Сенбі, 10 Желтоқсан, 2022

"Болашақ" стипендиясының талаптары күшейтілді

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ХБО-ның баспасөз қызметі.

Өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 19 мамырдағы № 279 қаулысымен енгізілді.

Қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды және 2017 жылғы 23 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді. Осы өзгерістер, ең алдымен, «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне, сондай-ақ конкурсқа қатысу үшін кіріс өлшемшарттарға қатысты.

Академиялық бағдарламалар үшін (магистратура, докторантура, резидентура) үміткерлердің барлық санаттарына іріктеудің жаңа қағидаларына сәйкес бакалавр немесе маман дипломының орташа балына қойылатын талаптар 3.0-ден 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA деңгейіне дейін өзгертілді.

Одан басқа, «магистратура» бағдарламасы бойынша үміткерлердің барлық үлестік санаттары үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейінің өлшемшарттары IELTS жүйесі бойынша 5.0 балдан 5.5 балға дейін көтерілді. Сонымен, «инженерлік-техникалық мамандық» санаты бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде – IELTS 5.0 қалады.

Сонымен бірге, IELTS 6.5 және одан жоғары сертификаты бар, сондай-ақ GPA 3.3 және одан жоғары дипломы бар тұлғаларға конкурсқа қатысу үшін «жалпы конкурс» жаңа санаты енгізілді.

Үміткерлердің осы санаты үшін жұмыс өтілі мен жұмыс беруші өтінімінің болуына талап қойылмайды. Осы санат магистр дәрежесін алу үшін стипендиаттардың басқа санаттарымен қатар, оқу елінің білім беру және әлеуметтік-мәдени ортасына бейімделу мақсатында 2 айға дейінгі мерзімде оқу алдындағы даярлықтан (pre-master’s) өту мүмкіндігін береді.

Стипендиаттарды оқыту үшін Жоғары оқу орындары тізімі жалпы көрсеткіштер бойынша әлемдегі 70 үздік жоғары оқу орнынан, сондай-ақ мамандықтар бойынша әлемдегі 20 үздік жоғары оқу орнынан Times Higher Education, Academic Ranking of World Universities және QS World Universities Rankings сияқты халықаралық танымал рейтингтік агенттіктердің мәліметтеріне сәйкес қалыптастырылғанын да атап өту керек.

Одан басқа, стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне өзгерістер енгізілді. 2017 жылдан бастап конкурс 6 (алты) кезеңнен тұратын болады.

 

Байқау айқын
Байқау айқын
Back to top button