Жаңалықтар

Руслан Күлікбаевты ұстаған инспектор "Айбын" орденімен марапатталды

ашық дереккөзі

Руслан Күлікбаевты ұстаған инспектор "Айбын" орденімен марапатталды

Алматыда қандықол қылмыскерді ұстаған инспекторға «Айбын» ордені табысталды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Құқық қорғау саласында бар болғаны екі жарым жыл ғана қызмет еткен Нұрсұлтан Қартбаевқа ең жоғары награданың бірі – «Айбын» ордені берілді. Оған бұл марапат өткен жылы Алматы қаласының қақ ортасында ойран  салған қандықол қылмыскер Руслан Күлікбаевты ұстап, батыл әрекет жасағаны үшін берілді. Арнаның хабарлауынша, Нұрсұлтан Қартбаев құқық қорғау саласында еңбек  етуді жастайынан армандапты. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, заң колледжін  тәмамдаған соң, күзет қызметінің сақшысы болып орналасады. Өткен жазда,  18 шілдеде дүйім жұртты дүрліктірген оқиға – Руслан Күлікбаевтың 8 адамды жайратып салған күні Нұрсұлтан алаңсыз күзетте тұрған. Даладағы атысты ести сала жүгіріп шығып, қылмыскерді тоқтатпақ  болған серіктесі Аян Ғалиев оққа ұшып, сол жерде қаза болды. «Осы жұмысқа кіргеніме екі жылға жуық уақыт болып еді. Сол кісіден тәрбие алып  өстім. Сол кісіден (Аян Ғалиев – ред.)  үйрендім. Ол кісі өзі патриот кісі болатын. Жұмысты   сүйсініп істейтін. Жұмыстан қашпайтын, жұмысқа ұмтылатын», – дейді ҚР ІІМ Алматы қалалық мемлекеттік күзет қызметі басқармасы ІІ батальонының инспекторы Нұрсұлтан  Қартбаев. Күлікбаевты ұстап, батыл әрекет жасаған Нұрсұлтан Қартбаев пен марқұм Аян Ғалиев үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бірақ қарапайым сарбаз мұндай атаққа масаттанған жоқ. Тіптен «батырмын» деп бәлсінбейді. Бұрынғыдай күзет қызметіндегі міндетін абыроймен атқарып жүр.