Ынтымақтастықтың жаңа сатысы
Ынтымақтастықтың жаңа сатысы
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен партия делегациясы Жапония мен Сингапурда болды. Сапардың басты мақсаты – халықаралық және партияаралық ынтымақтастықты нығайту. Сондай-ақ, жапон елінің басты саяси күші Либералды-демократиялық партиямен тығыз қарым-қатынас орнатып, өткен жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің Жапонияға жасаған сапарының нәтижесінде қол жеткен әріптестікті одан әрі күшейтіп, оның аясын кеңейту көзделді. Ал Сингапур сапарында Мұхтар Құл-Мұхаммед Халықтық іс-әрекет партиясымен әріптестік байланыс орнатуға бағытталған кездесулер өткізді. Аталған партия Сингапурдың іргесі қаланған сәттен бері елдің саяси аренасындағы басымдықты ешкімге бермей, еркін билік жүргізіп келе жатқан бірден бір билеуші күш.
Тәртіп пен табыстың үйлесімі
Алдымен Жапония сапарына тоқталайық. Негізі Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың негізі осыдан ширек ғасыр бұрын қаланып, Елбасының 1994 жылы Күншығыс еліне жасаған алғашқы сапары кезінде беки түсті. Содан бері екі ел басшыларының бірнеше рет жоғары деңгейде өткен кездесулері қазақ пен жапон халқының достығы мен әріптестігіне тың серпін берді. Екіжақты ынтымақтастықты нығайту үдерісін үздіксіз жүргізу нәтижесінде Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 16 жылдың ішінде айтарлықтай өскен. Яғни 2001-2017 жылдар аралығында аталған көрсеткіш 6 есеге артып, 1,1 млрд. АҚШ долларына жетті. Сондай-ақ, Жапонияның Қазақстанға салған инвестициясы да жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 6,2 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздегі 74 кәсіпорын тікелей жапон капиталының қатысуымен жұмыс істеуде. Олар негізінен мұнай, газ, металлургия, қаржы, тау кен өндірісі, автомобильдер сату, электрбайланыс, түрлі құрал-жабдықтар сату, ағаш бұйымдарын дайындау және логистика салаларын қамтиды. Бүгінде Жапония әлемде ішкі жалпы өнім және өнеркәсіптік өндіріс көлемі жөнінен 3-орын алады. Экономикалық көрсеткіштер бойынша әлемдік алпауыттар қатарында саналатын бұл мемлекет «Үлкен жетілік» пен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының (АТЭС) мүшесі екені де белгілі. Осындай экономикалық алпауыт мемлекетпен ынтымақтастықтың нығаюына екі елдің мемлекет басшылары және партия төрағалары Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэнің жеке достық қарым-қатынасы да игі әсерін тигізіп келеді. Екі басшының осыған дейінгі бірнеше мәрте кездесуі, соның ішінде Елбасының 2016 жылы Жапонияға жасаған тарихи сапары ресми Астана мен Токио арасындағы әріптестіктің жаңа бағыт-бағдарын айқындап берді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының тапсырмасы бойынша Жапонияға жасаған сапары барысында осы елдің Премьер-Министрі және негізгі саяси күш болып саналатын билеуші Либералды-демократиялық партияның Төрағасы Синдзо Абэмен кездесті. Кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапония Премьер-Министріне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елді экономикалық және саяси жаңғырту жөніндегі жаңа бастамаларына жан-жақты тоқталды. Одан бөлек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асырудың негізгі бағыттары жөнінде мағлұмат берді. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жапон инвестициясы мен озық технологиясын тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін атап өткен жөн. Өз кезегінде Синдзо Абэ Қазақстан мен Жапонияның ынтымақтастығын одан әрі күшейтудің маңызына назар аударып, өзінің 2015 жылы қазан айында Астанаға келген сапары жағымды әсер қалдырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сол кездегі қонақжайлылығы үшін зор алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ жоғары деңгейде жеті рет кездесіп, екіжақты қатынасты нығайту жөнінде абсолютті рекорд жасағанын айрықша атап өткен жөн. «Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс алғаш дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері, яғни 1992 жылдың қаңтарынан бастап серпінді әрі еш кедергісіз дамып келеді. Біздің ынтымақтастығымыз ядролық қарусыздандыру және оны таратпау мақсатындағы халықаралық аренадағы бірлескен іс-әрекетімізбен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары Қазақстан нарығында табиғи ресурстарды барлау және өндіру ісінде, өндірістік салада жапониялық компаниялар да табысты еңбек етуде», – деді Синдзо Абэ қазақстандық журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ, С.