Жаңалықтар

Кестетігер келді деп...

ашық дереккөзі

Кестетігер келді деп...

Халқымызда «Бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар. Қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады деп білген қазақ қызына айрықша көңіл бөлген. Қонақ деп құрметтеп, ешуақытта босағаға отырғызбаған. Өйткені  қыз – елдің көркі, ұрпақ өрбітуші. Қырық үйден тыйым көріп өскен бойжеткен бір әулетке құтты келін, ана дейтін ардақты атқа ие болады, одан кейін ақ жаулықты әжеге айналады. Ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Сондықтан дүниеге кесте тігері келген ата-ана «өрісім кеңейді» деп қуанады. Десе де, соңғы уақытта қыз туа бересің деп қаншама жыл отасқан жарын шиеттей бала-шағамен  жалғыз қалдыратын, неге ұл тумайсың деп әйеліне жұдырық ала жүгіретін еркектер көбейіп барады.

Вертер синдромының салқыны

Қызды көпсініп, Алланың бергеніне күпірлік қылғандардың көбеюі  Вертер синдромының салқыны ма деп қаласың кейде. БАҚ арқылы кең таралып, әлеуметтік желілерде көп талқыға түскен жағымсыз оқиғалардың қайталану жиілігі артатынына талай мәрте көзіміз жетті. Мәселен, соңғы уақытта әйелі ұл туа алмаған ерлердің есер қылығы жайлы жаға ұстатар хабарлар көбейіп кетті. Естіген, көрген-білгенімізді айтсақ, біз де  әлгі синдромға серпін береміз бе, кім білсін?  Бірақ қоғам дертіне айналған түйткілдің түйінін тарқатуға сеп болсақ деген ниет үнсіз қалуға мұрсат бермеді. Сондықтан оғаш оқиғаларды оқырманның ой таразысына салуды құп көрдік. Өткен жылы КТК арнасы қыз туа бергені үшін әйелін аяусыз соққыға жыққан еркек жайлы сюжет көрсетті. 6-шы қызын босанған келіншекті күйеуі өлімші етіп сабап қана қоймай, үйінен қуып жіберген. Үлкені 8 жасар, кішісі 8 айлық 6 баламен далада қалған Әлия Қайназарованы перзентханада танысқан әйел үйіне кіргізіп, уақытша паналауына рұқсат береді. «Басымнан ұрды. Қыздарымның көзінше тепкіледі. Үлкен қызым «папа, ұрмашы!» деп аяғына жалынды. Балалардың бәрі жылап, бұрыш-бұрышқа тығылды. Бірақ күйеуім қыздарымның көз жасына қараған жоқ», –  дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Қайназарова. 30 жастағы келіншек күйеуімен қосылғалы пәтер жалдап тұрып келген екен. Пәтер қожайыны ақша төлемедіңдер деп, балалардың құжаты мен киімдерін алып қалыпты. Ал Әлияны қыздарымен үйіне кіргізген Ханымкүл екеуі перзентханада танысқан екен. Телефонмен сөйлесіп тұратын құрбысының басына түскен жағдайын естіп, бірден үйіне алып келген. Өзі жетімдер үйінде өскен, 6 баласы бар. 3 жыл бұрын жесір қалғанда, үкімет баспана беріпті. Сол аядай үйге өзінің алты баласымен әрең сыйып отырған әйел алты баласы бар құрбысына қол ұшын созып, әкелері