Қазақтың бас батыры – Қабанбай
Қазақтың бас батыры – Қабанбай
Таяуда Талдықорған қаласында даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырдың 325 жылдығына арналған «Дарабоз батыр – Қабанбай» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, ас берілді. Айтулы шара батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Ғылыми конференцияда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Аман Төлемісов, Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтыбай, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш және «Қаракерей Қабанбай батыр» қоғамдық қорының төрағасы Камал Әбдірахман баяндама оқыды. Аталмыш авторлардың ғылыми баяндамаларында тың деректер, тарихи шындық пен батырдың өмірі мен шайқастарына, замандастарына қатысты дәлелденген деректер ұсынылды.
Жастайынан жаугершілік пен шапқыншылықтың зардабын көріп өскен Ерасыл бүкіл еліне, жұртына төнген зұлматтың қандай екенін, бойына сіңіріп, сезініп өскен қазақ ұлдарының бірі. Қабанбай Қожағұлұлы – 1692 жылы дүниеге келіп, 1770 жылы қаза табады. Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен деседі. Ал сүйегі Үшбұлақтан 3 шақырым жерде «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Батырдың өмірбаянына қатысты тарихи деректерді Амангелді Төлемісов жинақтап, өз баяндамасында қалың қауымға ұсынды. «Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген», – дейді тарихшы.
Баяндамашының деректері бойынша, Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Циянлұң патшаның 1760 жылы 25 наурыз күні Қазақ хандығына жолдаған хатында: «Қазақтың Аблмамбет, Абылай, Әблпейіз және Қабанбайларына...» деген есімдердің аталуына қарап біз осындай тұжырымға келеміз. Мұның өзі сол Абылай заманында өткен қазақтың ұлы жыраулары Бұхар, Үмбетей, Саршуаш, кейінгі Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали аталарымыздың Қабанбай батырды бар батырдың басына қойып жырлаған жырларымен және жазба деректерімен бірдей шығып отыр.
Орыс деректеріндегі Қабанбай батыр туралы деректерді тарихшы былай тізеді. «Орыс тарихшыларының жазбаларында Қабанбай батыр айрықша аталып отырады. Орыс тарихшысы Кузнецовтің 1750 жылдардағы жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр бастап, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады...» – деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Веляминов-Зернов 1752 жылдары Еділ қалмақтары Қытайға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетпек, болғанда сол елді қалың қол бастап, құтқарып қалған адам қазақтың Қабанбай батыры екендігін жазған.
Қаракерей Қабанбай батыр бейнесі
Даңқты қолбасшы Қабанбай батырдың өмір сүрген жылдары, ұрыс алаңындағы ерліктері мен осы күнге дейін жарияланбаған мағлұматтар келесі ғылыми мақалада көрініс тапты. Мәселен, Қаракерей Қабанбай 103 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. Көптеген әдеби-тарихи туындыларда Дарабоз батырдың образы әрқилы жасалды. Бұл туралы «Қазақ романдарындағы Қаракерей Қабанбай батыр бейнесі» баяндамасында Нұрдәулет Ақыш бірнеше шығарманы атап көрсетті. Бүгінгі әдебиетімізде қазақ тарихының қойнауынан сыр тартып, нақты деректерге сүйене отырып жазылған көлемді прозалық шығармалар қатары уақыт өткен сайын толығып келе жатқаны белгілі. Сондай көркем дүниелердің бірі – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясында, Софы Сматаевтың «Елім-ай», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары. «Бұл туындыларда