Бауыры бүтін қазақ қалмаған 

Бауыры бүтін қазақ қалмаған 

Бауыры бүтін қазақ қалмаған 
ашық дереккөзі
Қазақтың басынан не заман өтпеді десеңізші. Бүгінгі ұрпақтың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін тағдыр тауқыметінен аман қалған қазақ қой бұл! Қазақтың ХХ ғасырда бастан кешкен ашаршылық, үркіншілік, жаугершіліктері, төгілген қаны мен көз жасы есепсіз. Жері қанша кең десек те, соның әр төбесінде үйіліп сүйегі қалды. Демек, 1931-33 жылдардағы бүкіл бір халықтың жартысы опат болған голощекиндік геноцид басты ұлттық трагедиямыз, тарихтағы ең қасіретті мезет.  Осыдан біраз жыл бұрын режиссер Қалила Омаров түсірген «Алашорда» деректі фильмін көріп, жабулы қазан күйінде қалған талай құжаттық деректерге куә болған едік. Сонау алмағайып заманда «бірін қазақ, бірін дос» көрген Алаш зиялыларының «қайтсем, қазақтың күнін жарық етем, бодандықтан азат етем» деген арман-мұраты әрбір жүректе сайрап жатты. Бір түйір нанға зәру боп, аш құрсақ күнелткен халықтың барар жер, басар тауы болмағанда қазақтың маңдайына біткен біртуар, арда азаматтарының «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам...» деп жан алысып, жан беріскенін көргенде көз жасыңа ерік береді екенсің. Себебі кешегі тарихтың шынайы келбеті осы еді. Оның үстіне бізде әлі күнге нақты дерек пен құжаттар негізіне сүйеніп түсірілген фильм де, тұшымды еңбектер де там-тұм ғана. Тарих парақтарында ақтаңдақ ретінде мәңгі жазылып қалған ашаршылық тақырыбына қалам тербеушілер тым аз. Ол ол ма, Алаш қайраткерлерінің ашаршылық нәубеті жайында жазып кеткен дүниелерін де тарихқа ашық енгізбеуіміздің астарында не жатыр? Тарих – бұрмалауды сүймейді. Бүгінгі ұрпақ тек қана шындықты біліп, шынайы тарихты оқуы керек. Осындайда тарихшы Талас Омарбековтің ашына айтқан пікірі еске түседі. «Ашаршылық туралы басқосуда баяндама жасағанда мынандай дерекке тап болдым. 1931-33 жылдары ашаршылықта қырылған қазақтар санын шетелдік ғалымдар 1 млн десе, бір зерттеуші 1,5 млн дейді. Манаш Қозыбаев бастаған топ 1 млн 750 мың адам деп көрсеткен еді. Міне, осындай сандық көрсеткіштер көбейіп кетті. Ал біз 2 млн 200 мыңнан астам деп жүрміз. 1992 жылы Қозыбаевтың басшылығымен Жоғары кеңестің жанындағы комиссияға мүше болып, жасырын қорлармен, мұрағаттармен жұмыс істедік. Комиссияның құрамына тарихшылар, заңгерлер, демографтар кірді. Комиссияның қорытындысы 1992 жылы 22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде «Қолдан жасалған қасірет» атты тақырыппен берілді. Сонда біз 2 млн 200 мың астамнан адам қырылды дедік. Осы көрсеткішке тоқтау керек қой. Мұны оқитын адам жоқ. Тіпті оқулық жазғандар да оқымайды. Әйтеуір 1 млн 700 мың деген цифрдан айырылмай жүр.   Бұл қайдан алынды дейсіз? Әрине, ойдан. Ал біз зерттеген көрсеткіш ұжымдық еңбектің жасаған қорытындысы. Алайда демограф-ғалымдар «Табиғи өлгендерді шығарып тастадық. Сонда 1 млн 700 мың қалды», – дейді. Шын мәнінде табиғи өлімді ашаршылық жылдамдатып жіберген жоқ па? Бәлкім, сол кездегі қарттар ашаршылықтың кесірінен ерте бақилық болған шығар, әйтпесе тоқсан жас жасауы да мүмкін ғой. Енді осыны табиғи өлімге жатқызуға бола ма? Сондықтан табиғи өлім, аштық өлім дегенді тоқтату керек...» деген еді тарихшы мәселенің жұрт білмейтін астарына үңіліп. Шынында да, қашанғы бұрмалауға жол бермекпіз?! Әрине, КСРО-ның мұрагері болып табылатын Ресей сол зұлматты жылдармен байланысты көптеген деректер мен құнды материалдарды құпия ретінде сақтап, жарияламай отырғаны рас. Ал бұрынғы КГБ-дан қалған мұрағаттарға біздің ғалымдарды жолатуы да екіталай. Себебі түсінікті. Кеңестік биліктің аз ұлттарды жер бетінен түп-тұқиянымен жойып жіберу саясатын ұстанғанын біле тұра,сол құжаттарды жарыққа шығарудан тартыншақтайтынымызды кімнен жасырамыз? Қазақтан басқа, қаншама ұлттардың өкілдері ашаршылықтың құрбаны болды. Бүгінде сол зұлмат жылдарда 10 млн адамынан айырылған Украина кеңес коммунистерінің бұл қылмысына «геноцид» деген баға берген. 