теріс айналған 6 қызды паналатқан. Мектеп бітіре сала тұрмысқа шыққан Тамара Рахымжанованы да күйеуі қыз бала туғаны үшін тастап кеткен. Дүниеге ұл баланың келуін күткен еркек қызды болғанын естігенде әйелінен теріс айналып, үш ұлы бар келіншекке кетіп қалған. «Бұл адамның пешенесіне жазылған тағдыр ғой. Бірінші некеден тұңғышым қыз бала болды. Сөйтіп жолдасымның көңілі толмай, үш ұлы бар келіншектің қол астына кіріп алды. Ол кезде УЗИ деген жоқ. Сондықтан құрсағымдағы баланың жынысын анықтау мүмкін болмады. Қызым дүниеге келген соң алты айлығында күйеуім бізді тастап кетті. Енем де мені жақтырмады. Күйеуім екеуміздің ортамызға көп түсетін. Жолдасыммен жарасып кете алмайтынымды сездім де, қызымды алып кетіп қалдым. Одан кейін тұрмысқа шықпай жеті жыл жүрдім. Енді тұрмысқа шықпаймын, осы қызымды өсіремін, жеткіземін деп ойладым», –  дейді Тамара Рахымжанова. Десе де, араға жеті жыл салып Тамара екінші рет тұрмысқа шыққан.«Қазіргі жолдасыма алғысым шексіз. Бірінші жары қайтыс болып, өзі жеті баламен қалған. Ағайын-туысқандары сенің жеті балаңды жеткізеді деп менімен табыстырды. Алғашында көнбей, кетемін деген кезде Мақсат деген баламыздың сөзі жүрегімді ауыртып, ойымнан түбегейлі айнытты. «Анамды қатты сағындым. Маған ана болыңызшы», –  деді. Сол баланың көз жасымен босағада қалдым», – дейді басынан өткенін баяндаған көп балалы ана. Тамара Рахымжанова қазіргі өміріне мың да бір шүкіршілік етеді. Отағасына да дән риза. «Көз жасымды Құдай көрді ме, алты ұлы, бір қызы бар отбасына келіп түстім. Одан кейін өзім төрт  ұл, екі қыз босандым. Бірінші Алланың, екінші жолдасымның арқасында қазір төрт қыз, он ұл, 27 немере, төрт шөбере сүйіп отырмын. Жолдасымды мақтан тұтамын», –  дейді бақытты әже. Тамара ханымның жолдасы расында да мақтан тұтуға лайықты азамат. Өйткені қазір өзгенің баласын бауырға баспақ түгілі өз баласынан безгендердің қатарында орда бұзып үлгермеген жас жігіттер ғана емес, зейнет жасына келіп, немере тәрбиелейтін дәрежеге жеткен ерлер де бар.  Мәселен, өткен жылдың қазан айында Атырау қалалық соты ұл туып бермегені үшін әйелі мен үш қызын тастап, кеткен зейнеткердің ісін қарады. Сот мәліметінше, 63 жастағы ер адам үш қызы мен некедегі әйелін тастап өзге азаматшамен 10 жыл бірге азаматтық некеде тұрған. Ол әйел де өмірге 4 қыз әкеліпті. Үміт еткен қамшы ұстарын туып бермеген соң одан да теріс айналып, бұрынғы отбасына қайта оралыпты. Жалғыз қалған келіншек одан алимент өндіріп алды. Соттың шешімі бойынша зейнет жасындағы ер адам азаматтық некеден туылған қыздың әкесі екенін мойындап, кәмелеттік жасқа толғанша алимент  төлеуге міндеттелді.

