Шетел ғалымдарының пайымы
Украина тарихшылары ұсынған мәліметте Украинада 3-3,5 млн, Қазақстанда 2 млн, ал Қырғызстанда 2 млн, Ресейде 2,5 млн халық аштықтан қырылған делінген. Алайда сол зұлмат жылдары негізінен аштықтың құрсауына түскен қазақ халқы екенін шетелдіктер де анық біледі. Мәселен, АҚШ ғалымы Сара Камерон: «Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін!» деген мәлімдеме жасаған-ды. «Қазақтың ашаршылығы – жеткілікті түрде зерделенбеген. Біз қазақ бастан кешкен ашаршылық жайында көп жайтты зерттеуге тиіспіз. АҚШ-та «геноцидті зерттеу» қарқынды дамып келеді» деген С.Камерон Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезде жарияланған архивтік материалдардың бірқатарын тізіп берді. Мәселен, Марта Брилл Олкоттың 1981 жылы жарияланған «Қазақстанда ұжымдастырудың басталуы» атты мақаласы америкалық оқырманға қазақ ашаршылығы туралы кеңірек мәлімет береді. «Ұжымдастыру мен ашаршылықты жан-жақты зерттеу үшін Қазақстанда жүргізілген саясатты Кеңес Одағының бүкіл аумағында жүргізілген саясатпен байланыстыра қарау керек. Кремль басшылығы Кеңес одағының әртүрлі аймақтарының мәдени және экономикалық қажеттіліктерінің ерекшеліктеріне назар аудармағаны белгілі. Қазақстан халқын ұжымдастыру кезінде тиісті шаралар қабылдамауын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сталин мен оның маңайындағы топ ұжымдастыру мен ашаршылықтың салдарынан болған апатты аса маңызды мәселе ретінде қарамады. Бұл – империялық биліктің үлкен кінәсі. Сондықтан да осыған дейін белгісіз болып келген нақты жағдайларды ашып, бүгінгі ұрпаққа ашаршылық ақиқатын жеткізу – тарихшылардың биік парызы», – дейді. Бұл зерттеу кейінірек, яғни 1986 жылы Роберт Конксевттің «Қасіреттің жемісі» атты еңбегінің жарық көруіне ықпал етті. Мұны білетіндер кітаптың едәуір бөлігі украиндік голодоморға арналды десе де, әуелі бұл аштық алапаты Қазақ елінен басталғандығына ерекше екпін түсірген екен. Қазақстан тәуелсіздігін алуға батыл қадамдар жасаған 1986 жылы-ақ АҚШ ғалымы ашаршылық туралы зерттеу еңбектерін жариялап үлгерген. Бұл кезде кеңестік өктем саясаттың қазаққа жасаған басқыншыл әрекеттері жайында еңбек жазбақ түгілі, айтқың келетін бірауыз сөзің де амалсыз іште өлетін. Бәлкім, қазіргі қазақ ғалымдары кіре алмай отырған Ресейдің мұрағаттар құлпын батыстың мүмкіндігі мол ғалымдары сол кезде-ақ ашып үлгерген шығар, кім білсін? Бұған Стивен Виткрофт пен Р.Дэвистің 2004 жылы жарық көрген «Аштық жылдары: кеңестік ауыл шаруашылығы, 1931-1933» еңбегін, қазақ ашаршылығын талдаудан тұратын Изабелла Охайонның 2006 жылы, Николла Пианчеллоның 2009 жылы шыққан кітаптарын қосыңыз. Ал «КСРО-дағы ашаршылық: 1924-1934 жж.» Құжатты халықаралық сериясы редакциялық алқасының мүшесі Елена Тюринаның: «1932 жылы ауыл халқы аштықтан қырылып, Қазақстанда өте ауыр жағдай орын алды. Қазақтар Ресей мен Қытайдың көршілес өңірлеріне үдере көшті. Аш-жалаңаш бұқара балаларымен талғажау іздеп, жолдарда шыбындай қырылып жатты. Бұған Қазақстанда қысқа мерзім ішінде жүргізілген ұжымдастыру басты себеп болды» деген пікірі барлық шындықтың түйіні емес пе? Елбасы Н.