Балалар омбудсмені: Балаға зәбір көрсетушіні мүлдем кешіруге болмайды

Балалар омбудсмені: Балаға зәбір көрсетушіні мүлдем кешіруге болмайды

Балалар омбудсмені: Балаға зәбір көрсетушіні мүлдем кешіруге болмайды
ашық дереккөзі
Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі өкілетті органның өз жұмысын бастағанына жарты жылға жуық уақыт сырғып өтіпті. Өкінішке орай осынау қысқа ғана уақыттың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың бірнеше дерегінің қылаң бергені де бар. Осы ретте қауырт жұмысына қарамастан уақыт тауып ҚазАқпаратқа сұхбат берген Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева жаңа қызметтегі өзінің ұстанымдары мен атқарар жұмыстары жайында кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар шапалақтың өзі баланы жәбірлеуге жататынын тағы ескертті. - Естеріңізде болса, мен шапалақпен тартудың өзі де зорлық-зомбылыққа жататындығын айтқан едім. Сол кезде қоғам бұған қызық үн қатқан болатын. Алайда, адамдар көзбе-көз балаға қол жұмсау сәтін көргеннен кейін барлығы да кейістік таныта бастады. Бұл дұрыс та. Қалай болғанда да бірде-бір баланы тіпті шапалақпен салып жіберіп те жазалауға болмайды. Бұған жол бермеу керек. Өйткені, ол - тұлға, оның толықтай құқығы бар. Мұнымен қатар ата-анасының қасында жоқ екендігін пайдаланып, балаға жәбір көрсетушіні кешіруге мүлдем болмайды. Өкінішке орай, мұндай шағымдар орын алып жатады. Мұғалімдері, педагогтары мен тәрбиешілері қол жұмсаған кезде баланың абыройы мен ар-намысын қорғау үшін жүгініп жатады. Оларға баланы ұғындыру үшін түртіп қалғандай көрінеді. Бұл дұрыс емес әрі оған жол беруге болмайды. Мұндай жайттарды жиі орын алады деп айтуым асылық болар. Алайда олардың көп екендігі белгілі. Бірақ, Қазақстанда мұндай бірде-бір дерек орын алмауы тиіс. Ол үшін бізде барлық мүмкіншілік бар. Біз зайырлы құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бізде қоғамдағы қарым-қатынасты реттейтін Конституция, заңдар бар. Мұндай фактілер төтенше жағдай ретінде есептелуі тиіс. – Барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі дәл осы мәселемен айналысу үстінде. Бұл жүйелі мәселе, әрі барлығы да тұлғаны тәрбиелеуден басталады емес пе?! Баладан жеткіншек, одан кейінірек есейіп ер жететін бозбала мен бойжеткен өсіп шығады. Егер олар мемлекет кепілдік беріп отырған белгілі бір құқық көлемінің өзіне тән екендігін сезініп және өзгені сыйлай білу рухында тәлім-тәрбие алатын болса, онда мұндай адамдар еш уақытта да өрескел жайттарға жол бермек емес. Тиісінше тәлім-тәрбие алу, ортаға бейімделу - мұның барлығы да отбасымен қатар балабақшаның, мектеп пен бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Егер бізде мұндай адамдар кездесіп жатса, онда біздің барлығымыз да кінәліміз. Мұндай жайттарға бей-жай қарамауымыз, «бұл маған қатысты емес», «бұл менің отбасымдағы жағдай емес» деген ұстанымнан арылуымыз қажет. Бұл жарға соқтыратын логика десем артық айтқандық емес. Сондықтан әр адамның теріс қылығына қоғамның өзіндік бақылауы, тәлім-тәрбие беруге ұмтылуы оң нәтиже береріне сенімдімін.