Жаңалықтар

Білімге таппай тура жол

ашық дереккөзі

Білімге таппай тура жол

Бүгінгі заман – білімді жастардың дәуірі. Еліміздің білім беру саласына баса мән беретіні де сондықтан. Бұл салаға қанша көңіл бөлінсе де, білім беру жүйесінде түйіні тарқамаған түйткілдер көп екені жасырын емес. Оқу жылы аяқталар тұста Білім және ғылым министрлігі кезекті бір мәселенің шешімін табу жолын ұсынды. Біраздан бері оқушыларға берілетін үй тапсырмасының көп уақыт алатындығы ата-аналардың мазасын қашырып жүргендігі көпке мәлім. Енді министрлік үй тапсырмалар көлемін азайтуға кіріспек. Оқушыларға үй тапсырмасын беру мәселесіне қатысты айтыс-тартыстың басталғаны бүгін ғана емес. Ата-аналардың кейбірі балаларға үйге тапсырма берудің қажеті жоқ дейді. Олардың айтуынша, ұстаздар үйге үйіп-төгіп тапсырма беретіндіктен, балаларға үлкен ауыртпалық түседі.

Оқушылардың  үй тапсырмасы азаяды

Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамда қызу талқыланған мәселе еді. Сол кезде Білім және ғылым министрлігі үй тапсырмаларының арнайы бекітілген норма бойынша берілетіндігін тілге тиек етіп, мұндай мәселенің көтерілуі орынсыз деген сыңай танытқан. Алайда биылғы жылы білім саласына жауапты ведомство аталған тақырыпқа қайта айналып соқты. Бұл жолы Білім және ғылым министрлігі еліміздегі мектептерде үй тапсырмасын ұйымдастыру және орындау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтарды бекітті. Осылайша, қазақстандық мектептердің тарихында алғаш рет бейінді ведомстволық деңгейде оқушылардың үй тапсырмасын мөлшерлеу әдістемесін қамтитын құжат қабылданды. Министрлік өкілдері әдістемелік нұсқаулар оқушылардың оқу жүктемесін төмендетіп, олардың өздік жұмысқа ынтасын және жалпы алғанда үлгерім сапасын арттырады деп үміттенуде. Жыл басында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аталған мәселемен арнайы топтың айналысып жатқандығын айтып ескерткен. Үй тапсырмасын ата-аналардың орындайтыны, одан оқушылардың білім деңгейінің көтерілмейтінін айтқан министр Ерлан Сағадиев біріншіден, үй тапсырмасын қысқартуды, екіншіден, электронды күнделік енгізу қажеттігін айтты. Министрліктің үй тапсырмалары мәселесіне назар аударуына себеп болған статистикалық деректер десек қателесе қоймаспыз. Халықаралық әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, біздің оқушылар әлемдегі 65 елдің ішінде үй тапсырмаларына көп уақыт бөлетін төрттіктің құрамына кірген. АҚШ, Ресей, Сингапурдан кейінгі орынға жайғасқан. Ал халықаралық зерттеу нәтижелері үй жұмысының көлемі мен білім саласындағы табыстың арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсетеді. Бұл мәселені талқылау үшін ұстаздар мен білім беру саласы мамандарының қатысуымен 2 рет ауқымды жиын өтіп, оның қорытындысы бойынша үй жұмысын оңтайландырудың екі нұсқасы ұсынылды. Бірінші нұсқа бойынша үй жұмысы барлық пәннен қысқартылса, екінші нұсқа жекелеген пәндер бойынша үй жұмысын қысқартуды ұсынады. Екі нұсқа бойынша да үй тапсырмасын орындау уақыты орта есеппен күніне бір сағатқа қысқарады. Арнайы жұмыс тобының ұсыныстарын жан-жақты қарастырған министрлік соңында бір шешімге келді. Сөйтіп, арнайы құжат қабылдап, балалардың үй тапсырмаларына бөлінетін уақыт пен тапсырма көлемінің нормасын бекітті.

Үй тапсырмасы оқу үлгерімін жақсарта ма?

