ЭКСПО: Астанаға тәулігіне 20 мыңға жуық адам келеді

ЭКСПО: Астанаға тәулігіне 20 мыңға жуық адам келеді

ЭКСПО: Астанаға тәулігіне 20 мыңға жуық адам келеді
ашық дереккөзі
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселесіне арналған брифингте ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр көрмеге шетелдік қонақтардың басым көпшілігі әуе көлігімен келетінін атап өтті. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ алдын ала болжамдары бойынша көрмеге келушілердің түпкілікті саны анықталды. Шамамен 2,45 млн адам, соның ішінде аймақтардан 1,8 млн адам тамашалайды. Жалпы қалаға тәулігіне 20 мыңға жуық адам арнайы ат басын бұрады деген болжам бар. Оның ішінде теміржол көлігімен шамамен 1,1 млн адам, әуе көлігімен 161 мың, тұрақты автобус рейстерімен шамамен 350 мың адам және жеке автокөлікпен 200 мың адам қатынайды. Аталмыш жолаушылар ағынын тасымалдауды қамтамасыз ету үшін министрлік Астана, Алматы қалалары және облыс әкімдіктерімен бірлескен жоспарға қол қойды. Осының аясында кешенді шаралар жүзеге асырылатын болады. Бұлар тек рейстер мен бағыттарды арттырып қоймай, сонымен қатар, көрсетілетін қызмет сапасын да көтеруге бағытталған. Халықаралық көрмені өткізу кезінде Астана үшін «ашық аспан» режимі енгізіледі. Осыған сәйкес, барлық шетелдік әуе тасымалдаушыларына Астанаға аптасына 7 рейс ұшу құқығы беріледі. Рейстердің ашылуы шетелдік әуе компаниялардың коммерциялық дайындығы мен ниетіне байланысты. Бүгінгі таңда жаңа ұшуларды орындау мақсатында шетелдік тасымалдаушылар акредитациядан өтуде. Сондай-ақ, Роман Скляр егер жазғы тәжірибе оң нәтиже беретін болса, көрме аяқталғаннан кейін де «ашық аспан» режимін жалғастыру жөніндегі жоспарлар туралы айтты. «FinnAir» әуе компаниясы көрме кезінде Хельсинкіден Астанаға жиілігі аптасына 2 рейс, 29 мамырдан бастап «LOT PolishAirlines» Варшавадан аптасына 4 рейс, 7 маусынан бастап «WizzAir»Будапешттен жиілігі аптасына 2 рейс, сонымен қатар, маусым айынан бастап «AirChina» Бейжіңнен аптасына 3 рейс орындауды жоспарлап отыр. 2017 жылдың 31 мамыры күні Астана қаласынан Ереван мен Киевке қатынайтын екі жаңа әуе рейсінің салтанатты ашылуы болады. Бұл рейстерді қазақстандық әуе компаниялар жүзеге асырады. «SCAT» әуе компаниясы Астана – Ереван – Астана бағыты бойынша аптаның сәрсенбі және сенбі күні    2 рейс ашпақ. Ал «Эйр Астана» әуе компаниясы Астана – Киев – Астана бағыты бойынша аптасына 5 рет ұшатын жаңа рейстің тұсауын кеседі. Ал Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті ҚР Сыртқы істер министрлігі және ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен бірге «SCAT» әуекомпаниясын Сауд Арабиясы корольдігінің Азаматтық авиация Бас агенттігіне тіркеу бойынша жұмыстар жүргізіп, Қазақстаннан Эр-Рияд, Жидда, Медине және Даммам қалаларына, оның ішінде 2017 жылғы қажылық кезінде тұрақты әуе рейстерін орындауға рұқсат алды. Қазір отандық «SCAT» әуекомпаниясы нақты бағыттарды және аталған рейстердің ұшып шығу, ұшып келу күндері мен уақытын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Ендi Қазақстан азаматтары үшін Сауд Арабиясына қолайлы авиа ұшуларды таңдауға мүмкіндік артады.