Абэ Қазақстанның тың бастамаларын әрдайым қолдайтынын жеткізді және Қазақстан Президентінің 2016 жылы Жапонияға жасаған ресми сапарының нәтижесін жоғары бағалап, екі елдің ынтымақтастығы партиялық деңгейге көтерілгеніне ризашылығын білдірді. Жапон Үкіметінің басшысы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де ерекше назар қойып, оған жапониялық делегацияны өзінің сенімді серігі, Парламент депутаты Такео Кавамура бастап баратынын айтты. Одан бөлек, С.Абэ 2025 жылғы ЭКСПО-ны өткізуге үміткерлердің қатарында Жапонияның Осака қаласының да бар екенін, соған орай Қазақстанның өздерін қолдауын өтінді. Кездесу кезінде Корея Халықтық Демократиялық Республикасының әрекеті де назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте С.Абэ Қазақстанның ұстанымы Жапонияның көзқарасымен сәйкес екеніне зор ризашылығын жеткізіп, сол үшін Елбасымызға ерекше ілтипатын білдірді. Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапонияның Либералды-демократиялық партиясының Бас хатшысы Тосихиро Никаймен кездесті. Онда тараптар екі партия арасындағы әріптестікті нығайту мәселесін талқылады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта партияаралық ынтымақтастықтың одан әрі жанданатынына сенім білдіріп, Никай мырзаны Қазақстанға шақырды. «Мемлекет басшысының барлық бастамасын, соның ішінде Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше міндеттер жүктелген. Сондықтан да бізге Жапонияның ғажайып экономикалық табыстарының бастауында тұрған Либералды-демократиялық партияның тәжірибесі аса маңызды», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жапония Парламентінің екі палатасында да басымдыққа ие Либералды-демократиялық партияның қазіргі таңда 1 млн-нан астам мүшесі бар. Тосихиро Никай Қазақстан Жапонияның стратегиялық әріптесі және Орталық Азияның ең табысты мемлекеті екенін айтты. Одан бөлек, жапон саясаткері біздің елдің табиғи байлығы мен Жапонияның технологиялық мүмкіндігі негізінде бұдан да тығыз байланыс орнатуға болатынын назарға алды. Кездесуде халықаралық деңгейдегі екіжақты қарым-қатынастың тиімділігі жөнінде, әсіресе ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесінде екі елдің көзқарастары ортақ екеніне ерекше мән берілді. Бұдан басқа Тосихиро Никай Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Корея Халықтық Демократиялық Республикасының ядролық және ракеталық бағдарламасын айыптауға белсенді қатысып келе жатқаны үшін алғысын жеткізді. Тағы бір ерекше назар аударар жайт: Жапонияда соңғы 23 жыл бойы Қазақстанмен байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы жемісті жұмыс істеуде. Ол Жапония Парламентіндегі 40 белгілі депутаттың, палата жетекшілері мен елдегі ірі саяси партия басшыларының басын біріктіретін беделді ұйым. Достық лигасы Қазақстан Президентінің 1994 жылы Жапонияға жасаған алғашқы сапары нәтижесінде құрылған лига содан бері екі елдің жақындасуына үлкен үлес қосып келеді. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған Лиганың төрағасы Такео Кавамурамен кездесті. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед жапон тарапының біздің елге көрсеткен қолдауы мен жергілікті депутаттардың өзара тиімді әріптестікті дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы жапониялық белгілі «NEC» компаниясының базасындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар орталығының жұмысымен танысты. Бұл компанияның жобалары ғарыштан бастап мұхиттың түбіне дейінгі әртүрлі саланы қамтиды. Бүгінде компания ғалымдарының негізгі жұмысы арнайы видеокамералар арқылы адам мен нысанды анықтап, лаңкестік шабуылдардың алдын алуға қабілетті жасанды ақыл-ой жүйесін жасауға бағытталған. Мұндай технологиялар қазірдің өзінде АҚШ, Бразилия, Сингапур сияқты елдердің ірі әуежайларында тиімді қолданылуда. Осылайша жапондар бүкіл әлемді алаңдатқан лаңкестікпен күрестің озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұхтар Құл-Мұхаммед «NEC» компаниясының вице-президенті, халықаралық жобалардың кураторы Такаюки Моритамен кездесуінде Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыруға жапониялық жетекші трансұлттық компаниялардың атсалысу мәселесін талқылады.