1998 жылы Украинаның президенті Леонид Кучма Голодомор құрбандарын еске алу күнін бекітіп, содан бері жергілікті халық жыл сайын қараша айының төртінші сенбісінде аштықтан көз жұмған қандастарына дұға бағыштауды дәстүрге айналдырған. Бертін келе, Виктор Ющенконың тұсында мүлде басқаша көрініс алып, «Голодомор – Ресей тарапынан украин халқына мәжбүрлі түрде жасалған геноцид» деген баға берілді. Тіпті, Украинаның бірқатар ұлттық партиялары «Голодоморға деген жауапкершілікті СССР-дің тікелей мұрагері ретінде Ресей мойнына алуы керек» деп өтемақы талап еткен-ді. Ал Украинаның бұған дейінгі президенті Виктор Янукович аштық құрбандарын еске алу күні ретінде 23 қарашаны қаралы күн деп жариялап, бұл күні мемлекеттік ту төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралардың өтуіне тыйым салғанын білеміз. Ал біз ше?

Шетел ғалымдарының пайымы

 Украина тарихшылары ұсынған мәліметте Украинада 3-3,5 млн,  Қазақстанда 2 млн, ал Қырғызстанда 2 млн, Ресейде 2,5 млн халық аштықтан қырылған делінген. Алайда сол зұлмат жылдары негізінен аштықтың құрсауына түскен қазақ халқы екенін шетелдіктер де анық біледі. Мәселен, АҚШ ғалымы Сара Камерон: «Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін!» деген мәлімдеме жасаған-ды. «Қазақтың ашаршылығы – жеткілікті түрде зерделенбеген. Біз қазақ бастан кешкен ашаршылық жайында көп жайтты зерттеуге тиіспіз. АҚШ-та «геноцидті зерттеу» қарқынды дамып келеді» деген С.Камерон Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезде жарияланған архивтік материалдардың бірқатарын тізіп берді. Мәселен, Марта Брилл Олкоттың 1981 жылы жарияланған «Қазақстанда ұжымдастырудың басталуы» атты мақаласы америкалық оқырманға қазақ ашаршылығы туралы кеңірек мәлімет береді. «Ұжымдастыру мен ашаршылықты жан-жақты зерттеу үшін Қазақстанда жүргізілген саясатты Кеңес Одағының бүкіл аумағында жүргізілген саясатпен байланыстыра қарау керек. Кремль басшылығы Кеңес одағының әртүрлі аймақтарының мәдени және экономикалық қажеттіліктерінің ерекшеліктеріне назар аудармағаны белгілі. Қазақстан халқын ұжымдастыру кезінде тиісті шаралар қабылдамауын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сталин мен оның маңайындағы топ ұжымдастыру мен ашаршылықтың салдарынан болған апатты аса маңызды мәселе ретінде қарамады. Бұл – империялық биліктің үлкен кінәсі. Сондықтан да осыған дейін белгісіз болып келген нақты жағдайларды ашып, бүгінгі ұрпаққа ашаршылық ақиқатын жеткізу – тарихшылардың биік парызы», – дейді. Бұл зерттеу кейінірек, яғни 1986 жылы Роберт Конксевттің «Қасіреттің жемісі» атты еңбегінің жарық көруіне ықпал етті. Мұны білетіндер кітаптың едәуір бөлігі украиндік голодоморға арналды десе де, әуелі бұл аштық алапаты Қазақ елінен басталғандығына ерекше екпін түсірген екен. Қазақстан тәуелсіздігін алуға батыл қадамдар жасаған 1986 жылы-ақ АҚШ ғалымы ашаршылық туралы зерттеу еңбектерін жариялап үлгерген. Бұл кезде кеңестік өктем саясаттың қазаққа жасаған басқыншыл әрекеттері жайында еңбек жазбақ түгілі, айтқың келетін бірауыз сөзің де амалсыз іште өлетін. Бәлкім, қазіргі қазақ ғалымдары кіре алмай отырған Ресейдің мұрағаттар құлпын батыстың мүмкіндігі мол ғалымдары сол кезде-ақ ашып үлгерген шығар, кім білсін? Бұған Стивен Виткрофт пен Р.