Жаңалықтар

Табыс кілті – талаптанғанның қолында

ашық дереккөзі

Табыс кілті – талаптанғанның қолында

Оңтүстік өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жылдан-жылға қарыштап келеді. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаев ҚР Президентi Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауының Оңтүстiк өңiрiнде жүзеге асырылуы мен облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуы жайында өткізген брифингте айқын меженi бағындырып, экономиканы өркендету жолында Оңтүстiк Қазақстан облысының да қосар үлесi мол болатынын айтып, өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны сақталғанын жеткiздi. Мәселен, жалпы өңiрлiк өнiм көлемi 1,1 пайызға артып, 2 трлн 808,4 млрд теңгенi құраған. Экономикалық дамудың жаңа моделiне тоқталған өңiр басшысы Оңтүстiк Қазақстан облысы бiрқатар салаларда елiмiзде көшбасшылық орындарда келетiнiн атап өттi. Мәселен, республикада облыстың ауыл шаруашылығының өнiм көлемiнiң үлесi 12,3 пайыз. Тарқатып айтсақ, жылыжайлар – 1123 гектар, республикадағы үлесi – 80 пайыз, мақта – 286,7 мың тонна, үлесi – 100 пайыз, бақша – 1 млн 264,5 мың тонна, үлесi – 61,1 пайыз, жүзiм – 51,4 мың тонна, үлесi – 68,5 пайыз, жемiс – 90,7 мың тонна, үлесi – 37,8 пайыз, көкөнiс – 944,2 мың тонна, үлесi – 25 пайыз. Сондай-ақ, облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету бойынша өңiрде атқарылатын жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының көрсеткiштерiне сәйкес 2020 жылы компьютерлiк сауаттылық деңгейiн 80 пайызға жеткiзу керек болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткiш 79,2 пайызды құраған. Ал «Ақылды қала» жобасы аясында «Smart Ontustik» жобасының тұжырымдамасы әзiрленiп, ол индустриалдық-әлеуметтiк мәселелердi шешуге бағытталатынын мәлiмдедi. «2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы республикадағы 630 жобаның 135-i немесе 21,4 пайызы облыстың үлесiнде. Бұл бағдарлама iске асырылғаннан берi жалпы құны 206,6 млрд теңгеге, 9,5 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын 159 жоба iске қосылып, 101 млрд теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Биылғы жылы бағдарлама аясында 37 млрд теңгеге 17 жобаны iске қосу, 900-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Осы жылдың үш айында 1,7 млрд теңгенi құрайтын 3 жоба жүзеге асты», – дедi әкiм. Айта кету керек, Оңтүстiк Қазақстан облысында тоқыма кластерiн дамыту мақсатында құрылған «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақта бүгiнгi таңда 10 жоба iске қосылып, 1056 жұмыс орны ашылған. Бұл аймақта орналасқан 2 кiлем фабрикасы өңiрде алғаш рет заманауи технологияларды қолдана отырып сәттi жұмыс iстеп келедi.

