Екі елге «көпір» болған Қорғас

Екі елге «көпір» болған Қорғас

Екі елге «көпір» болған Қорғас
ашық дереккөзі
Бүгінде еліміз іргелес жатқан көрші мемлекеттермен жан-жақты байланысты жақсартып келеді. Әсіресе, Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық салада екіжақты мықты әріптестік орнағаны белгілі. Соның бір дәлелі ретінде шекаралас аумақта бой көтерген «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының құрылғаны көпке мәлім.  Алғаш «Қорғас» ШЫХО-ын құру туралы идея 2002 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде қолға алынды. Содан бері бұл жобаның екі елге тигізер пайдасы көл-көсір екені нақты дәлелдермен сараланып, тез арада инвесторлар тарту ісін жеделдетуге кірісіп кетті. Жақында «Қорғас» ШЫХО-да өткен Кәсіпкерлер форумының басты талқылаған мәселесі де – инвесторлар ұсынған жобаларға қолдау білдіріп, экономикалық, сауда-саттық алаңына шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін тарту. Форумда сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің айтуынша, «Қорғас» ШЫХО ашылғалы бері қыруар шаруа еңсерілген. «Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан экономикалық аймақ отандық кәсіпкерлердің ісін дөңгелетіп әкетуге қолайлы мекен. Себебі бұл кәдімгі Ұлы Жібек жолының жұрнағы. Бүгінде теміржол арқылы тасымалданатын 900 млн тонналық контейнердің 10 пайызы біздің аумақтан өтіп жатса, мұның өзі тиімді. Екіншіден, қытай тарапының еліміздің азық-түлік өнімдеріне, атап айтқанда май, ұн, макарон, көкөніс, жеміс-жидекке деген сұранысы өте жоғары. Неге десеңіз, олар кең алқапта піскен табиғи, таза өнім тұтынуға ден қойып келеді. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер аянып қалмауы тиіс. Ал 2025 жылға дейін 50 мың халық тұратын қала бой көтеріп, экономикалық әлеуеттің дамуына серпін беретін нағыз сауда-саттық мекені болмақ», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мелісұлы. Ал «Қорғас» экономикалық аймағы партиялық жұмыс комитетінің әкімшілік істер жөніндегі хатшы орынбасары, Әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Ван Ган мырза өз сөзін екі елдің достық байланысынан бастады. «Қазақ-қытай қарым-қатынасы мен сауда-экономикалық ахуалын сөз етудің өзі қуантады. Қорғас – солтүстік-батыс қақпасы мен Қытай терезесі іспеттес. Қорғас – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен оған мүше бақылаушы мемлекеттер кеңістігіндегі негізгі орталық. Ең бастысы, мұны экономикалық белдеуде орналасқан Ұлы Жібек жолының бастауы дер едім. Бүгінде Қорғас «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының жүзеге асуына бірден-бір тірек бола алады. Себебі бұл географиялық орналасу жағынан да, саяси тұрғыдан қолдау, өнеркәсіптік әлеует, инвестиция тарту мен адам ресурстары астасып жатқан аймақ. Айта кету керек, биылғы жыл Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы болып жарияланды. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген Қытай тарапы туризм мен сауда-саттықты дамытуды көздеп, Қорғас аймағын халықаралық туристік кластерге, Іле-Қазақ автоном ауданындағы ең ірі туристік мекенге, сондай-ақ шекаралық туристік қалаға айналдыруға күш салуда», – деді.  width= Шынында да, «Қорғас» маңы төңірегіне асықпай зер салсаңыз, саудасы қыз-қыз қайнаған, қолөнері көздің жауын алған Ұлы Жібек жолының бастау бұлағы дерсің. Бұл екі ел арасындағы экономикалық белдеудің табыс әкелуі – нарық талабы. Мәселен, 2012 жылы «Қорғастан» 310 мың адам өтсе, қазір мұнда қатынайтын азаматтар саны 3 миллионнан асып жығылады. Ал күніне 3 мың адам емін-еркін кіріп-шығады. Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылға қарай орталықтан өтетін адамдар саны 8 миллионға дейін жетеді.

Кәсіпкер, мүмкіндіктен  қағылма!

