Бидай сапасы төмендеп барады

Бидай сапасы төмендеп барады

Бидай сапасы төмендеп барады
ашық дереккөзі
Қазақстан астық экспортын көбейту мақсатында астық алқаптарын кеңейтіп келеді. Жыл сайын өңірлерден жиналатын астықтың дені – төменгі сұрыпты. Ауылшаруашылық  вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәлімдеуінше, жыл сайын астықтың сапасы төмендеп барады. «Көктем кеш келгенімен, егіс алқаптарындағы жұмыс қарқыны өткен жылдың деңгейіне жетті . Өкінішке қарай, соңғы жылдары астықтың сапасы төмендеп барады. 2011 жылы 1-3 санаттағы астық көлемі 88 пайызды құрады, ал 2016 жылы 45 пайызды қамтыды. Сонымен бірге керісінше сапасы төмен 4-5 санаттағы бидай 2011 жылдағы 10 пайыздан 2016 жылда 41 пайызға дейін артты», – деп түсіндірді Айтуғанов. Астық сапасының нашарлағаны туралы бұған дейін де айтылған. Мәселен, 2013 жылы төменгі сұрыпты астық мол болып, ал жоғары санатты астықтың көлемі аз жиылған еді. Одан кейінгі жылы Ауылшаруашылық министрлігі 17 миллион тонна астық жиналғанын мәлімдеп, өткен жылмен салыстырғанда сапасы анағұрлым жоғары деп мәлімдеген. Десе де былтыр төменгі сұрыпты бидайдың көлемі де көп болған. «Ресей мен Украинада былтыр астық көп болса да, оның сапасы төмен. Соған қарай біз 4-5-сыныпты бидайдың бағасын тым көтере алмаймыз. Біздің сапалы бидай Ресейге, әлем нарығына өтуі мүмкін. Бірақ оған ішкі нарықта да сұраныс болады деп ойлаймыз», – деген еді «Азық-түлік келісім корпорациясы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқынбаев. Былтыр жаз айларындағы үздіксіз жауын-шашынның салдарынан шығыстағы астықтың сапасы нашарлап кетті. Дәнді дақылдар ауру жұқтырған. Жаңбырлы маусымнан өңірдегі жиын-терін уақыты жарты ай кейінге шегерілген. «Аймақтағы бидай сапасы айтарлықтай нашарлап кетті. Бұл күндері сары далаға айналуы тиіс егін алқабы тот басқандай солыңқы күйде. Жалпы көлемі 48 мың гектар жер өңдеуден өткен болатын», – деген еді жергілікті шаруашылық басқармасы. Осыны ескере отырып, биылдан бастап элиталы тұқымдарды субсидиялау қалпына келтірілді. Биыл тұқым шаруашылығына бөлінген қаражат былтырғымен салыстырғанда 3,2 есеге артық. Мұнымен қоса, тыңайтқыштарды қолдануды ынталандыру мақсатында субсидиялау тәсілдері өзгертілді. Субсидияланатын тыңайтқыштар саны өткен жылы 85 болса, 2017 жылы 161-ге дейін артып отыр. Сонымен қатар егістік алқаптарын әртараптандыру жүргізіліп, осы орайда 2021 жылға дейін министрліктер мен әкімдіктер арасында меморандумдар бекітілді. Осының нәтижесінде сұранысқа ие дақыл аумағы 932 мың гектарға кеңейтілмек.