Дэвистің 2004 жылы жарық көрген «Аштық жылдары: кеңестік ауыл шаруашылығы, 1931-1933» еңбегін, қазақ ашаршылығын талдаудан тұратын Изабелла Охайонның 2006 жылы, Николла Пианчеллоның 2009 жылы шыққан кітаптарын қосыңыз. Ал «КСРО-дағы ашаршылық: 1924-1934 жж.» Құжатты халықаралық сериясы редакциялық алқасының мүшесі Елена Тюринаның: «1932 жылы ауыл халқы аштықтан қырылып, Қазақстанда өте ауыр жағдай орын алды. Қазақтар Ресей мен Қытайдың көршілес өңірлеріне үдере көшті. Аш-жалаңаш бұқара балаларымен талғажау іздеп, жолдарда шыбындай қырылып жатты. Бұған Қазақстанда қысқа мерзім ішінде жүргізілген ұжымдастыру басты себеп болды» деген пікірі барлық шындықтың түйіні  емес пе? Елбасы Н.Назарбаев та сол нәубет жылдардағы тарихтың қара жолағының шынайы беті ашылмағанын айта келе, оның ақ-қарасын ажырату жас ғалымдардың еншісіндегі шаруа екенін талай мәрте қаперге салған. «Ресей, Украина, Белорусь жерлерін қамтыған алапат аштық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Бір белгілісі, сол нәубетте ең үлкен шығынға ұшыраған қазақ халқы. Тек 1932-33 жылдары ең кемі 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшты. Одан бөлек 200 мың қандасымыз жер аударылып кетті. Мұны әлі зерттеу керек. Біз қазір сол кезде есеп-шоты өзіне пайдалы басшылардың есебімен қарап келеміз.1929-1933 жылдардағы аштық қазақтың 40 пайызға жуығын қырып салды. Егер аштық болмағанда, қазір біз 45-50 миллион болатын едік!», – дегенін жұрт жадынан шығара қойған жоқ. Бұл зұлматтың қазаққа әкелген зардабы әлі біткен жоқ. Қазақ өз жерінде азшылыққа айналды. Бір бөлігі мәңгүрттенді. Өзге тәуелсіздік алған елдер тек экономиканы түзеу үшін арпалысса, біз үшін демография, тіл мәселелерін, мәңгүрттікті, құл-құтандық қулықты жеңу де өз алдына өткір тұрды. Айталық, қазақ халқының саны 1911 жылы 8 миллион болды. 1926 жылы ол екі есе күрт қысқарып, 4 миллионға азаяды. Ал 1939 жылы небәрі 2,5 миллион қалды. Бұл статистика қазақтың көзін жоюға ақ патша кірісіп, оны қызыл империя ары қарай жалғағанын да дәлелдейді. Осыдан-ақ КСРО-ның жүйесі өзгергенімен, қазаққа деген пиғылы еш өзгермеген, ал жүргізген насихаты жалғандыққа толы. Ғасыр басындағы қазақ саны туралы ресми дерек болмаған. Ал бұған дейін ғалымдар алапат аштыққа ұшыраған қазақ саны 4,5-5 миллион деп келсе, тек 2010 жылы ғана 1911 жылғы санақта қазақ халқының саны 8 миллион болғанын айғақтайтын ресми дерек табылды. Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, профессор Шолошниковтың 1921 жылы Орынборда шыққан кітабы табылыпты. Онда қазақ халқының саны 1911 жылы 8 миллион болды деп көрсетілген. Демек, бұл дерек қазақ жерінде екі ашаршылық болғанын, ақ патша кезінде де қазақ халқы баудай қырылғанын айғақтайды. Ал ашаршылықты ушықтырған күштеп ұжымдастыру салдарынан қазақтың қолындағы малының алынып қойылуы еді. Егер 1929 жылы қазақтың қолында 40 млн мал басы болса, 1933 жылда одан қалғаны – 4,5 млн, яғни небәрі төрт жыл ішінде мал саны 10 есеге (!) азайған. P.S. 1931-1933 жылдары бір мемлекетке халық болатындай қалың қазақ коммунистік эксперименттің құрбаны болып, қырғынға ұшырады. «Елім-айлап» бауыры езілген көп қандас атамекенінен қашып, бас сауғалады. Сол жазықсыз қырылған бауырлар аман болып, ұрпағы бізбен иін тіресіп отырғанда жалы күдірейген қисапсыз халық болар ма едік бүгінде. Кешегі санамыз тұмшаланған заманда қызыл саясат ұлт басында болған бұл зұлматты жадыдан өшірмек болды. Ес біліп, етек жауып, ел бола бастағанымыздың белгісі болар, тарихымыздың қаралы парақтарын қайта зерделеуге қол жетті. Қазақ үшін ең ауыр Ұлттық қайғы күні жадыны жаңғыртып, жазықсыз құрбандардың әруағына бас иіп, тағзым етсек, соның өзі бір борыштың өтелгені.