалық иелері қарбыздың келесі партиясын саудалауға дайындалып жүр. Таяуда 200 тонна қарбыз тағы да еліміздің солтүстік аймақтарына жол тартады деп күтілуде. Жалпы, сарыағаштықтар бақшалықтан өткен жылы 105 мың тонна қауын-қарбыз жиған болатын. Биылғы болжам 120 мың тоннаға жетеді дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары. Ал Сарыағашта бақша өнімдері 4,5 мың гектар алқапқа егілсе, оның 3,5 мың гектарында қауын-қарбыз бапталуда. Оның ішінде 720 гектар танап ерте пісетін қарбыз түріне арналған. Мақтааралдық қарбыз өсірушілер де көршілес аудандағы әріптестерінен қалысар емес. Онда бүгінде 100 тонна қарбыз Ресейге экспортталып үлгерген. Аудандағы «Атамекен» ауылдық округінің диқандары қарбыздың әр келісін 150 теңгеден өткізіп жатыр. Ал жалпы биыл Мақтаарал ауданында 5700 гектарға қарбыз егілген. Шардаралық шаруалардың да бақша өнімдері баршылық. Ондағы Жаушықұм ауылдық округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтті. Шардара ауданы бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше, қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары орналастырылған. Мұның 100 пайызы жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе шыққан шығынның орны толады. Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсіп жатса, 21 мың гектары қарбыз алқабы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының болжамынша, 1 шілдеге қауын дақылы да пісіп, өңір нарқына жол тартпақ. Алдын ала есеп бойынша, биыл да аймақ диқандары 1 миллион тоннаға жуық қауын-қарбыз жинауы тиіс.