Жаңалықтар

Серік Боқан: Қазақ тіліне жирене қараған кісі Қайратты жерге ұрғанына таңғалмаймыз

ашық дереккөзі

Серік Боқан: Қазақ тіліне жирене қараған кісі Қайратты жерге ұрғанына таңғалмаймыз

Қазақ ақыны Серік Боқан Қайрат Нұртасты жерге, Димаш Құдайбергенді көкке теңеген Бибігүл Төлегенованың пікірін қисынсыз деп атады. "Қамшы" порталына жарияланған "Қайрат Нұртасқа тас ату кімге керек?" деген мақаласында ол Халық әртісінің өзін сынға алды. "Қазақтың бұлбұлы, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова Димаш Құдайбергенді көкке, ал Қайрат Нұртасты жерге теңеген болатын. "Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман" дегендей, Қайрат Нұртастың артынан қаңқу сөз қалмай келді. Жас та болса, ерте есейген өнер иесі. Төлегенова апамыз бұл жолы тым қатты айтыпты. Меніңше Төлегенованың солай айтуын қазақ тілі мен рухына қырын қараушылығынан деп қарастырғанымыз жөн", - деген ақын Қайраттың қазақ тілінің дамуына ықпал етіп жүргенін тілге тиек етті. "Шетелдің даңғаза, маңгүрттендіретін әуеніне үйір жастарды Қайрат қазақ өнеріне қайтарды. Талай жыл бұрын Бибігүл Төлегенова Мұхтар Шахановтың жоғарыға тіл туралы жазған қазақ зиялыларының қатарына фамилиям жазылып кетіпті деп шыр-пыр болғаны бар. Онымен қоймай, "орыс тілінде бұрыннан сөйлеп келеміз" деп қазақ тілін керексіз қылғаны ұмытылған жоқ. Өзін әлемге танытқан қазақ әндері екенін ұмытып, қазақ тіліне жирене қарағаны саналы жұрттың есінде. Демек осындай құндылыққа қырын қарайтын ол кісі Қайратты жерге ұрғанына таңқалмаймыз", - деп наразы болды ол. "Бұл жерде Димаштың өнеріне құрметпен қараймыз. Алайда Қайрат эстрада ән сатысының шыңы деп баға беруге болады. Бұл  музыка мамандары мен халықтың берген бағасы. Ол өзге тілсіз, рухсыз әншілерге ұқсамайды, өзгеше даралығы бар. Мәскеуде, орыс жерінде тұрып "Орынбор - қазақтың жері" деуі ерлікпен пара пар. Тілге дегдар болуы, мешіт салдыруы, иман келтіріп, намаз оқуы - жас та болса ақыл, парасатының бар екенін білдіреді. Сын айтушы қазақ тілін керексіз етті, ал Қайрат сол ана тілінің дамуын үндеді. Осында екеуі тең бе? Тең емес. Ақыл адамның жасына емес, басына қонады екен осыған қарағанда. Димаш пен Қайрат бірін-бірі құстың қос қанатындай толықтырып отырады", - деп пікірін білдірді Серік Боқан. Еске сала кетейік, бұдан бірнеше күн бұрын еліміздің бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова Қайрат пен Димашты салыстыруға келмейтінін және Қайрат Нұртастың тыңдамайтынын айтқан болатын.