Ауыл шаруашылығы –  экономиканың жаңа драйверi

Соңғы кезде өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Сол себептен ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа драйверiне айналдыру бағытында нақты шаралар атқарылуда. Соның бірі – кооперативтер ұйымдастыру жұмыстары белсендi түрде жүргiзiлiп келедi. Бүгiнде облыста 40 мыңға жуық үй және фермерлiк қожалықтардан бiрiктiрiлген 363 бiрлiк ауыл шаруашылығы кооперативтерi құрылды. Жердi тиiмдi пайдалану, суармалы егiстi кеңейту бойынша өндiрiске жаңа технологиялар, тамшылатып суару әдiсi, жылыжайлар салу, интенсивтi бауларды ұлғайту жұмыстары қарқынды даму үстінде. Биыл егiстiк көлемi 792,3 мың гектарға, интенсивтi бау аумағы 2630 гектарға жеткiзiлмек. Интенсивтi баулардың тиiмдiлiгiне шаруалардың көздерi толығымен жетiп отыр. Дәстүрлi баулардан гектарына 40-50 центнерден өнiм алынса, интенсивтi баулар 500-600 центнерге дейiн өнiм бередi. 2017 жылы шағын мал бордақылау алаң саны 3 013 бiрлiкке көбейiп, отбасылық сүт фермалары 722 бiрлiкке артты. Ал шағын құс фермалары саны 14 бiрлiкке өссе, балық шаруашылығы 31 бiрлiктi құрамақ. Демек, биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнiм көлемi 476 млрд теңгенi құрап, өсiм 3,7 пайыз деңгейiне жетеді. Ауыл шаруашылығы саласына тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологиясын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі.  Бұл  әдіс арқылы шаруалар  ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін де арттыруда. 600 гектар жерді жаңбырлатып суғару әдісімен гүлдендіріп отырған «Жаңа Ақдала» Агрофирмасы» ЖШС-нің өнім беру көрсеткіші де едәуір артқан. Германияның BOUER компаниясы шығарған  жаңбырлатып суғару технологиясының бір мезетте 60 гектар жерді суғаруға мүмкіндігі бар. 67 мың еуро тұратын құрылғының 7 данасын іске қосқан. Мұндағы мамандар жаңбырлатып суару әдісінің тиімділігі көп дейді. Біріншіден, алқаптарды суғаруға тиімді, екіншіден, су үнемделіп, жұмыс күші көп қажет етілмейді. Үшіншіден, бір мезгілде суғарылып, тегіс мол өнім алуға мүмкіндік туады. Аталған шаруа қожалық мұнан бөлек, биыл 400 гектар жерге қызанақ егіп, одан шыққан өнімді қуаттылығы 600 тонна болатын зауытта өңдеуді жоспарлап отыр. Мәселен, өткен жылы 300 гектар жерге егілген қызанақтан 1 мың тонна томат пастасы өндірілсе, 120 гектар жерге отырғызылған алма бақтан да мол өнім алып, алма езбесін шығарған. Ал биыл 3-4 мың тонна томат пастасы мен 200 тонна алма езбесін өндіруге кіріскен. Дайын өнім Ресей, Қырғызстан, Тәжiкстан мемлекеттерiне жөнелтiлуде. Ал қалған жемiс-жидек, көкөнiс ауылдық тұтынушылар кооперативтерi арқылы саудаланған. Фирма директоры Руслан Әжiбековтiң айтуынша, биыл Түркиядан қызанақ өңдейтiн тағы бiр зауыт сатып алынбақ. Қызанақтың адам ағзасына пайдалы екенi бiлгілі. Әлемнiң кез келген елiнде қызанақ дастарқанға жеңсiк ас ретiнде қойылып келдi, қойыла да бермек. Әлемдiк рынокта соңғы жылдары томат пастасы үлкен сұранысқа ие. Сондықтан Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында қызанақ өсiру 2008 жылдан жоспарлы түрде қолға алына бастады. «Жаңа Ақдала» агрофирмасының жұмысымен кезiнде Елбасы Н.Назарбаев та танысқаны есiмiзде. 2700 гектар егiстiк алқабы бар «Жаңа Ақдала» агрофирмасы директорының өндiрiс жөнiндегi орынбасары Қуаныш Омаровтың айтуынша, қазiргi таңда 600 гектар жоңышқалық жаңа технологиямен суарылуда. Осы алқапқа бұрын түрлi дақыл егiлiп келген еді. Агротехникалық шаралар дұрыс сақталмағандықтан, егiстiк алқаптың топырағы құнарсызданған. Жердi құнарландырудың ежелгi тәсiлi, әрине, ауыспалы егiс жүйесiн ендiру. Осы мақсатпен 600 гектар жерге екi-үш жыл жоңышқа егiлмек. Ол құнарлы азық ретiнде мал шаруашылығымен айналысушылардың үлкен сұранысына ие. Демек, фирма мал азығынан да еселеп пайда таппақ.

