Көзден кетсе де...

Көзден кетсе де...

Көзден кетсе де...
ашық дереккөзі
Бір жазушы бар – бұрқыратып көп жазады, бірақ оқырманды селт еткізері жоқ. Желбуаз сөздерінен жалығып, шығармасының соңына дейін шыдамың жетпей кітабын жаба саласың. Бір жазушы бар – аз жазады, бірақ оқырманды қайталап оқудан жалықтырмай ойға батырады. Тілінің көркемдігіне, соны идеясына, сюжетінің күрделілігі мен образдарының психологиялық жан дүниесін берудегі жазу шеберлігі, талғампаздығы еріксіз тартып тұрады.  Жазушы-журналист Дидахмет Әшімханұлы осылардың екіншісіне жататын еді. Әңгімелері де, хихаяттары да көп емес. Өзі айтқандай шығармалары  тақырып пен идея жағынан төрт топқа бөлінген. Жер. Тіл. Дін. Салт-дәстүр.  «Жер аңсаған сары атан». «Тасқала». «Сары самаурын». «Құдайсыздар».  Бұлардан басқа ақпарат құралдарында жарияланған әңгімелері, сындары, публицистикалық мақалалары да оқырмандарын бей-жай қалдырған емес. Аталмыш хикаяттары мен әңгімелері бірнеше тілге аударылған.  Дидағаң кейінгі жылдары баспа ісімен де айналысқан еді. Санаулы жылдардың бедерінде «Ел-шежіре» қоғамдық қоры жанынан арғы-бегі ғасырлар ақын-жыраулары, Алаштың ардақты тұлғаларының қайраткерлік істері, шығармаларын, тағдырлары туралы жарияланымдарды  көп томдық етіп жарыққа шығарды. Оның жұрт біле бермейтін тағы бір қыры – шетел баспаларымен достық байланыстар жасап, әлемдік тұлғалардың өнегелі өмірлері жайында жазылған кітаптарды оқырмандарға ұсыну еді. Бұл игі ісін Қытайдағы «Ұлттар баспасымен» бірігіп, атақты Дэн-Сяопиннен бастағанды жөн көрген. Оның бастамасы Қытай елі тарапынан қолдау тауып, ол туралы кітап 2015 жылы  оқырмандарға жол тартты. Енді біраз әңгіме сол кітаптың қалай шығуы жайында. Сол жылы күзде «Ұлы реформатор – Дэн-Сяопин» кітабының тұсаукесері Алматыдағы Ұлттық кітапханада болды. Бұл тұсаукесерге Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілігінен өкілдер қатысты. Сондай-ақ, Бежиндегі «Ұлттар баспасының» директоры Иу Бинши бастаған біраз кісілер арнайы келген еді. Тұсаукесердің салтанатты жиынында арықша, бойшаңдау келген орта жастағы Иу Бинши мырзаға сөз берілді. Ол 2014 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойына төраға Нұрлан Оразалиннің арнайы шақыртуымен келгенін, баспа саласында екі жақты ықпалдастық орнатуға қол жеткізгендерін айта келіп, әңгіме арқауын Дидахмет Әшімханұлымен қалай танысқаны жайына бұрды. − Біз сол жолы үшінші рет кездестік. Ол мені аэропорттан күтіп алды. Мені қапсыра құшақтап тұрып: «Келгеніңізге енді ғана сенгендей болдым ғой», − деді. Құшағы қандай кең, қандай дарқан, қандай мейірімді десеңізші! Біздің таныстығымыз тым қысқа мерзімде жүзеге асты. Небәрі төрт айдың ішінде біз үш рет кездесіп, баспа саласында бірлесіп жұмыс істеуіміздің арқасында үлкен істерге қол жеткіздік. Алдағы 2015 жылы мамыр айында Қытай Халық саяси мәслихат кеңесі төрағасының орынбасары, Мемлекеттік Ұлттық істер комитетінің төрағасы Уаң Жэңуэй бастаған ҚХР өкімет делегациясының Қазақстанға іссапары жоспарланған. Біз іссапарға дайындық мәжілісінде ол кісіге өз ұсыныс-пікірлерімізді