Қаракерей Қабанбай образына қатысты жекелеген эпизодтар кезігіп қалып отырады. Ал Әнуар Әлімжанов «Жаушысында» бұл бейнені жасауды міндет деп санамаған сыңайлы. Насихаты жетіспегендіктен, осы кезеңдегі тарихи оқиғаларды көркем шындыққа айналдырған көлемді романдардың бірі – Жолдасбай Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» дилогиясы. Оқырман жұртшылық тарапынан аса ыстық лебізге ие бола қоймаса да, өз кезеңінің панорамалық келбетін біршама көрсете алған шығарма», – деп жазады баяндамасында Нұрдәулет Ақыш. «Романда Қабанбай – батыр ғана емес, елді аузына қаратқан би, шешен екеніндігін сездіретін штрихтар да кездеседі... Қазақ халқының тарихындағы елеулі жаугершілік кезеңдер туралы шоқтықты дүниелердің қатарында Қабдеш Жұмаділовтің Қаракерей Қабанбай батыр тұлғасын негізге ала отырып жазған «Дарабоз» дилогиясын атап өтуге тиіспіз. «Дарабоз» – Қаракерей Қабанбай батырдың жоңғарлармен болған бір шайқаста көзге түсуіне орай, қатты риза болып кеткен Абылай ханның қойған лақап аты. Жазушы Қабанбай тұлғасын біржақты суреттеумен шектеліп қалмай, оны әр қырынан ашып көрсетуді жөн санаған... Қабанбайдың көптеген жекпе-жектерінің ішінде қалмақтың Шамал ханымен жекпе-жегінің бояуы қанық, әсерлі. Ол ең соңғы мәрте қас жауы Балдыбектің баласы Қарабекке найза сілтеп барып, аттан құлап түседі. Өйткені жетпістен асқан дімкәс қарт Қабанбайды ауру әбден меңдеген болатын. Сөйтіп өмірінің соңғы күндеріне дейін елін, жерін қорғау жолында соғысып жүріп, ат үстінде найзасын қолында ұстап жүріп жан тапсырады» деп түрлі тарихи деректер келтіреді. Әсілі, бұған дейін батырдың тұлғасын ашатын талай дүние жазылды, мектеп жасындағы балалардың өзінен қазақ батырларын атап бер десе, Қаракерей Қабанбай батырдан бастайтыны шындық.Қабанбайдың жерленген жері – Ақмола
Ә.Марғұлан атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында Қаракерей Қабанбай туралы 18 дастан сақтаулы. Зерттеуші Камал Әбдірахман батырдың жерленген жері жайында мынадай дерек келтіреді. «Аңыздар мен дастандар батырдың Арқада туып, сонда қайтқаны, жерленгені жөнінде бір ауызды. 1897 жылы Көктұмадағы найман түселінде батырдың тікелей ұрпағы төбе би Сүлеймен мен Маусымбай шежіреші айтып отырып, Кәрібай ақынға «Байжігіттің үйленуі», «Қабанбайдың жаралмышы», «Мұрын Байжігіт» атты дастандарды жырлатыпты, жазғызыпты. Бұлардың түпнұсқасы Астанадағы «Отырар» кітапханасында сақтаулы. Байжігіттің үйленген жері нақтылы айтылады, ол жер – «Жайлауы Дәулеткерей Есіл-Нұра» деп анық көзделеді. ...Аристов 1816 жылы «Аякөз» маңына байжігіттер деген келіп, қоныстана бастады. Олардың қытаймен екі ортадағы қатынасқа тигізетін әсерін зерттеу қажет» деп жазады. ...Тарих ғылымдарының докторы Н.Бекмаханова «Легенда о невидимке» атты кібатында былай дейді: «1740-1760 жылдары қазақ даласындағы игі жақсылар қауымдық, жайылымдық және қыстаулық жерлерді иемденіп болды... Қабанбай батыр Есіл мен Нұра өзенінің бойы мен Көкшетай төңірегін жайлады» деп жазады. Міне, аңыз, дастан, тарихи деректер бір жерден шықты. Қабанбай батыр Арқада туып, Арқада қайтыс болғаны тарихи шындық. Баяндамашының айтуынша, қазіргі топонимдер бойынша көптеген ұлы тұлғалардың туып-өскен және жерленген жерінен көз жазып қалудың себебі осы. Бұрынғы рулардың мекен еткен жері басқаша, қазіргі қонысы ауысып кеткен. Бұған дәлел көп. Жетісу жерінде қалмақтың батыры қоныстанса, Аягөзде байсуандар, жалайырлар отырған.Қабанбай аманаты...
