Астана полицейлері ЭКСПО қарсаңында қаланы "бомждардан" тазарта бастады
Астана полицейлері ЭКСПО қарсаңында қаланы "бомждардан" тазарта бастады
Астананың жергілікті полиция қызметі ЭКСПО қарсаңында қаланы баспанасы жоқ азаматтардан тазарта бастады. Тәртіп сақшылары лндаған «бомжды» Көкшетауға апарып тастаған. Тілшілерге сұхбат берген үйсіз азаматтар да өздерінің ЭКСПО қарсаңында қуылғандарын айтып отыр. Бұл туралы "КТк" телеарнасы хабарлады.
Телеарна тілшілері жаңа қалаға үйрене алмай жатқан астаналық «бомждар» туралы сюжет түсірген. Николай Сокол есімді қаңғыбастың айтуынша, оларды - 15 адамды автобусқа отырғызып, Көкшетауға әкеліп тастапты. Жергілікті тұрғындардың жақтырмауы өз алдына, жергілікті «бомждар» да нанымызға ортақтаспаңдар деп қабақ шытып отыр дейді ол.
Нұрлан Жанпейісов есімді азамат та үй-күйсіз, қаңғыбастардың қатарында. Оның айтуынша, 50 шақты адамды тәртіп сақшылары автобусқа отырғызып, Көкшетауға жеткізіп тастаған.
Көкшетауға қоныс аударған елордалық тұрақты мекен-жайы жоқ адамдардың көңіл-күйлері жоқ. Астанадағы «жілікті орындарынан» айрылғанына ашулы. Оның үстіне шақырылмаған қонақтарға жергілікті қаңғыбастар қыр көрсете бастаған. Тұрғындарда оларды мүсіркеп отырған жоқ.
Марфуға Жұматаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Көкшетауға несін жібереді? Ұят қой. Көкшетау деген атқа лайықсыз іс. Көбейіп кетті ғой. Масқара.
Мекен-жайы өзгерген астаналық қаңғыбастар ЭКСПО өтетін жерге бармас едік деп ренжулі. Ал полицейлер үй-күйсіздерді бас қаладан қуып жатқан жоқпыз дейді. Керісінше, арнайы орталыққа жеткізіп, бас сауғалайтын жер тауып берген.
София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
- Орталыққа 300 астам тұрақты мекен жайы жоқ азамат жеткізілді. Олардың кім екені анықталғаннан кейін туыстарын іздейміз.