Назарбаев та сол нәубет жылдардағы тарихтың қара жолағының шынайы беті ашылмағанын айта келе, оның ақ-қарасын ажырату жас ғалымдардың еншісіндегі шаруа екенін талай мәрте қаперге салған. «Ресей, Украина, Белорусь жерлерін қамтыған алапат аштық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Бір белгілісі, сол нәубетте ең үлкен шығынға ұшыраған қазақ халқы. Тек 1932-33 жылдары ең кемі 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшты. Одан бөлек 200 мың қандасымыз жер аударылып кетті. Мұны әлі зерттеу керек. Біз қазір сол кезде есеп-шоты өзіне пайдалы басшылардың есебімен қарап келеміз.1929-1933 жылдардағы аштық қазақтың 40 пайызға жуығын қырып салды. Егер аштық болмағанда, қазір біз 45-50 миллион болатын едік!», – дегенін жұрт жадынан шығара қойған жоқ. Бұл зұлматтың қазаққа әкелген зардабы әлі біткен жоқ. Қазақ өз жерінде азшылыққа айналды. Бір бөлігі мәңгүрттенді. Өзге тәуелсіздік алған елдер тек экономиканы түзеу үшін арпалысса, біз үшін демография, тіл мәселелерін, мәңгүрттікті, құл-құтандық қулықты жеңу де өз алдына өткір тұрды. Айталық, қазақ халқының саны 1911 жылы 8 миллион болды. 1926 жылы ол екі есе күрт қысқарып, 4 миллионға азаяды. Ал 1939 жылы небәрі 2,5 миллион қалды. Бұл статистика қазақтың көзін жоюға ақ патша кірісіп, оны қызыл империя ары қарай жалғағанын да дәлелдейді. Осыдан-ақ КСРО-ның жүйесі өзгергенімен, қазаққа деген пиғылы еш өзгермеген, ал жүргізген насихаты жалғандыққа толы. Ғасыр басындағы қазақ саны туралы ресми дерек болмаған. Ал бұған дейін ғалымдар алапат аштыққа ұшыраған қазақ саны 4,5-5 миллион деп келсе, тек 2010 жылы ғана 1911 жылғы санақта қазақ халқының саны 8 миллион болғанын айғақтайтын ресми дерек табылды. Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, профессор Шолошниковтың 1921 жылы Орынборда шыққан кітабы табылыпты. Онда қазақ халқының саны 1911 жылы 8 миллион болды деп көрсетілген. Демек, бұл дерек қазақ жерінде екі ашаршылық болғанын, ақ патша кезінде де қазақ халқы баудай қырылғанын айғақтайды. Ал ашаршылықты ушықтырған күштеп ұжымдастыру салдарынан қазақтың қолындағы малының алынып қойылуы еді. Егер 1929 жылы қазақтың қолында 40 млн мал басы болса, 1933 жылда одан қалғаны – 4,5 млн, яғни небәрі төрт жыл ішінде мал саны 10 есеге (!) азайған. P.S. 1931-1933 жылдары бір мемлекетке халық болатындай қалың қазақ коммунистік эксперименттің құрбаны болып, қырғынға ұшырады. «Елім-айлап» бауыры езілген көп қандас атамекенінен қашып, бас сауғалады. Сол жазықсыз қырылған бауырлар аман болып, ұрпағы бізбен иін тіресіп отырғанда жалы күдірейген қисапсыз халық болар ма едік бүгінде. Кешегі санамыз тұмшаланған заманда қызыл саясат ұлт басында болған бұл зұлматты жадыдан өшірмек болды. Ес біліп, етек жауып, ел бола бастағанымыздың белгісі болар, тарихымыздың қаралы парақтарын қайта зерделеуге қол жетті. Қазақ үшін ең ауыр Ұлттық қайғы күні жадыны жаңғыртып, жазықсыз құрбандардың әруағына бас иіп, тағзым етсек, соның өзі бір борыштың өтелгені.