«Қаракерей Қабанбай аманаты тарихи сана және ұлт-ағарту кеңістігінде» атты баяндамасында Кәкен Қамзин «Дарабоз бабамыз қолдан жасалған, әсіреленген тұлға емес, талғампаз да сабырлы тарихтың, салиқалы елдің бел баласы. Хақтың қазаққа тартқан ерекше сыйы» деп жазады. «Басқаша айтсақ, Қаракерей Қабанбай батырдың аманатын осы Көк бұйрығынан, қазақ халқына тиесілі ұлан-байтақ өрістен, сол қонысты жайлаған елдің береке-бірлігінен іздеген жөн. Оның аманаты ХХІ ғасырға аяқ басқан қазақ ұлтының сана инновациясынан, ғылыми-технологиялық қарыштауынан, мәдени-өнери өркендеуінен, ақжүрек-кеңпейілділігінен тарайды», – деп бастады баяндамашы. Бұдан кейін Қабанбай батырдың ерлігі, шайқастары мен замандастары, өмірбаянының зерттелуіне тоқталды. «...Қаракерей Қабанбай батыр ғұмырын зерттеу, шындығын айтар болсақ, бертінде қолға алына бастады. Оның өзіндік себептері де бар. 1930 жылы 18 қаңтарда Сейіт Жұмағұтұлы деген кісі Ілияс Жансүгіровке араб әліпбиімен хат жазады. Осы хатында ол басқа шығармалармен қоса «Қабанбай батыр өлеңі» – бір кітапша толық жібердім деп көрсетеді». «1991 жылы Қаракерей Қабанбай бабамыздың 300 жылдық мерейтойы Үйгентас ауданында халықаралық деңгейде атап өтілгенін көзіміз көрді. Қатыстық. Осы уақытқа дейін ондай ірі шараны өз басым байқаған емеспін. Ол халықтың ұлы қолбасыға, мемлекет қайраткеріне көрсеткен ерекше мейірімі, айрықша ықыласы еді. Дәл сол кезде қазақтың рухы көкке көтерілді, намысы шырқау биікке асқақтады. Көп ұзамай қазақ ұлты өзінің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін қалпына келтірді. Содан бері небір заман өтті, экономикалық, саяси-әлеуметтік небір алағай-бұлағай кезеңдерден аман-есен өттік. Құдайға шүкір, тіршілігіміз түзелді, жыртығымыз бүтінделді, тұрмысымыз жөнге келді. Бұдан басқа айтарымыз мынадай. Қазір еліміздің территориясында 25 мыңдай мәдени-тарихи ескерткіш бар екен. Енді Ұлы қолбасшыға арналған арнайы әскери, дипломатиялық мұражай сол қатардан орын алу қажет. Сонымен қабат Қаракерей Қабанбай батырдың ғылыми жағынан тиянақталған ғұмырнамасын шығару кезекте тұрған үлкен шаралардың бірі деп білемін. Осыларға қоса жаңа деректермен толықтырылған «Қаракерей Қабанбай батыр» энциклопедиясын дүниеге әкелу де – ауқымды шаруалардың бірі. Қазір, өкіншке қарай, Мұқан Төлебаевтың деңгейіндегі композитор жоқ. Дегенмен «Қаракерей Қабанбай» операсын жаза алатын композитор табу да – болашақтың ісі. Оның үстіне Қаракерей бабамызға арналған көп сериялы көркем фильмнің сценарийін, түсірілімін қолға алатын мезгіл де жетті», – деп баяндамашы батыр рухына бағышталған іс-шаралар легімен бөлісті. Қазіргі кезде батырға көптеген ескерткіш орнатылды. Соның бірі – Стамбұлдағы Бахыркөй ауданының Киікті саябағында еңселі ескерткіш бар. Қытайдың Іле аймағында Қабанбайдың есіміне берілген шың бар. Аты аңызға айналған батыр – Қаракерей Қабанбайдың қазақ халқының басына күн туғанда жасаған ерліктері мен Отанына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны өз заманының кемеңгер тұлғалары – Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, Сарышуаш кейіннен Ш.Уәлиханов, Құрбанғали Халид, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Торайғыров, Б. Садықан, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхамедханов, С.Ғаббасов, З. Қинаятұлы, т.б. ғалымдар жазып, талай ақындар Қабанбайдың ерлігіне өлең-жырларын арнаған.