 Айтпақшы,«Қорғас» инфрақұрылымын дамытуға мемлекет тарапынан 50 млрд теңге бөлінсе, ал жеке инвесторлар тарапынан 300 млрд теңге тартылған. Жыл соңына дейін инвесторлардан тағы 300 млрд теңге тарту жоспарда бар көрінеді. Себебі 2020 жылға дейін «Қорғас» ШЫХО» маңайы кемінде 50-60 мың тұрғыны бар көрікті қалаға айналуы тиіс. Қазірдің өзінде сауда-саттық алаңынан орын алып, өз үлесін салып жатқан инвесторлар жобаларын мақұлдатып, сөзден – іске кірісіп кеткен. Ертең гүлденетін қалаға, бүгін қор салмаса, кеш болатынын кәсіпкерлер де біледі. Форумда кәсіпкерлерді мазалап жүрген бірқатар мәселелерді тілге тиек еткен «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті Қаһарман Жазиннің айтуынша, биыл байқауға 21 инвестициялық нысан шығарылады. Бүгінде 63 инвестициялық жобадан жалпы құны 308 млрд теңге болатын 25 нысан бөліп берілді. Бес инвестициялық жобаның құрылысы аяқталды. Биыл тағы 12 инвестициялық нысанның (орталық алаңдағы 3 нысан, сауда галереясының 4 блогы, конгресс-холл, үшжұлдызды қонақ үй, сауда үйі, әмбебап базар мен шеберлер қаласы) құрылысын аяқтау жоспарда бар. Одан бөлек сауықтық және спорттық-емдік инфрақұрылымы (ойын-сауық саябағы, сауықтыру кешені, ипподром, көпфункционалды сауық орталығы) жасалған демалыс орындары, халықаралық іскерлік ынтымақтастық орындары (конгресс-холл, бизнес-орталық) нысандарын тапсыру көзделген. Яғни, ірілі-ұсақты компаниялар жоспарлаған сауда немесе ойын-сауық орталығын салуға үлкен мүмкіндік алады. Еліміздің кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауы – экономикалық саясаттың маңызды басымдылығы. Өңірдің және жалпы мемлекеттің экономикалық әлеуетінің нығаюы осы мәселені тиімді шешуге тікелей байланысты. Бізден тілек – олар кәсіпкерлік қызметін адал жүргізіп және жер учаскесін пайдаланғаны үшін жал құнын төлесе болғаны», – деген «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті кәсіпкерлерге үндеу жолдады. «Келешекте «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде салық жеңілдіктері бар арнайы экономикалық аймақ құрылады. Тұжырымдамада Салық және Кеден кодекстеріне, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау туралы кодекске, сондай-ақ мемлекеттік шекара, халықты жұмыспен қамту, арнайы экономикалық аймақ, валюталық реттеу және валюталық бақылау, пошта, ветеринария, өсімдіктер карантині мен автомобиль көлігі туралы заңдарға түзетулер енгізу қарастырылған. Бұл түзетулерді қабылдау «Қорғас» ШЫХО-ның Қытай мен Қазақстан арасында еркін тауар алмасуына, «Қорғас» ШЫХО аумағы шеңберінде тауар мен қызметтерді өткізу мен тұтынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс күшін квоталаудан басқа, ұлттық және шетелдік валютада өзара есеп айырысу, нақты мемлекеттік шекарада орналаспаған бақылау-өткізу пунктінде мемлекеттік бақылаудың барлық түрін жүзеге асыру мәселесін шешуге септігін тигізеді. Арнайы экономикалық аймақтың болашақ қатысушылары үшін «Қорғаста» белгілі бір жеңілдік пакетін қарастырып отырмыз. Оның ішінде жер салығын, жерді пайдаланғаны үшін төлемді, мүлік салығын, АЭА қызметі түрі бойынша корпоративті табыс салығын, АҚА аумағында өткізілетін тауарлар үшін нөлдік мөлшерлеме бойынша қосымша құн салығын төлеуден босату енгізілген. Біз Елбасының «Қорғас» ШЫХО-да арнайы экономикалық аймақ құру туралы Жарлығы және Парламент демалысқа шыққанға дейін «Қорғас» ШЫХО қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы» Заң қабылданады деп күтудеміз», – деді Қаһарман Жазин. Айта кететін бір жайт, қазір Қытай тарапынан бұл аймаққа кіру үшін қазақстандық визаны алу жөнінде көптеген ұсыныс түсіп жатқанға ұқсайды. «Биылғы жылдың алғашқы төрт айында «Қорғасқа» шамамен 700 қытай азаматы турист ретінде келген. Бұл көрсеткіш ай сайын артып келеді. Сондықтан біз Сыртқы істер министрлігіне «Қорғас» ШЫХО» аймағынан Паспорттық-визалық қызметін ашу жөнінде ойымызды жеткіздік. Егер бұл ұсыныс құпталса, экономиканың басқа да саласының тамырына сөзсіз қан жүгірер еді», – деді «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті Қаһарман Жазин мәселенің мән-жайына қанықтырып. Бір күнге ғана, қажетті затын алу үшін келетін ұйымдасқан туристер алыпсатарлықпен айналыспайды. Енді олар үшін арнайы дәліз жасалып, алдын ала мәліметтер ұсынған ұйымдасқан туристер шекарадан небәрі бірнеше минуттың ішінде өтіп үлгереді. Олар қайтарда жүктерімен шығатын кезде де солай болады. Осындай тәртіппен алыпсатарлықпен айналыспайтын адамдар арасында туризм ұйымдастыру жолға қойылған. Әрине, кәсіп көзін табу бар да, оны дөңгелетіп әкету бар. Бұл тұрғыда «Қорғас» ШЫХО» аумағында бизнес жобасын жүзеге асырғысы келетін кәсіпкерлердің кедергілерге тап болатыны да жасырын емес. Мәселен, біз қытай халқының Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің тауарына деген сұранысы жоғары екенін айтсақ та, кей жағдайда мұны экономикалық тұрғыдан қанағаттандыра алмайды екенбіз. Себебі кәсіпкерлер мен туристер қытай кеденінен тауарды көтерме және бөлшек түрінде, яғни азық-түлік – ет, шұжық, сүт және шарап өнімдерін өткізгісі келсе, арнайы өткізу құжаты мен сертификатының жоқтығы салдарынан бірқатар қиындыққа кезігеді. Демек, Қазақстан үшін әлі күнге дейін Қытайдың азық-түлік нарығына шығу қиын болып отыр. Мәселен, астыққа шектеу бар. Қазақстанға берілетін квоталар аз. Отандық тауар өндірушілері болса, квоталардың мүлдем болмағанын қалайды. Енді, қазір ет бойынша тосқауылдар біршама азайған. Ал жылына 40 мың тонналық 300 түрлі өнім өндіріп, оның 20 пайызын экспортқа шығаратын «Рахат» кондитерлік фабрикасы өнімінің негізгі тұтынушылары Қытайда. Алайда фабрика бұл сұранысты толыққанды қанағаттандыра алмай отырған көрінеді. Бұл жөнінде «Рахат» кондитерлік фабрикасы АҚ-ның Сыртқы сауданы дамыту жөніндегі департамент бастығы Ирина Гулинина: «Біздің тауар Қытай нарығына қосымша құн салығы есебімен бірге өтеді. Бұл бізге тиімсіз. Есесіне, ресейлік әріптестер шекарадан қосымша құн салығынсыз өтеді. Осы тұрғыда бәсекелестік бәсеңдейді. Сондай-ақ, тауар белгілерін тіркеу де үлкен мәселе. Басқа елдің нарығына кіру үшін брендтік тауарды қайта тіркеуге тура келеді. Германияда, Ресейде, Қырғызстанда тіркеттік. Бұл едәуір шығынды талап етеді. Егер тауар белгісін тіркеуге байланысты өтініш жазсаң, ол екі ай, тіпті жарты жыл қаралуы мүмкін.  Осы мәселе шешілсе деген үмітпен келдім», – дейді. Ал Қаһарман Жазиннің пікірінше, елімізде сырт елге жөнелтілетін тауардың қауіпсіздігі мен талапқа сай екендігін растайтын сертификат беретін арнайы техникалық мүмкіндіктерге бай зертханалық ұйымдар бар. Әрі бұл сертификат екі елге де жарамды. Қазір осы түйткіл бойынша «Қорғас» ШЫХО» мен Ауылшаруашылығы министрлігі бірлесіп жұмыс істеуге кірісті.

