1 шілдеден бастап 20 мемқызметті sms хабарлама арқылы алуға болады
1 шілдеден бастап 20 мемқызметті sms хабарлама арқылы алуға болады
Мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын жеңілдету мақсатында электрондық үкіметте 1 шілдеден бастап 20 қызметті цифрлық қолтаңбасыз алуға болады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Айта кетейік, бір реттік құпиясөз арқылы берілетін алғашқы қызмет биылғы жылдың сәуір айында іске қосылған сотталмауы (сотталуы) туралы анықтама еді. 20 қызметтің 15-і бір реттік құпиясөзді пайдалану арқылы қолжетімді болса, қалған 5 қызмет үшін порталда тіркелу жеткілікті. Қандай қызметтер бір реттік құпиясөз арқылы қолжетімді болады? Мемлекеттік органдар келесі қызметтерді іріктеп алған: мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама, жылжымайтын мүлікті тіркеу және құқықтың аяқталуы туралы жеке тұлғаларға анықтама беру, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (тыйымдар) және оның техникалық сипаттамасы туралы анықтама, жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын алу, азаматтық хал актілерін қайта алу және тіркеу және т.б.
Қалай жұмыс істейді? Бір реттік құпиясөз дегеніміз азамат белгілі бір қызметті алу үшін сұрау салған кезде sms арқылы ұялы телефонға келетін хабарлама. Сұрау салушының телефонына келген тексеруші құпиясөзді (код) eGov.kz порталында енгізу қажет.
Осы кезде пайдаланушының нөмірі мобильдік азаматтар базасында тексеріліп, базадағы нөмірмен сәйкестігі расталып, сұрау салған қызметке бірден жауап беріледі. Мобильдік азаматтар базасында тіркелу үшін порталда «Жеке кабинетке» кіріп «телефон» деген бағанда ұялы телефонның нөмірін көрсету қажет. Бұдан бөлек, ЖСН-ға телефон нөмірін тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселеріне баруға болады. Қандай қызметтерге авторизация керек? Отандастар дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, медициналық ұйымға тіркеуге тұру сияқты қызметтерді электронды цифрлық қолтаңбасыз пайдалануға болады. Бұл жерде медициналық ұйымға тіркелгендер ғана үйге дәрігерді шақыра алатынын ескеру қажет.
Сонымен қатар, әскери қызметін өткеруді растау туралы анықтама мен жеңілдіктері бар адамдарға (Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, Чернобыль АЭС-гі апатты жоюшыларға) анықтамалар беру қызмметтері қолжетімді болмақ. «Мемлекеттік қызметтерді жеңілдету жұмыстары проактивті мемлекетті дамытуға бағытталған. Яғни, азаматтардың қатысуынсыз берілетін қызметтер саны үнемі көбейетін болады», - делінген хабарламада.