 Ғалымдардың пікірінше, оқу үлгерімінің жақсаруына оқушыларға тапсырылатын жұмыстың аз болуы елеулі әсерін тигізеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, үйге берілген тапсырмаларды оқушының үнемі орындап, дұрыс ұйымдастырып отыруы оның жақсы үлгеруіне керекті шарттың бірі. Бір өкініштісі, оқушыларға кейде ақыл-ой күшін көп жұмсауды талап ететін тапсырмалар ғана емес, тіпті, дене күшін орасан мол жұмсауды керек қылатын тапсырмалар беріледі. Шамасы келмейтін тапсырманы алған оқушылардың бірсыпырасы оларды орындауды мүлде қояды, ал енді біреулері оны жарым-жартылап қана орындайды, осыдан барып оқушылардың алған білімінде олқылықтар пайда болады да, нашар оқитын оқушылар саны артады. Сонымен қатар, үй тапсырмаларын орындау барысында қазақстандық оқушылар басқа елдердегі құрдастарына қарағанда, ата-аналарының көмегін жиі жүгінеді екен. Бұл ретте Қазақстан 65 елдің ішінде 1-ші орында. Мұндай дерек те халықаралық статистика бойынша дәлелденіп отыр. Ата-аналар тарапынан оқушыларға берілетін үй тапсырмалары көлемінің аса көптігі бірнеше рет көтерілген. 2014 жылы осы тақырып қозғалғанда Білім және ғылым министрлігі бұрыннан бар талапты өзгертпейтінін шегелеп айтқан-ды. Жалпы, үй тапсырмасы әр жас ерекшелігіне қарай беріледі және үйге берілетін тапсырмалар көлемі сыныпта орындалатын тапсырмалардан аспауы керек. Мысалы, 1,2-сыныптарда үйде орындалатын тапсырма 1 сағаттан аспауы қажет. 3,4-сыныптарда 2 сағаттан, ал жоғарғы сыныптарда 4 сағаттан аспауы тиіс. Мамандардың айтуынша, шамадан тыс жүктеме балалардың жүйке жүйесінің  шаршауына алып келеді. Бала неврозға шалдығуы мүмкін, жиі мазасызданып, өмірге деген құлшынысы азая түсуі де әбден ықтимал. Білім беру саласындағы әлемдік сарапшылардың бірі де бірегейі Альфи Кон «Үй тапсырмасы туралы мифтер» кітабында төменгі сыныптағылар үшін үй тапсырмасының ешқандай маңызы жоқ екенін, жоғарғы сыныптарда да оның пайдасы аз екенін жазады. Алайда Конның пікірімен келіспейтіндер де бар. Ақпарат құралдарында жарияланған Том Шеррингтон есімді шетелдік оқытушының сөзіне сүйенсек, бастауыш сынып оқушысына тапсырманы үйге бергеннен пайда аз екен. Дегенмен, 11 жастан асқан оқушы үй тапсырмаларын орындау арқылы елеулі жетістіктерге қол жеткізе алады. Ал әр елдегі оқушылардың үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақытын зерттеген TMISS зерттеу орталығы төртінші сыныптағы оқушылардың тек 7 пайызы ғана үй тапсырмасын орындамайтынын анықтапты. Бұл дегеніміз үйге берілген тапсырманы орындаудан бас тартатын оқушылар қатары көп емес деген сөз. Алайда үйге берілген тапсырма көлемі көп және күрделі болса, тапсырманы орындауға күші жетпеген бала амалсыздан бас тартатыны анық. Ендеше, тапсырманың орындалу-орындалмауынан бұрын оның күрделілік деңгейін анықтап алған жөн секілді. Үйге берілетін тапсырмалардың көлемін азайтып, тапсырмаларды жеңілдетер болса, мектеп оқушыларының бос уақытында тынығуға, әдеби кітаптарды оқуға, шығармашылық жұмыспен айналысуға, спортпен шұғылдануға мүмкіндігі болар еді.

Дамыған елдерге қарап  бой түзеген дұрыс па?

