Жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланған мемқызметшілер жауапқа тартылады
Жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланған мемқызметшілер жауапқа тартылады
Қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланған мемлекеттік қызметшілерді жазалау шаралары басталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Жолдағы жемқорлық деңгейін төмендету бойынша 10 қадам" жобасын жүзеге асыру аясында агенттік жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталығымен бірлесіп, қызметтік этика тәртібін бұзуға, яғни мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөлікті пайдалануына жол бермеу үшін тұрақты түрде рейд шараларын өткізеді", - делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта 20 факті анықталған, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облсында 9, Маңғыстау облысында 4, Павлодар облысында 4 және Ақтөбе облысында 3 оқиға белгілі болды. Мәселен, 6 мамырда сағат 01:15 шамасында Павлодар қаласында Бекқожин көшесі бойынша Павлодар ауданы әкімдігіне қарасты "Коммунсервис" кәсіпорнына тиесілі ToyotaCamry ГРНЗ 073 АЕ 14 автокөлігі тоқтатылыпты. 13 мамырда Маңғыстау облысында сағат 00:30 шамасында "539 FLA 12" мемлекеттік нөмірі бар ToyotaLandCruiser 200 көлігі көзге түсті. Құжаттарды тексеру барысында бұл көліктің "Әкімдік істерін басқару" мемлекеттік мекемесіне тиесілі екені анықталған.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысында қала әкімі аппараты көлігінің, ал Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы көлігінің жұмыстан тыс уақытта пайдаланылғаны белгілі болды. "Осы фактілер бойынша аталған мемлекеттік органдарға кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шара қабылдау жөніндегі хаттар жіберілді. Бұл жұмыс барлық облыстарда азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тарту арқылы жалғасатын болады", — деп атап өтті агенттікте.