Түркістанда Ясауи кесенесі маңындағы үйлердің бәрі сүрілмек
Түркістанда Ясауи кесенесі маңындағы үйлердің бәрі сүрілмек
Түркістан қаласының әкімдігі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында ондаған жыл бұрын салынған үйлер аймақтағы туризмнің дамуына кедергісін келтіріп отыр деп есептейді. Сондықтан бұл үйлердің бәрі сүрілетін болды, деп хабарлайды sn.kz.
Былтыр Түркістанға 1 миллионға жуық турист келген екен. Енді олардың санын тағы арттыру үшін жергілікті билік өкілдері 129 жекеменшік үйді сүріп тастамақшы. Олардың орнына келуші қонақтарға арналған нысандар бой көтереді. Алайда, тұрғынар әкімдіктің бұл шешіміне қарсы.
"Бұл киелі жер. Президент мұнда туризмді дамытыңдар деді, бірақ адамдардың көз жасы арқылы дамытыңдар демеген шығар?", – дейді Сұлтанбек Дүйсенов есімді тұрғын.
Үй иелерінің айтуынша, әкімдіктен ескерту қағаз өткен жылдың соңында келген екен. Ал, жуырда арнайы мамандар келіп, үйдің бағасын есептеп кеткен. Дегенмен, тұрғындар бұл ақшаны тым аз деп қанағаттанбай отыр.
"Менің үйімді 7 миллион теңгеге бағалады. Мен не істеймін ол ақшаны? Мен 7 миллионға жарты үй де сатып ала алмаймын ғой. Жер болса қымбат тұрады. Қалада қазір жер де беріп жатқан жоқ", – дейді Сергей Аминов есімді тұрғын.
Әкімдіктегілер бұзылған үйлердің орнына не салатынын әлі білмейді, бірақ жергілікті тұрғындарды ренжітпейміз деп отыр.
"Бұл әлі нақты баға емес. Егер тұрғындар наразы болса қайтадан есептейміз. Ал, сүрілген үйлердің орнына не салынатыны әлі белгісіз. Бірақ, салынады. Басқа жерге сала алмаймыз. Өйткені, кесене – басты нысан, өзгелері соның айналасына салынуы керек", – дейді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев.
Жергілікті тұрғындар болса кәсіпкерлердің бизнесі үшін көшіріліп жатқандарына сенімді. Олар бұл орындарға қонақ үйлер мен мейрамханалар салынады деп болжап отыр.