Инвестицияның қайтарымы мол

Кәсіпкерлер форумының ең қызықты сәті де осы – инвесторлардың ұсынған жобалары болды. Бірі бірінен өтеді. Мәселен, «Қорғас-Кат» ЖШС бұл маңнан аумағы 4,31 гектарды алатын Орталық алаң салмақшы. Салынатын инвестиция көлемі 13, 9 млрд теңге. Бұдан бөлек құны 37, 1 млрд теңгеге бағаланған Сауда галареясының құрылысы 2018 жылы аяқталады. Ал TZhS Development Group инвесторлық топтардың 5,3 жұлдызды қонақүй сауда кешенінің тұсаукесер жобасын көргенде еріксіз таң қалдық. Егер жоба дәл суреттегідей болса, қаладағы қонақүйлерден де асып түсетіндей әсер қалдырады. Әсіресе, Қолөнершілер қаласы мен Қазақ этноауылының жобасы  Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне мекенді көз алдымызға әкелді. Инвесторлар кішкентай балақайларды да ұмытпапты. «Happyland» көпфункциялы саябағының өзі 50 гектар аумақты алып жатыр. Мұны кәдімгі DisneyLand саябағы дерсің. Бұдан өзге 3 мың адам сиятын Конгресс-холл сарайы нағыз мәдени, экономикалық шаралардың орталығына айналмақ. Жиналған кәсіпкерлік орта осы секілді он шақты инвестордың «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығына салатын жобаларымен танысты. Біз «Қорғас» ШЫХО-дан 3 жұлдызды қонақүй сауда кешенінің инвесторы Жеңіс Түркия мырзаны әңгімеге тартқанымызда, ол екі елдің арасындағы экономикалық аймаққа өз үлесін қосып жатқанын мақтанышпен жеткізді. «Қазір Қазақстан тарапынан салынып жатқан нысандар көп. Еліміз шағын және орта кәсіпкерлікке көңіл бөліп отыр. Арнайы келісім негізінде Қытай тарапымен бірге жобамызды бастап кеттік. Себебі біздің қытай халқынан үйренетін тұсымыз көп. Ал қонақ үйге тек екі жақтың туристері ғана емес, болашақта басқа елдерден арнайы атбасын бұратындар көбейеді. Бізде демалу, спорт және сауықтыру, сауда жасау алаңдары болады. Мәселен, қазірдің өзінде Қытай арқылы жылына 5-6 млн адам келеді. Оның үстіне визасыз режим болғандықтан туристер ағылады. Енді бір бес жылдан кейін бұл аймақ нағыз экономикалық қалаға айналады деген сенім мол», – дейді кәсіпкер.