 Оқушыларға берілетін үй тапсырмасы шәкірттің білімін арттыруға көмектеспесе де, тақырыптарды үйде бір қайталап шығудың зияны бола қоймас. Алайда үйге берілетін тапсырмалардың күрделілігі және көптігі оқушыларды ғана емес, ата-аналарды да титықтататын көрінеді. Жақында «Шаншар» әзіл-сықақ театрының бір қойылымы осы мәселеге арналып, әдемі әзілмен білім саласына жауапты ведомствоны түйреп өткендей болды. Немерелерінің үй тапсырмаларын бүкіл ауыл болып орындайтын күйге жеттік деп арызданған ардагер ұстаз мектепке Астанадан келген комиссия басшысына көкейіндегі сауалдарын қояды. Әлгі үйде шеше алмай жүрген тапсырмалардың жауабын сол басшыдан сұрайды. Нәтижесінде басшының тапсырма жауабы тұрмақ, жүзеге асып жатқан реформаларды да дұрыс түсінбейтіндігі мәлім болады. Әзілдей отырып білім саласындағы олқылықтарды көзге шұқып көрсеткен театр ұжымына қарапайым жұрт риза. Тек соны жоғарыдағылар көрді ме екен?!. Еліміз оқушылардың үй тапсырмаларына бөлетін уақыты бойынша көш басында тұрғаны мақтаныш па? Әсілі, бұл мақтанатын жайт емес. Әлемнің дамыған елдері – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция елдеріндегі оқу жүйесі мүлдем бөлек әңгіме. Аталған мемлекеттерде мектеп оқушылары негізінен 5 күн оқиды. Американың кейбір штаттарында 4 күндік оқу жүйесі қолданыста. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің дамыған елдерде қалыптасқан үрдіс бойынша 5 күндік оқыту жүйесіне көшу туралы бастамасы да осыдан басталған секілді. Бұл елдердегі оқушыларға берілетін үй тапсырмалары да біздегі форматтан өзгеше. Біздің мектептердегідей оқулықта қалған жаттығуларды орындап келу секілді тапсырмалар берілмейді. Қазақстан мектептерінде сыныпта шығарған есептердің жалғасын үйде аяқтау немесе соған ұқсас есептермен үйде тағы да бас қатыру міндетке айналып кеткендей. Ал жоғарыда аты аталған мемлекеттердегі ұстаздар көбіне оқушыларға үй тапсырмалар ретінде қызықты шығармашылық жұмыстарды жүктегенді жөн санайды. Бала шығармашылық қабілетін арттырады, ата-ана баласының тапсырмасы үшін алаңдамайды, ұстаз әрбір шәкіртті жеке жұмысы үшін бағалайды.

Фин үлгісін алсақ ше?

Әлемдегі ең озық білім жүйесі қалыптасқан елдердің бірі – Финляндия. Бұл сөзімізді халықаралық ұйымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Назар аударар бір жайт, білім саласы көш бастап тұрған Финляндия мектептерінде оқушыларға үй тапсырмасы мүлдем берілмейді екен. Тіпті, мұнда кіші (бастауыш) сыныптағы оқушыларға баға да қойылмайды. Олардың түсінігінше, мектептен кейін бала тынығуы, демалуы тиіс. Финдер үйде сабақ қарағаннан гөрі, баланың ата-анасымен тиімді уақыт өткізіп, мұражайға, бассейнге барып, табиғат аясында демалғаны жөн деп санайды. Финляндияның білім беру жүйесі балалар сабақты рахаттанып оқитындай етіп ұйымдастырылған, сондықтан мектептегі сабақ балаларға ешқандай ауыртпалық түсірмейді. Мектепте оқытушы балаларға ортақ тапсырма беріп, оның орындалуына көмектесіп жүреді. Фин мұғалімдерінің пікірінше, білім берудің мақсаты – балаларға тесттегі жауаптардың дұрыс нұсқаларын белгілеуді үйрету емес, баланы сыни тұрғыдан ойлауға және өздігінен шешім қабылдауға қабілетті тұлғаға айналдыру. Тіпті, мұнда балалар сабақ айту үшін тақта алдына шығарылмайды. Мұғалімдердің жұмысын ешкім қадағаламайды. Олар есеп жазып, басшылыққа тапсырып отыруға да міндетті емес. Мұнда мұғалімдер оқыту әдістемесі мен қажетті оқу әдебиеті тізімін өздері құрастырады. Міне, финдерден үлгі алатын тұсымыз да осы. Әйтпесе, бізде оқушының тапсырмасына көмектеспек түгілі, өзінің қағаздарын толтыруға үлгермей, жүйкесі жұқарып жүретін ұстаздардың қатары көп. Ал білім саласындағы реформалар күтпеген жерден қабылданады да, елдің есін шығарады. Тіпті, басталған жұмыс аяғына жетсе де қуанар едік. Жарты жолда қалып жатқан жобалар қаншама?!. Деректерге сүйенсек, соңғы 11 жыл ішінде мемлекет білім беру саласына республика қазынасынан 1 триллион 207 миллиард теңге шығындаған екен. Бірақ қыруар қаржы бөлінген білім саласындағы басты адамдар – ұстаздардың жағдайы әлі де мәз емес. Шәкірттен үздік нәтиже күтер болсақ, әуелі ұстаздың жағдайын жасау қажетті дәлелдеуді қажет етпейтін секілді. Ұстаздар қағазға, оқушылар үй тапсырмасына көміліп жатқанда, білім саласының арбасы алға жылжи қоюы екіталай...