Сәрсенбі, 5 Қазан, 2022

Қанат Ислам әлемдік рейтингте 29 орынға көтерілді

WBO тұжырымы бойынша Inter-Сontinental және NABO, WBA тұжырымы бойынша Intercontinental және Fedelatin белбеулерінің иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (24-0,19КО) бірінші орта салмақтағы әлемдік рейтингте 29 орынға жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат 24-ші жеңісіне дейін boxrec.com порталының әлемдік рейтингінде 55 ұпаймен 55-орында тұрған болатын. Ал мексикалық Норберто Гонсалес (23-8,13КО) 59 ұпаймен 46 орында болған. Жаңартылған рейтингте отандасымыз бірінші орта салмақта жұдырықтасатын 1804 боксшының ішінен 82 ұпаймен 26 орыннан көрінді. Жеңіліс тапқан Гонсалес 47 сатыға құлдырап, 91 орынға сырғыды. Айта кетейік, бірінші орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Саул Альварес бұл салмақтың әлемдік рейтингінде көш бастап тұр, оның еншісінде 1 358 ұпай бар. WBA (Super) нұсқасы бойынша әлем чемпионы Лара Эрисланди екінші орында.

Еске сала кетейік, Қанат Ислам 27 мамыр күні АҚШ-тың Флорида қаласында өткен кезекті жекпе-жегінде Норберто Гонсалеспен 12 раунд бойы жұдырықтасып, ұпай санымен жеңіске жетті. Отандасымыз 12 раунд бойы аралық үзілісте отырып демалмай, алдағы үлкен жекпе-жекке дайын екенін көрсетті.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button