Жаңалықтар

Полицейлер 2 адамды алапат өрттен аман алып қалды

ашық дереккөзі

Полицейлер 2 адамды алапат өрттен аман алып қалды

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері алапат өрттен 2 адамды аман алып қалды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Шардара қаласында көпқабатты тұрғын үй бірден отқа оранды. Дәл сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері ойланбастан көмекке ұмтылды. Көпқабатты үйдің тұрғындары өрттің тұтанғанын сезбей де қалған. Оқиға таңғы мезгілде болғандықтан, көпшілік қалың ұйқы құшағында жатқан. Бірнеше минут ішінде түтіндеп қана басталған өрт алапат алауға айналды. Полицейлер Сәбитжан Аязханов пен Бексұлтан Кеңесов ұрлық бойынша шақыртуға кетіп бара жатқан. Тұрғын үйдің бірінің түтеп жатқанын көрген мезетте ойланбастан солай қарай бұрылады. Қос полицей бірден өртеніп жатқан пәтерге кіріп барды. Пәтер еденінде көк түтінге тұншығып, өз еркімен қозғалуға шамасы жоқ екі адам жатқан. Өрттің балкондағы шелекке тасталған темекі тұқылынан тұтанғаны да артынан белгілі болды. Өрт бірден газ баллонына жеткен. Егер газ баллоны жарылғанда, талай адамның өміріне қауіп төндіретін қуатты жарылыс болуы кәдік еді. «Адамдарды апаттан құтқарып қалу – біздің қызметтік те, азаматтық та парызымыз. Біз сол сәтте ерлік жасайық, көзге түсейік деп ойлаған жоқпыз. Бар мақсатымыз – адамдарға көмектесу»,  – дейді Шардара АІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел өкілі Сәбитжан Аязханов. Өрт болған үйдің тұрғындары апатты жағдайдан аман қалғандарына қуанышты. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің де қарапайым адамдарға кез келген қиын сәтте көмекке келе алатын кәсіби дайындықтарын тағы бір айғақтағандай болды.