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!»

«Ұл өссе – ұрпақ» деп қазақ өзінен кейін көп ұрпақ өрбуіне, әулеттің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктететін мұрагерінің болуына ерекше мән беруі заңдылық. Екі жас отау құрған сәбилі болуды және ең алғашқы перзенттерінің ұл болуын армандайтыны да бесенеден белгілі. Алайда нәресте күткен шаңыраққа қыз не ұл келері Жаратушыға ғана аян. Екінші, үшінші мәрте қызды болған  ер-азаматтар ашуланып, неге ұл тумайсың деп әйелдеріне ренжуі Алланың ісіне қарсы шығумен бірдей. Мұндай әрекеттің күпірлік екені қасиетті Құран Кәрімде ескертілген. «Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз береді, қалағанына ұл береді. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді. Шүбәсіз, Ол бәрін Білуші, бәріне толық құдыретті» («Шура» сүресі, 49-50-аяттар). Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері де «қыз туа бересің» деп әйелін кінәлайтын ерлерді сабырға шақырады. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер үздіксіз келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» деген. Әр қоғамда, әр ұлтта қыз балаға деген көзқарас әрқилы. Бір ұлт кестетігердің дүниеге келуін мақтаныш көрсе, енді бірі  қыз баланың дүниеге келуін ұят санаған. Қазақ халқы көшпелі дәуірде де қызды, әйелді жоғары бағалаған. «Қыз өссе елдің көркі» деген халқымыз қыз баланы нәзіктік, сұлулық, мейірімділіктің бастауы ретінде санайды. Тұңғышы қыз болғанда «Ырыс алды – қыз» деп жақсы ырымға жорып қуанған. Қызды қонақ деп аялап,  ең жақсыны кигізіп, ең дәмдіні жегізіп, үйдің төрінен орын берген. Алысты жақын етер, жатты жекжат етер, елмен елді таныстырып, табыстырар дәнекер көріп құрметтеген. Қазақ аңызында мынандай үлгі бар. Бір ақсақалдан «Ұлыңыздың әйелі босанып ұл туды» деп сүйінші сұрай келеді. Ақсақал сүйіншіге бір қой береді. Екінші жолы басқа бір ұлының әйелі босанып, қыз туады. Ақсақал оның сүйіншісіне екі қой береді. Бір күні балалары жиналып қалғанда, үлкен ұлы мұны әкесіне өкпе қып айтады. «Менің ұлым сіздің ұрпағыңызды жалғастырады, атыңызды өшірмейді. Ал сіз қыздың сүйіншісіне екі қой, маған бір қой бересіз» депті. Сонда әкесі: «Ай, қарағым-ай, сенің ұлың ұрпақ екені рас, осы үйге, ұзаса осы ауылға ие болады, ал қыз екі елге ортақ, екі ауылдың арасын жалғастырады, туыстырады ғой» деген екен. Қазақ қызы сұлулық пен нәзіктік, инабат­ты­лық пен  мейірімділік қана емес, қайсарлық пен батылдықтың да символы. Қыздарымыздың өжеттілігі әлем мықтыларын таңдай қақтырған. Мәселен, «Үздік шетелдік фильм үшін» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын иеленген әйгілі қытай режиссері, Венеция, Канн фестивальдерінің лауреаты Чжан Имоу өзінің «Батыр» («Ying xiong») фильміндегі арулардың кейпін қазақ қыздарының кескінінен алғанын мойындады емес пе? «Бастапқыда нағыз адами биік өредегі, әрі ержүрек арулар тұлғасын жасау үшін ежелгі Қытайдың, одан бүкіл Еуропаның көрнекті әйелдері тарихын қопарып, көп іздендім. Бірақ танысқан бейнелерім қанағаттандырмады. Ешқайсысынан іштей де, сырттай керемет табиғи үйлескен бейнені жолықтыра алмадым. Бір күні өте кездейсоқ жағдайда қазақ сұлуларының суреті басылған журнал кездесе кеткені. Қысқасы, іздегенімнің бәрін осыдан кейін таба бастадым. Олардың шынайы сұлулығы, жанарларының жарқылына дейін қатты қызықтырды. Кез келген қиындыққа төзімділік, өжеттік, сонымен қатар аса инабаттылық, ер-азаматты сыйлау сияқты сирек қасиеттерді де солардың бойынан кезіктірдім. Керемет қуандым», – деді ол Du zhi wen zhai журналына берген сұхбатында. Қыз – ертеңгі әйел, ана. Әйел бар жерде жылылық бар. Тартылыс бар. Өмірде мән мен мағына бар. Қоғамда ер адамның жанын жаңғыртатын, жасартатын тірегі де, діңгегі де, таянышы да – әйел. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген аналарымыз ерте заманнан тіршіліктен бір уақыт бой түзеп, ел бірлігі мен болашағы үшін маңызды істерге атсалысқан. Бұған тарихымыздағы Тұмар ханым, Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Бопай ханшайым, Ұлпан, Зере, Ұлжан, ақын Сара, Ұлбике, Нұрпейіс келіні Дина, т.б. аналарымыздың ұлағатты істері куә. Сол аналардың ардақты жолын жалғаған қазақ әйелдері бүгін де азаматымен қол ұстасып, ерлер бастаған жауапты істердің қолдаушысы болып, қоғамды ілгерілетер талай ерліктер жасап келеді.

                 Аңыз ба, ақиқат па?