ЭКСПО-2017 көрмесіне 13 мың тонна өнім жеткізеді

Астанадағы ЭКСПО көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысының 35 ірі кәсіпорны 28 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінен 13 мың тоннаға жуық, дәлірегі 12976 тонна азық-түлік жеткізуге қамдануда. Қазығұрт ауданынына қарасты Қақпақ ауылындағы 2009 жылы іске қосылған «Қарқын-2030» ЖШС шұжық өнімдерін өндірумен айналысады. Зауытта «Нәрлен» сауда  белгісімен таңбаланған шұжықтың 60-қа тарта түрі дайындалады. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 1,5 тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын басшысы Нұрғали Әбдібаевтың айтуынша, халықаралық көрменің ұйымдастырылуына байланысты ондағы өнімділік 5 тоннаға дейін артқан. Нәтижесінде, еліміз үшін маңызды шара кезінде көрме конақтарына аталған серіктестіктен 15 тонна шұжық өнімдері жөнелтілмек. Ал оларды тасымалдайтын 12 көлік сақадай-сай. 2016 жылы құрылған Сайрам ауданындағы «Манкент Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 1200-ге жуық шаруа қожалығы мүшелікке енген. Серіктестік, негізінен көкөніс, жеміс-жидек пен дәнді дақылдар өсіреді. Кооперативтің жалпы жер көлемі 5489 гектар болса, оның ішінде суармалы  жер 2100 гектарды құрайды.  Сайрамдық шаруалар ЭКСПО көрмесіне 1690 тонна көкөніс өнімдерін жеткізбек. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Көпеевтің айтуынша, шаруаларға жеңілдік жасау мақсатында олардың жол  және автокөлік шығындары демеушілер тарапынан төленеді. Баға тиімді  болса, сайрамдық шаруалар ЭКСПО көрмесіне 4000 тоннаға дейін өнім апаруға ынталы. Халықаралық көрмеге өз өнімдерін дайындап жатқан тағы бір кәсіпорын  Шымкент қаласындағы «Барыс 2007» ЖШС-і. 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестікте жылына 27 мың тонна макарон өнімдері мен 3600 тонна кондитерлік өнімдер өндіріледі.  Сапасы  жоғары,  бағасы  төмен  болғандықтан өнімге деген сұраныс жоғары. ЭКСПО көрмесіне орай, бүгінде кәсіпорын өнім  көлемін 20 пайызға  ұлғайтқан. Көрме қонақтарын  тәттілермен тамсандыру  үшін  аянбай еңбек етіп жүрген зауыт жұмысшылары Астанаға 1070 тонна ұн мен нан өнімдерін жөнелтпек. Ұйымдастырушылардың шешімімен ЭКСПО-2017 көрмесінде Оңтүстік Қазақ-стан­нан жеткен ауыл шаруашылығы өнімдері қонақтарға жәрмеңке түрінде алты рет ұсынылатын болады. Өнімдерді Астана қаласына тасымалдауға 25 автокөлік дайындалып, арнайы кесте түзілген. Ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген алғашқы керуен Шымкенттен Астанаға 10 мамыр күні жолға шықты.

Құрғақ сүт пен сары май өндіретін зауыт

Қазығұрт ауданында биыл майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май өндіретін зауыт іске қосылады. Аудандағы индустриалды аймақта салынып жатқан кәсіпорын алдағы күзде іске қосылып, жиырмадан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтымақ. Жоба құны 602,7 млн теңге болатын кәсіпорын жылына 1500 тонна майсыздандырылған құрғақ сүт пен 500 тонна сары май шығаруға қауқарлы «Асыл Бастау КZ» ЖШС-гі шикізатты аудандағы отбасылық сүт фермаларынан алуды жоспарласа, алдағы уақытта серіктестік өз сүт фермасын ашуды көздеп отыр. Қазығұрт ауданында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы» аясында жалпы 2,8 млрд теңге болатын  8  жоба енгізілген. Бүгінде бұлардың ішінде индустриалды аймақта 5 жоба іске қосылса, қалған 3 жоба 2017-2018 жылдары іске асырылады деп жоспарлануда. Облыстың аудан, қалаларында құрылған индустриалды аймақтарда  37 млрд теңге болатын 66 жоба іске асырылып, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

