Шымкенттік медбике әжетханаға түсіп кеткен 1 жасар баланы өлімнен құтқарды
Шымкенттік медбике әжетханаға түсіп кеткен 1 жасар баланы өлімнен құтқарды
Әжетханаға түсіп кеткен бір жасар бүлдіршін Шымкенттік медбикенің арқасында аман қалды. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады.
Оқиға кешкі уақытта орын алған. Бір жастағы Мұхамедәлінің анасы сабақтан оралған үлкен ұлына ас-ауқатын дайындамақ болып қамданып жатқанға үш жастағы кенже ұлы аулада ойнап жүреді. Жарығы сөндірілмеген дәретхананы көрген бүлдіршіндер әп-сәтте сонда барып, бір жастағы бала әжетханаға түсіп кеткен.
Оның қасында болған келесі ортаншы ұл «Анашым, інім жоқ» деп айқайға салып, жылай бастағанда анасы дереу жетіп барып, сұмдық жағдайға куә болады. Келіншектің өзгелерден көмек сұрап айқайға басқан дауысын көршілері естіп, келе сала жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар қызметіне хабарласыпты. Құтқарушылар келгенше сол маңда құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшылардың бірі ойланбастан әжетханаға түсіп, баланы алып шығады. Ал ол сәтте көшеде өтіп бара жатқан тағы бір көршісі, медбике Әйгерім Қаныбекова оқиға орнына келіп, алғашқы көмекті көрсеткен. «Көшеде тұрғанмын, көршім келіп телефоныммен сөйлесіп алуын өтінді. Сол сәтте көршімнің айқайға басқан дауысын естіп, жетіп бардым. Сөйтсем осындай жағдай екен. Өзім медицина қызметкерімін, балаға алғашқы көмекті көрсете бастадым. Шынымды айтсам, бар ойым сәбиді аман алып қалу болды. Жүрегіне массаж жасадым, аузы арқылы дем жібердім. Баланың дем алатын түрі жоқ. Болмаған соң аузына қолымды салып едім, лоқсып, ішке кіріп кеткен нәжістер сыртқа шықты. Тағы да қайталадым», - деді Шымкент қалалық №1 балалар аураханасының медбикесі Әйгерім Қаныбекова. Медицина саласында 7 жылдық еңбек өтілі бар 34 жастағы маман мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын, қандай оқиға болмасын, алғашқы көмек көрсету – өзінің парызы екенін ерекше атап өтті. «Әйгерімге және баламды әжетханадан еш жиіркенбестен алып шыққан құрылысшыға алғысым шексіз. Олар болмағанда жағдай қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі кәсіби құтқарушылар келгенше ұлымнан айырылып қалар едім. Баламды жедел жәрдемді күтпестен тағы бір көшімнің көлігімен дереу ауруханаға алып бардық. Қазір сонда жатырмыз, шүкір, Мұхамедәлінің жағдайы бірқалыпты», - деді бүлдіршіннің анасы Марал Бекауылова.