"Үлкен жетілік": ғаламдық климатқа қатысты келісімге келе алмады
"Үлкен жетілік": ғаламдық климатқа қатысты келісімге келе алмады
Италияның Таормина қаласында өткен "Үлкен жетілік" саммитіне қатысушылар ғаламдық жылымыққа қарсы күрес мәселесі бойынша мәмілеге келе алмады.
Қорытынды коммюникеде АҚШ-тың ғаламдық жылымық салдарын еңсеру туралы мәселе бойынша әлі шешім қабылдамағаны айтылған. Өнеркәсібі дамыған өзге алты елдің жетекшілері ғаламдық климат туралы 2015 жылғы Париж келісімін ұстануға әзір екендерін білдірген. АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл мәселеге қатысты ұстанымын келесі аптада айқындайтыны туралы жазған.
"Үлкен жетілік" елдерінің барлығы қорытынды құжатқа протекционизммен күреске шақыруды енгізу жөнінде келіскен. Бұған дейін Трамп АҚШ-қа батыстағы Германия тәрізді жетекші серіктестерімен, сонымен бірге Қытай мен кейбір дамушы елдермен арадағы әділетсіз сауда шарттары зардабын тигізеді деген уәжбен протекциялық шараларды қолдап келген.
Бұған дейін сенбі күні ақпарат агенттіктері Италияның Сицилиядағы Таормина қаласындағы "Үлкен жетілік" саммитіне қатысушылар коммюникенің Ресейге қатысты бөлімі жайлы ортақ келісімге келе алмай жатқаны туралы хабарлаған. Кей елдер Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтуді қолдаса, кейбірі онымен келіспейтіндерін білдірген. Саммитке қатысушылар мигранттар мәселесі бойынша да ортақ пікірге келе алмаған.
Жұма күні "Үлкен жетілік" мүшелері терроризмге қарсы күрес туралы декларацияға қол қойған.