Атышулы шыны зауытының құпиялары

Атышулы шыны зауытының құпиялары

Атышулы шыны зауытының құпиялары
ашық дереккөзі
Қызылордадағы атышулы шыны зауытын салғандар жарты жылдан бері жалақысыз жүр деп хабаралды КТК арнасы. Зауыттың құрылысын жүргізген «Шымкентхиммонтаж» компаниясы 350 жұмысшысына желтоқсан, қаңтар және ақпан айларына 100 миллион теңге қарыз. 6 ай бойғы құрғақ уәдеге сеніп шаршаған жұмысшылар бүгін Шымкенттегі бас кеңсе алдында наразылық білдірді. Жылдап жұмыс істеген жерінен, айлап ақшасын алмай зарыққан жұмысшылар, бүгін бас кеңсеге келді. Қызылордадағы шыны зауытын салған «Шымкентхиммонтаж» мекемесінің жұмысшылары қыстың 3 айының ақысын әлі көрмеген. Жұмыс та жоқ. Ермахан Құнарбаев, жұмысшы: -6 балам бар. Күніге айғай-шу үйде. Тоқтасын Сыздықов, жұмысшы: -Заңды түрде кіргенбіз. Қашу ғой бәрінікі. Күнде алдайды. Төзімі таусылған жұмысшылар кеңсеге басып кіріп, басшының шығуын талап еткен. Бірақ бұл жолы да жауаптылардан ешкім жоқ. Есепшісі болса, ақталып әлек. Әйтсе де, жалақының қашан боларын ол білмейді. Светлана Балабанова, «Шымкентхиммонтаж» ЖШС бухгалтері: -Қазіргі басшыларымыз ақша іздеп Қызылордада жүр. Шыны зауыты біздің мекемеге 200 миллион теңге қарыз. Ақша аударылса, бірден жалақы берер едік. Ал «Шымкентхиммонтаждағы» бүкіл түйткіл бұрынғы басшымыз Марат Қожабаев қамауға алынған соң басталды. Қазір қамауда отырған Қожабаев Қызылорда шыны зауытына бөлінген қаржыны бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевпен бірге жымқырды деген күдік бар. Сол үшін қаңтардан бері мекеменің бүкіл есеп-шоттары да бұғатталыпты. Ал, жоспар бойынша осы мамыр айында ашылуы тиіс зауыт әлі тоқтап тұр. Қазір «Шымкентхиммонтаж» мекемесі 350 жұмысшысына 97 миллион теңге берешек. Нақты қашан берілерін де ешкім дөп басып айта алмайды. Ал алты айдан бері облыстан бастап астаналық құзырлы органдарға жазып нәтиже шығара алмаған жұмысшылар енді бірер күнде жауап болмаса наразылық шарасы ретінде «Шымкентхиммонтаж» ғимаратының алдында жалақы алғанға дейін жатуға бел буып отыр.