айттық. Қытай мен Қазақстан мәдени қарым-қатынастарының дәнекері болып жүрген белгілі қайраткер Дидахмет Әшімхан-ұлы мырзаны онда өтетін іс-шараларға арнайы түрде шақыруды ерекше ескерттік. Уаң Жэңуэй бұл ұсынысымызды қабыл алды. Ресми делегация сапарынан бұрын «Ұлттар баспасының» қазақ редакциясы қызметкерлерін алдын ала Қазақстанға келіп, дайындық жұмыстарын атқаратын болды. Мен олардан Дидахмет Әшімханұлымен бірге түскен фотосуретіміз негізінде 3D технологиясы бойынша жасалынған екеуміздің бойы он сантиметрдей мүсінімізді жасатып  беріп жібердім. Біздің мүсініміз көрермендер езулеріне күлкі үйіргенімен, образды шыққан еді. Мен оған «Шау-Зу» деп ат қойдым. Оның қазақша аудармасы «ағайындылар».  Мен сонда бұл сыйлықтың Дидахмет мырзаға сөзсіз ұнайтынын, әрі балаша қуанатынын көз алдыма елестеттім де. Іссапар аяқталғаннан кейін өзім басқарып отырған баспаның Қазақ редакция қызметкерлерімен телефон арқылы байланысып, игі шараның қалай өткенін сұрадым. Олар мұндағы кездесулердің өте жоғары деңгейде болғанынан хабардар етті. Өкінішке қарай, денсаулығының сыр бере бастауына байланысты бұл мәдени шараларға Дидахмет мырза қатыса алмапты. Оның орнына «Орхон» баспасы директорының орынбасары Жәмила Айдос қатысып, міндетін атқарған. Неге екенін қайдам, іштей көңілім бұзылып, алаңдай бастадым. Бірақ басқадай алабөтен ойда болғаным жоқ. Ертеңіне күн сенбі еді. Қазақ редакциясы қызметкерлерінің ғаламтор  желісі арқылы жазған хатын алдым. Онда Дидахмет Әшімханұлының қайтыс болғаны туралы жазылыпты. «Бұл мүмкін емес!.. Кеше ғана маған қызметтестерім оны сырқаттанып қалғаны болмаса, аман-сау деп хабарлаған еді ғой!.. Бұл құр дақпырт болар!..». Мен көңілім сенбегендіктен солай жағымсыз жаңалықты жоққа шығаруға тырыстым. Өкінішке қарай, түске жақын бұл хабар рас болып шықты. Қазақстан Жазушылар одағының сайты суық хабарды ресми түрде жариялады. Менің төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Сондағы көңіл күйімді сіздерге сөзбен айтып жеткізе алмаспын. – Иу Биншинің көңілі толқып, жанарының аясына тұнған жасты қолымен сүртіп, біраз үнсіз тұрды да, сөзін қайта жалғады. – Алдағы уақытта біздің бірігіп атқаратын шаруаларымыз көп еді. Тағдырға амал бар ма, − деді ауыр күрсініп. Оның сондағы шын көңілден шыққан көз жасынан, күреңіте алабұртқан өңінен Дидағаңның қимасына айналып кеткені анық байқалып тұрды. Ол естелігін тағы жалғады. − Алматыға барған бір сапарымда Дидахмет мырза маған қазақ халқының: «Көршіні Құдай береді», − деген ұлағатты сөзін айтып еді. Екі ел халықының достығын ұрпақтарға жалғастыру үшін бір-бірімен етене жақындасып, түсінісулері керек деген ол сонда. Біздің сол жолғы сапарымыз өте сәтті болды. Дидахмет мырза бізге жолбасшы болып, Алматыдағы мұражайларға алып барып таныстырды. Көшелердегі ескерткіштер жайындағы сөздеріне де қанығып, ұлттың ұлы тұлғалары туралы көптеген мағлұматтар алдық. Сол жолғы іссапарда Дидахмет мырза бізге көп көмектесті. Дидахмет мырзаның күш салуымен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мырза демалыс уақытын үзіп, біздің