               Астанада 2 автостанция ашылады

Астана қаласына автокөлікпен жолаушыларды тасымалдау үшін (Маңғыстау мен Атырау облыстарынан бөлек) автобус рейстерінің саны 2 еседен артық көбейтілмек. Яғни, 53-тен 118 рейске дейін арттырылады. Қолданыстағы 148 бірліктен бөлек, қосымша 251 автобус жұмыс істейді. Осылайша, тәулігіне 400 автобус көрмеге қонақтарды таситын болады. Аталған автобустардың бағыты үш автостанция бойынша бөлінеді. «Сапаржай Астана» ағымдағы рейстерге қызмет көрсетеді, күніне шамамен 53 рейс. Орташа есеппен 2 410 жолаушы. Барлық қосымша рейстер жаңа автостанциядан шығатын болады.  «Алай» СО автостанциясы тәулігіне шамамен 31 рейс қабылдап, Солтүстік және Батыс аймақтардан  келетін 1 395 жолаушыға қызмет көрсетеді. «Алай» автостанциясының филиалы «КЕҢ МАРТ» күніне  Оңтүстік және Орталық аймақтардан (Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағанды) келетін 34 қосымша рейстерді  қабылдауға  дайын. Ашылуы биыл 1 маусымға жоспарланған. Қазіргі таңда, автотасымалдауды ұйымдастырудың процестерін шапшаң реттеу мақсатында мемлекеттік номерлері, иелері, сыйымдылығы және шығарылған жылы көрсетілген автобустар тізімі жасалуда. Астана қаласына әкелетін 6 кіреберісте тәулік бойы көліктік бақылауды қамтамасыз ету үшін 1 стационарлық және 5 жылжымалы көліктік бақылау бекетінің жұмысы ұйымдастырылады: «Астана-Қарағанды» бағытында «Қызылжар» стационарлық бекеті; келесі бағыттар бойынша жылжымалы бекеттер: «Астана – Қосшы», «Астана – Қорғалжың», «Астана – Атбасар», «Астана – Көкшетау» және «Астана – Павлодар». Бұдан бөлек 14 жолаушылар және қала маңы тасымалы пойыздарын іске қосу арқылы, оның ішінде 4 Тұлпар-Тальго вагондары бар 44-тен 58-ге дейін арттырылады. Сонымен қатар, бар маршруттарға қосымша вагондарды жалғау қамтамасыз етіледі. Әрі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылары ЭКСПО-2017 көрмесіне билетті 45 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып алады. Мысалы,  ЭКСПО-ға белгілі бір қойылған күн жұмыс күндеріне 1 билеттің құны 4000 теңге, жол жүру билетін сатып алу кезінде – 2399 теңге, күні қойылмаған жұмыс күндері 1 билет 6000 теңге – 3488 теңге. Оған қоса «Тұлпар-Тальго» жедел пойызына арналған «Астана ЭКСПО-2017» дисконт карталарын сатып алған жолаушылар «ЭКСПО-2017» көрмесіне 1 рет тегін кіру құқығын алады. Айтпақшы, жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2017 жылдың ақпан айынан бастап еліміздің барлық теміржол вокзалдарында қол жүктері мен багаждарды тексеру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бұл жүйе 1 ақпаннан бастап Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарына енгізілсе, 1 сәуірден бастап Астана қаласы вокзалында тексеру ұйымдастырылды. Қалған 15 вокзалда (Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Орал, Қызылорда, Маңғышлақ, Атырау, Тараз, Шымкент, Бейнеу, Шу, Семей, Петропавл, Павлодар) тексеру 2017 жылдың 1 маусымынан бастап енгізіледі. Елордада жаңадан пайдалануға берілетін «Астана-Нұрлы жол» вокзалында да осындай қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 қазанда бекіткен Ережесіне сәйкес, террорлық қауіп-қатердің қандайда бір қауіптілік деңгейі жарияланбаған немесе қауіптің орташа деңгейі («сары») жарияланған жағдайда, жолаушылар мен келушілердің заттары, оның ішінде қол жүктері мен багаждары ішінара тексерілетін болады. Ішінара тексеру қағидасы көлік инфрақұрылымы нысанындағы тексеру пункті қызметкерлерінің күдігін тудырған жолаушыларға және келушілерге, олардың заттары мен қол жүктеріне, багаждарына қолданылады. Қауіптің жоғары («қызғылт сары») және өте қатерлі («қызыл») деңгейі жарияланған жағдайда барлық жолаушылар мен келушілер, олардың қолындағы заттары, оның ішінде қол жүктері мен багаждары тексеріледі.

Инвестициялық келісімшартқа қол қойылды

Астанада Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестиция комитеті және Mareven Food Holdings Limited (Кипр) ірі трансұлттық компаниясының қазақстандық жобасы болып табылатын инвестор «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС арасында инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық келісімшартқа дейін биыл сәуірде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Mareven Food Holdings Limited арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Оның мақсаты басым инвестициялық жобаларды қолдау және Қазақстан тарапынан оны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық келісімшарт жасаған кезде инвестордың есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту, жер салығы мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану және мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу сияқты жеңілдіктер алуға құқығы бар. Сондай-ақ, кедендік баждар салудан босатылатын технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектері, шикізат және материалдар импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi. Mareven Food Holdings Limited азық-түлік өнімдерін өндіру және жартылай фабрикаттарды кеңінен тұтыну инфрақұрылымдық жобаларына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ тікелей инвестициялар бойынша қазіргі заманғы жүйелерді өңірлерде дистрибуция құруға және дамытуға маманданған. Холдинг акционерлерінің 70-тен астам елде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша табысты тәжірибелері бар. 2015 жылы «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаны іске қосты. Бұл жоба – Алматы облысының аумағында тамақ өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндіретін зауыт құрылысын қамтиды. Жобалық қуатына шыққанға дейінгі Қазақстандағы жалпы инвестициялық көлемі бірнеше ондаған миллион АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, компания жергілікті өндірушілер шығарған жоғары сапалы азық-түлік өнімдері мен жартылай фабрикаттарды қол жетімді бағамен ұсынып, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге және Еуразиялық аймақтағы көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Шикізаттың негізгі үлесі қазақстандық жеткізушілерден сатып алынатын болады. Жоба 600-ге жуық жергілікті халықты жаңа жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік береді. Инвестициялық келісімшарт жасау процессі заңдық тұрғыда EY Қазақстан халықаралық консалтингтік компаниясы жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестиция комитеті «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы арқылы  «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-не жобаны іске асыру барысында туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта қызметтің басым түрлері тізімін кеңейту бойынша ҚР заңнамасына өзгерістерді енгізу, сондай-ақ салық кодексінен компанияның инвестициялық қызметіне кедергі жасайтын кейбір нормалар және шектеулерді жою бойынша жұмыс жүргізілуде. «Kazakh Invest» компаниясы «Инвесторға кедергі жасамай көмектесу» ұстанымына сүйене отырып, әрбір инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында шетелдік инвесторларға толық қолдау көрсететін болады. Инвесторлар әрқашан компанияның +7 (727) 620620 телефонына немесе invest@invest.gov.kz электронды поштасына хабарласып, Қазақстанның инвестициялық және бизнес жүргізу аспектілері бойынша кәсіби кеңес ала алады.