Қарағандылықтарды бомбамен қорқытқан мұғалім бостандыққа шықты
Қарағандылықтарды бомбамен қорқытқан мұғалім бостандыққа шықты
Дүкенге бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат тараттыдеп айыпталып, екі жылға бас бостандығынан айрылған қарағандылық мектеп мұғалімі Юрий Пак босатылды. Сот оның өтелмеген жаза мерзімінің орнына айыппұл төлеу туралы өтінішін мақұлдаған. Бұл туралы Қарағанды облысы Абай аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап sn.kz хабарлады.
Педагогтың өтінішін сот бүгін түрме қабырғасында қарап, отырысты көп созбастан оны бостандыққа шығарыпты.
"Қарағанды облысы Абай аудандық соты 2017 жылдың 1 маусымында Қарабас ауылындағы АК 159/9 түзеу мекемесінде судья Исабековтің төрағалығымен сотталушы Юрий Пактің өтінімін қарады. Өтінімде сотталушы өтелмеген мерзімінің орнына айыппұл төлеу арқылы, жазаны жеңілдетуді сұраған. Сот отырысында Юрий Пак өзіне тағылған айыпты мойындап, ол үшін өкінетінін айтты. Сот оның өтелмеген жазасы 170 742 теңге айыппұлға алмастырды", - дейді Абай аудандық сотының баспасөз хатшысы Ардақ Жұмашев.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы қамаудан босатылды.
Еске салайық, былтыр қазан айында физика пәнінің мұғалімі Юрий Пак жалған терроризм бабы бойынша 2 жылға сотталып, түрмеге жабылған болатын. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2015 жылдың 14 сәуірінде педагог жұмыс орнында отырып, 102 номеріне хабарласып, Орталық әмбебап дүкенінде бомба бар екенін айтқан. Кейін бұл ақпараттың жалған екені анықталып, мектеп мұғалімі ұсталды.