Жаңалықтар

Биыл елімізде 27 бала суға батып, көз жұмған

ашық дереккөзі

Биыл елімізде 27 бала суға батып, көз жұмған

Биыл алты айдың ішінде 27 бала суға батып, қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті. «Бүгінгі таңда ата-аналарға арнайы жадынамалар, әлеуметтік желілер арқылы нұсқаулықтарды тарату және балалар үшін интерактивті сабақтар өткізу, экскурсиялар мен ашық есік күндерін ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Балалар біздің болашағымыз, біздің байлығымыз деп жатамыз, дегенмен балалардың қатысуымен орын алатын төтенше жағдайлар толастар емес. Жалпы Қазақстан бойынша, биыл 27 бала суға батып кеткен. Бұл негізінен ата-аналардың балаларына салғырт қарауынан орын алып жатады. Мысалы, Алматы облысында бір отбасының үш бірдей жеткіншегі үйдің жанынан ағып жатқан суағар арыққа батып өлді», - деді Р. Иманқұлов.  Осыған орай, комитеттің ресми өкілі бүгін, Балаларды қорғау күні мерекесі тұсында ата-аналарға балаларына сақ болуға шақырды. «Балалар үшін кең тараған тағы бір қауіптердің бірі - өрт. Жыл басынан бері біздің елде, өкінішке орай, өрт кезінде 7-12 жас аралығындағы 10 бала қаза тапты. Тағы 27 бала жарақаттанды. Ол оқиғалардың басым бөлігі ересектердің және ата-аналардың қарауынсыз қалған кезінде болады», - дейді ол.