Араб инвесторлары дуадақ өсіруде

Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Бірлік ауылында жасанды жолмен дуадақ өсіру ісі жанданып келеді. Араб инвесторы Шейх Халифа Бен Зайд Аль-Нахайянның қолдауымен құрылған құс тұқымбағынан табиғатқа жылына 600-ден астам дуадақ ұшырылуда. 2016-2018 жылдары жобаның үшінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында 13 млрд теңге шетел инвестициясы тартылған. Егер үшінші кезең еңсерілсе, жылына 15 мыңға жуық дуадақ ұшырылу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жұмысшылар санын 400-ге жеткізу көзделген. Бүгінге дейін 895 гектар жер көлемін алып тұрған орталыққа 3,5 млрд теңге шетел инвестициясы тартылып, ауданның 156 тұрғыны жұмыспен қамтылды. «Бұл таңқаралық өте керемет, әрі ғажап құс. Дуадақ құсының тарихы араб елімен тығыз байланысты. Мың жылдан аса уақыт бұрынғы ашаршылықта арабтар негізі қорығы ретінде осы құсты аулаған көрінеді. Енді табиғат тамашасын өз иесіне қайтару үшін барымызды салудамыз», – дейді аталған орталықтың басқарушы директоры Роман Бакиев. Айта кетейік, мұндай тұқымбақтар әлемнің үш елінде яғни Марокко, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қазақстанда ғана бар. Аталған тұқым бақ соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мұндағы өсіріліп жатқан құстар онлайн режимде бақыланып, жем-су бекітілген тәртіппен беріліп отырады. дуадақтар Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Бетпақдала аймағына жіберіледі. Араб тарапы Қазақстан алдындағы өз міндетін орындау үшін 2010-2017 жылдар аралығында Қазақстан аумағында бас-аяғы 2 мыңға жуық дуадақ ұшырған. 2005-2006 жылдары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігінің өзара келісімімен жабайы дуадақтың ұясынан жұмыртқасы алынып, инкубациядан кейін құстар Біріккен Араб Әмірлігінің орнитологиялық тәлімбағына жеткізілген болатын. Содан бері дуадақ құсы байырғы отаны – Қазақстан жерінде де өсіріле бастады.

Абердин-Ангус тұқымды сиыры

«Абердин-Ангус» тұқымды ірі қара мал шаруашылығы 2015 жылы құрылған. Австралиялық Абердин-ангус асыл тұқымды түрінен 90 бас құнажын мен асыл тұқымды үш бұқа сатып алған кәсіпкер  бұл етті сиырлардың жерсінуі қиынға соқпағанын  айтады.  Қазіргі таңда 82 бас асыл тұқымды ірі қарадан 68 бас төл алынып,  ірі қара саны артып келеді. «Рас, кейбіреулер сиырларына жылдам салмақ қосу үшін дәрі-дәрмек пайдаланатынын естіп жатамыз, ал Абердин-ангустерге оның қажеті жоқ. Малдың бұл төлі табиғи түрде жылдам салмақ қосу мүмкіндігіне ие. Жергілікті бұқалар күніне 400-500 грамм салмақ қосса, бұлар күніне 1,5-2,5 келі аралығында салмағын ұлғайта алады. Генетикасы жақсы», – дейді Мақсат Кеңесұлы. Абердин-ангус асыл тұқымды сиырларының тағы бір ерекшелігі – бұзаулары анасынан кішкентай болып туылып, тез өседі. Қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді. Өгізшелерді көбейтіп, елдегі мал басын асылдандыруды басты ұстанымы санайтын фермер 4 адамды жұмыспен қамтып, оларға орташа 80 мың теңге айлық жалақы беріп отыр.  Алдағы уақытта мал басын 2-3 мың басқа жеткізу жоспарында бар. Мұндай жағдайда малшылар саны тағы да артатын болады. Шаруашылықтың жер көлемі – 2500 гектарды құрайды. Әрқайсысы 1 тоннадан астам ет беретін асыл тұқымды бұқалар ерекше күтімге алынған. Тіпті, жем-шөбіне жұмыртқа мен сәбіз және қырыққабатқа дейін қосып беріледі. Айта кетейік, жалпы Бәйдібек ауданындағы асыл тұқымды 4 ірі қара мал шаруашылығында 366 бас ірі қара, 3 қой шаруашылығында 5999 бас қой өсірілуде. Алдағы уақытта тағы да 500 бас «Абердин-Ангус» бағытында ірі қара мал сатып алу жоспарланып отыр.