Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қорында 16 мыңнан аса жәдігерлер мен құжаттар бар
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қорында 16 мыңнан аса жәдігерлер мен құжаттар бар
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында орналасқан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің жұмысымен танысты. Онда әкім музей экспонаттарын аралап көріп, кітап көрмесін тамашалады және «Тағзым» залындағы 2500 репрессия құрбандарына тағзым етті.
Музей қызметкерлерімен болған кездесуде әкім жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ашылған музей өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдырудағы қамқорының айқын дәлелі екенін айтты.
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы ұлтты өркендететіндігін айтып өтті.
Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл, осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті, халқымыз үшін де қасіретке толы, зобалаң да зұлмат жылдар болды. Біз, тарихтың ащы сабағынан болашаққа оңтайлы ой түйіп, өзімізден бастап, рухани байлығымыз бен әлеуметтік-экономикалық үрдісімізді заман талабына сай жаңғыртып, дамыту ісіне ат салысып, келешек ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етейік!»,-деді әкім.
Мұнымен қоса, аймақ басшысы Кенесары ханның немересі, Алашорда үкіметінің мүшесі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Әзімхан Кенесариннің ұрпағы Асылхан Әшімхановпен, Қазақтаннан шыққан тұңғыш режиссер, қоғам және өнер қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Жұмат Шаниннің немересі Райхан Мырзағалиевамен кездесіп, иықтарына шапан жапты.
Бүгінгі таңда музей қорында 16 мыңнан аса жәдігерлер, құжаттар мен фотоқұжаттар сақтаулы. Жыл сайын музейге 15 мыңға жуық адам келіп, 300-ден астам жаңа экспонаттармен толықтырылады. Мұнан бөлек, мұнда 20-ға жуық мәдени көпшілік іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Айта кетейік, биыл Алаш партиясының құрылғанына – 100 жыл, жазықсыз жапа шеккен қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов пен еліміздің тұңғыш кәсіби режиссері, драматург, қуғын-сүргін құрбаны Ж.Шаниннің туылғанына – 125 жыл.