делегацияны арнайы қабылдады. Бұл кездесу Бежиндегі «Ұлттар баспасы» мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында қолға алынған «Ақ қанат әдеби аударма кітаптар сериясы» атты бірлескен кешенді жобаны жүзеге асыру жөніндегі маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. Арада бір ай өткенде Бежинде өтетін кітап жәрмеңкесіне Дидахмет мырза келді. Оның біздің астанада алғаш рет болуы екен. Біз оған қаладағы мәдени орындарды таныстыруды ұйғарып, қытай халқының әйгілі жазушысы Лу Синь мұражайынан бастағанды жөн көрдік. Мұражай қызметкері Шяум менің досым еді. Соған телефон шалып, қазақстандық  жазушының баратынын алдын ала ескертіп, аудармашы тауып қоюын өтіндім. Мен күнделікті жұмыс уақытымда шетелдерден және елдің әр аймақтарынан келгендерді қабылдаудың бәрін келер күнге ысырып, сол мұражайға оны өзім ертіп бардым. Ол мұражайда аудармашының әр сөзін бар зейінімен тыңдады. Лу Синнің «Қара жер бетінде жол жоқ болса да, жөн-жол табуға болады» деп аталынған панел алдында көп ойланып, ұзақ тұрды да фотоға түсті. Дидахмет мырза «Лу Синьнің тұрған үйіне барамыз» дегенді естігенде тым қатты қуанды. Үйдің кіре беріс дәлізінде аяқ киімін шешіп жатқанда қызметші: «Еден салқындау еді, шешпей-ақ жүре беріңіз», − деді. Сонда ол: «Бұл әдебиет пен идеяның киелі жұрты ғой. Онда қалай аяқ киіммен кіруге болады», − деп бөлмелерді жалаң аяғымен аралап көрді. Оның сол кездегі салауатты адал бітім болмысынан Лу Синьге деген құрметі және сол арқылы бүкіл қытай халқына деген сүйіспеншілігі көрініп тұрды. Енді, міне, сіздер мен біздер Дидахмет мырзаның жоба-ұсынысымен жүзеге асқан «Ұлы реформатор – Дэн Сяопин» кітабының тұсаукесер рәсімінде отырмыз. Бір жағы бұл кітап Дидахмет мырза екеуміздің достығымыздың жемісі іспеттес. Мұны екі елдің рухани дүниесіндегі мәдени байланыстар бастауларының бірі деп біліңіздер және ол жасаған жоба алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. – Иу Биншин сөзіне жиналғандар қол шапалақтап қошамет көрсетті. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Әлібек Асқаров «Дидарғайып Дидахмет» атты естелігінде оның тағылымды сөзін еске алған. «...Егер сіз тым болмағанда бір айда бір қазақ кітабын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір парыздан құтылғаныңыз. Егер сіз келесі жылға тым болмағанда бір баспасөзге жазылсаңыз – ұлттық намысыңыздың сәл де болса оянғаны. Егер сіз ана тіліңіздегі сол кітап пен баспасөзді ыждағатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені. Егер сіз оқығаныңызды төңірегіңізге айтып, насихаттай жүрсеңіз – онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұмтылғаны. Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің еңсесін, рухын көтере білейік. Рухты көтеретін ұлы күш – әдебиет пен баспасөз. Ендеше, бәріміз жиылып осы әдебиет пен баспасөздің көсегесін көгертуге ұмтылайық!». Дидағаңның осы ұлағатты сөзінен асып, не айтуға болады?! Ол көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Артында ел сүйіп, оқу­­­дан жалықпайтын  көркем әрі публицистикалық шығармалары қалды.