Жаңалықтар

Екі елге «көпір» болған Қорғас

ашық дереккөзі

Екі елге «көпір» болған Қорғас

Бүгінде еліміз іргелес жатқан көрші мемлекеттермен жан-жақты байланысты жақсартып келеді. Әсіресе, Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық салада екіжақты мықты әріптестік орнағаны белгілі. Соның бір дәлелі ретінде шекаралас аумақта бой көтерген «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының құрылғаны көпке мәлім.  Алғаш «Қорғас» ШЫХО-ын құру туралы идея 2002 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде қолға алынды. Содан бері бұл жобаның екі елге тигізер пайдасы көл-көсір екені нақты дәлелдермен сараланып, тез арада инвесторлар тарту ісін жеделдетуге кірісіп кетті. Жақында «Қорғас» ШЫХО-да өткен Кәсіпкерлер форумының басты талқылаған мәселесі де – инвесторлар ұсынған жобаларға қолдау білдіріп, экономикалық, сауда-саттық алаңына шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін тарту. Форумда сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің айтуынша, «Қорғас» ШЫХО ашылғалы бері қыруар шаруа еңсерілген. «Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан экономикалық аймақ отандық кәсіпкерлердің ісін дөңгелетіп әкетуге қолайлы мекен. Себебі бұл кәдімгі Ұлы Жібек жолының жұрнағы. Бүгінде теміржол арқылы тасымалданатын 900 млн тонналық контейнердің 10 пайызы біздің аумақтан өтіп жатса, мұның өзі тиімді. Екіншіден, қытай тарапының еліміздің азық-түлік өнімдеріне, атап айтқанда май, ұн, макарон, көкөніс, жеміс-жидекке деген сұранысы өте жоғары. Неге десеңіз, олар кең алқапта піскен табиғи, таза өнім тұтынуға ден қойып келеді. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер аянып қалмауы тиіс. Ал 2025 жылға дейін 50 мың халық тұратын қала бой көтеріп, экономикалық әлеуеттің дамуына серпін беретін нағыз сауда-саттық мекені болмақ», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мелісұлы. Ал «Қорғас» экономикалық аймағы партиялық жұмыс комитетінің әкімшілік істер жөніндегі хатшы орынбасары, Әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Ван Ган мырза өз сөзін екі елдің достық байланысынан бастады. «Қазақ-қытай қарым-қатынасы мен сауда-экономикалық ахуалын сөз етудің өзі қуантады. Қорғас – солтүстік-батыс қақпасы мен Қытай терезесі іспеттес. Қорғас – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен оған мүше бақылаушы мемлекеттер кеңістігіндегі негізгі орталық. Ең бастысы, мұны экономикалық белдеуде орналасқан Ұлы Жібек жолының бастауы дер едім. Бүгінде Қорғас «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының жүзеге асуына бірден-бір тірек бола алады. Себебі бұл географиялық орналасу жағынан да, саяси тұрғыдан қолдау, өнеркәсіптік әлеует, инвестиция тарту мен адам ресурстары астасып жатқан аймақ. Айта кету керек, биылғы жыл Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы болып жарияланды. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген Қытай тарапы туризм мен сауда-саттықты дамытуды көздеп, Қорғас аймағын халықаралық туристік кластерге, Іле-Қазақ автоном ауданындағы ең ірі туристік мекенге, сондай-ақ шекаралық туристік қалаға айналдыруға күш салуда», – деді.