Қыздың өріс екенін, өріс бар жерде кеңдік, кеңдік бар жерде кемелділік бар екенін ұмытқан кей әкелердің кестеұстарынан жеруіне қазақ қоғамында демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуы және кәрі қыздар мәселесінің өткірленіп бара жатқаны да себеп болып отыр дейді сарапшылар. Қайдан алынғаны белгісіз, оң жақта отырып қалған арулар мәселесі қозғала қалса, Қазақстанда әрбір жігітке жеті қыздан келеді деген статистиканы  алға тартатындар көп. Қыз баланың дүниеге келуіне тыжырая қараудың бір себебі осы жаңсақ дерекпен астасып жатса керек. Алайда шын мәнінде елімізде ерлер мен әйелдер санында айтарлықтай айырмашылық жоқ. ҚР Статистика агенттігінің 2014 жылғы дерегі бойынша, Қазақстандағы 17 млн 53 мың халықтың 51,8 пайызы әйелдер, ал 48,2 пайызы –  ерлер. Сол жылы дүниеге келген әр 100 қыз балаға 106 ұлдан келген.  Тәуелсіздік алған 25 жылда 7 миллионнан астам сәби дүние есігін ашса, оның 3 миллион 597 820-сы қыз бала, ал 3 миллион 775 мың 851-і ұл. Яғни, Қазақстанда әйелдер мен ерлер саны шамалас, демографиялық тепе-теңдік бұзылды деп дабыл қағатын негіз жоқ. Ал кәрі қыздар мәселесінің ушығу себебін әлеуметтік, саяси өзгерістерден іздеген жөн.

                Ата-ана сәбидің жынысына емес, тынысына алаңдауы тиіс

               Қыз болсын, ұл болсын – дүниеге келген әр перзентті Алланың берген аманаты деп қуана қабыл алу керек.  «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді қазақ. Әр бала шаңыраққа өз несібесін ала келеді, отбасына құт-береке боп енеді.  Балалы үйдің базары тарқамайды. Қыздарын көпсініп жүрген әкелер елімізде бір балаға зар болып, әулие мен дәрігер жағалап жүрген отбасылардың мұңын тыңдаса, сабасына түсер ме еді? Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәдуақас Мұстафаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда бала тууға қабілетті 4 млн 600 мың әйел болса, соның 18-20 пайызы бедеулікке шалдыққан көрінеді. Яғни, бір миллионға жуық әйел бала туу мүмкіндігінен айырылған. Әйелдердің 60 пайызы миома және басқа да түрлі ісіктерге шалдыққан, қалған 40 пайызы түрлі қабыну процестерінің салдарынан гормондық ауытқулардан зардап шегіп отыр. Ең сорақысы, олардың басым бөлігі жастар.

Өңірлердегі статистикалық көрсеткіштер де мәз емес. Мәселен, былтыр Павлодар облысында бедеулік дертімен 1 454 жұп тіркелген. Облыстың бас дәрігері Нұрлан Қасымовтың мәліметінше, олардың ішінде 729 әйел бірде-бір рет бала сүю бақытына кенеле алмаған. Ал 316 әйел жүкті болған, алайда белгілі бір себептерге байланысты жүктілік жағдайы соңғы кезеңіне жетпеген. Сондай-ақ, 207 ерлі-зайыптының бала сүю арманы мүлде орындалмайтыны белгілі болыпты. Ана мен бала өлімі де – ақ халатты алаңдатқан түйткілді мәселелердің бірі. Қолда бар деректерге көз салсақ, Қазақстанда тірі туылған әрбір мың сәбидің 18-і шетінеп кетеді екен. Бұған көп жағдайда жүктілік кезінде ананың денсаулығында кінәрат болуы себеп. Жалпы, еліміздегі жас қыздардың 30 пайызының ғана денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде екен. Ал қалған 70 пайыз қаракөз қыздардың денсаулығында кінәрат барын мамандар жоққа шығармайды. Мәселен, 47,4 пайыз қыздардың асқазан-ішек жолдары сырқаттанса, несеп, зәр жүйесі аурулары мазалайтын қыздар қатары 30,8 пайызды құрап отыр. Ал жас қыздарымыздың 12,5 пайызы эндокриндік жүйе дертіне шалдыққан екен. Болашақ аналардың денсаулығында кездескен мұндай сырқаттардың құрсақтағы сәбиге де өз әсерін тигізетіні анық. Сондықтан, өмірге ұрпақ әкелетін ата-ана сәбидің жынысына емес, тынысына алаңдауы тиіс. Дені сау ұрпақ қана өзінен кейін ұрпақ өрбіте алады.