«Қорғас» – сауда-саттық алаңы

Осыдан біраз жыл бұрын киім-кешек, үйге қажетті заттарды Қырғызстаннан әкелетін саудагерлердің бағыты бүгінде өзгерген. Қазір олар тікелей «Қорғасқа» тартады. Оның үстіне алғашқыда Қазақстан азаматтары шекарадан шетелдік құжат арқылы өтіп келсе, 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап визасыз тәртіп орнап, жеке куәлік арқылы жүруге болады. Бүгінде екіжақты сауда үшін Қытай аумағында визасыз, яғни, Қазақстан мен өзге де елдердің азаматтары жеке куәлігі мен паспорты болған жағдайда Қытай аумағында 30 күн визасыз жүре алады. Ал «Алматы-1-Алтынкөл» бағыты бойынша теміржол қатынасының іске қосылып, жолаушылар тасымалдағанына да төрт жылдан асты. Күн сайын қатынайтын пойыз 5 жарым сағатта «Алтынкөл» стансасына жеткізеді. Әрі қарай жолаушылар Орталыққа бару үшін автобусқа отырады. Шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы қонақтарды күн сайын таңғы сағат сегіз жарымнан кешкі алтыға дейін қабылдайды. Айта кету керек, Қазақстан аумағына кіргізілетін жүктің құны 1500 еуроны құраса, ал салмағы 50 келі болса тауарға шекаралық баж салығы салынбайды. Мұның қызығын саудамен айналысатындар көруде. Біз әңгімеге тартқан Зәмзәгүл атты келіншек төсек жабдықтарын сатуды кәсіп еткен. Ол бұған дейін тауарды қырғыздың «Дордой» базарынан әкелген екен. Алайда, қазір Қазақстан мен Қырғызстан шекарасынан тауар өткізу мәселесі де күрделеніп кетіпті. Баға да шарықтаған. «Бүгінде еліміздің базарын қырғыздың киім-кешегі жаулап алды. Біздің қарапайым халықты қырғыз киіндіріп жатқаны ащы да болса шындық. Олар біздің нарықтағы қырғыз киімінің өтімділігін білді ме екен, бағаларын да аспандатып жіберді. Сол себептен де қазір «Қорғастан» төсек жабдықтарын әкеп сатамын. Өзіміздегіден әлдеқайда арзан», – дейді. Дегенмен, саудагер келіншек мұндағы кеден бекетінде ұзын-сонар кезектің уақыт алатындығын айтады. «Қазпошта» ұйымының қабылдау тіректерінің саны, жүктерді және көліктерді қабылдайтын адамдар саны көбейсе деген тілегін жеткізді. P.S Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты еңбегіндегі: «Соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды...» деген сөз орамдары көзге жылы ұшырасып еді. Бұл пікір ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның, жаңа технологияның, сондай-ақ қаржы мен сауда-саттықтың ғасыры екенін айшықтай түскендей.    «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығы бес жылдан   кейін көрікті қалаға айналмақ. Ал 2020 жылға қарай мұнда жылына 5,5 миллион тонна жүк тасымалданады деп болжанған. Бір айта кетерлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, отандық өнімді Қытай мен Иранның нарығына өткізу жұмысын қолға алды. Бұдан бөлек азық-түлік өнімдерін Қытайға өткізудегі шектеулерді алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұр. Бүгінде елімізден май өнімдері, бидай, балық еті экспортталуда.  Ал биыл ірі қара, ұсақ мал еті мен балды экспорттауға мүмкіндік туып отыр.