Талайға арман болған «Алтын белгі» өз мәртебесінен айрылды

Талайға арман болған «Алтын белгі» өз мәртебесінен айрылды

Талайға арман болған «Алтын белгі» өз мәртебесінен айрылды
ашық дереккөзі
Бүгін барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылады. Түлектер алтын ұя мектебімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басуға әзірленеді. Бірақ олардың алдында бір сынақ тұр. Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу форматының толықтай өзгертілгені баршаға мәлім. ҰБТ-ның жаңа форматы бәрінің бірдей көңілінен шықты деп айтуға болмас. Ал «Алтын белгі» иегерлерінің жоғары оқу орнына түсу жеңілдігінен қағылғандығы қоғам мүшелерінің түсінбестігін туғызуда.

«Алтын белгі» иегерлері жеңілдіктен қағылды

Бұған дейін еліміздегі мектеп бітірушілерге арналған ұлттық бірыңғай тестілеудің екі бөлімге бөлініп, түлектер жаңа талап бойынша өзгеше форматта сынақ тапсыратындығы жөнінде толыққанды ақпарат берген едік. Жаңа ереже бойынша, бітірушілер «Алтын белгіні» мектептегі қорытынды аттестация кезінде қорғайды. Ал ҰБТ кезінде «Алтын белгіні» қайта қорғаудың қажеті жоқ. Егер жоғары оқу орнына түсуге ниетті болса, ҰБТ тапсырып, өзге талапкерлер секілді тиісті балын жинаулары қажет. Яғни, «Алтын белгі» иегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадалардың,  ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылмайды. Алайда тапсырған тест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде  басымдыққа ие болады. Бұл – «Алтын белгі» иегерлеріне берілген жалғыз мүмкіндік. Сонымен, биылдан бастап «Алтын белгіні» беру құқығы мектептерге беріледі. Ал Білім және ғылым министрлігі «Алтын белгі» иегерлерінің санына, олардың жоғару оқу орындарындағы үлгерімдеріне талдау жүргізіп отырады. Сондай-ақ, мектептегі журналдан 11 жыл ішінде алған бағаларын да қарайды.  «Енді мектептер «Алтын белгіні» аттестаттау қорытындысы бойынша береді. Білім және ғылым министрлігі мектептерге үлкен сенім артып отыр. «Алтын белгіні» беру кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін вице-министр, департамент басшылары мектеп директорларымен кездесіп, әңгімелесуде. Білім және ғылым министрлігі тарапынан міндетті түрде бақылау жүргізілетіні айтылып жатыр. «Алтын белгі» иегері төмен балл алып, жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, оған мектеп директоры жауапты болады», – дейді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында. Осылайша, министрлік «Алтын белгі» иегерлерінің тағдырын мектеп директорларына тапсырып, өздері тыста қалуды ұйғарған. Бәлкім, ведомство өкілдері жылдағыдай даудан қашқан болар. Естеріңізде болса, 2015 жылы 39 «Алтын белгі» иегері, 8 халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері, 92 ғылыми байқау жеңімпаздары, 293 шығармашылық және спорттық сайыстардың жүлдегерлері гранттан қағылған болатын.  Әрине, ол кезде «Алтын белгі» иегерлерінің мемлекеттік білім грантына ие бола алмай қалуы мүмкін екендігін ешкім де ойлаған жоқ. Өйткені мектепте «Алтын белгіге» қол жеткізген оқушының еш қиындықсыз тегін білім алатындығын жиі айтады. Алайда сол кезде білім грантына ие болғандар тізімінен өздерінің аты-жөндерін таба алмаған түлектер мен олардың ата-аналары абдырап қалғаны жасырын емес. Осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің сөзіне сүйенсек, гранттан қағылған «Алтын белгі» иегерлерінің көпшілігі мемлекеттік грант аз бөлінетін мамандықтарға құжат тапсырыпты. Экономика, құқық, медицина, халық-аралық және шет тілдері мамандықтарына құжат тапсыратын талапкерлер қатары тым көп. Осының кесірінен мектепті үздік аяқтап, жоғары балл жинақтаған түлектердің біразы бюджет есебінен оқу мүмкіндігінен айырылды. Бұл мәселе өткен жылы да қайталанды. Былтырғы оқу жылының соңында 45 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік білім грантынан қағылып, олардың ата-аналары наразылықтарын білдірген-ді.

«Алтын белгінің» қадірі қашты

«Алтын белгі» иегерлерін анықтауды мектеп еншісіне қалдыру әрекеті білім ордаларындағы жемқорлықты күшейтіп жіберуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмас. Аудан, облыс, республика көлемінде мектептердің рейтингін анықтау деген үрдіс бар екені көпке мәлім. Ал  мектеп рейтингін арттыру үшін «Алтын белгі» иегерлерінің көп болғаны абзал. Осы ретте мектеп директорлары балалардың біліміне қатысты көзжұмушылыққа баруы әбден ықтимал. Сондай-ақ, баласына «Алтын белгі» алып бергісі келетін ата-аналар көзі таныс, өзі таныс мектеп директорына пара беруі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмас. Бұл «Алтын белгі» иегерлерін анықтау мәртебесін мектептерге табыстауға мүмкіндік беруден туындап отырған бір күдік. Енді «Алтын белгінің» құндылығына оралайық... Бұған дейін «Алтын белгі» иегерлеріне кез келген жоғары оқу орнына жол ашық болатын. «Алтын белгі» иегерлері тізімнің көш басында тұрады, яғни көп жағдайда «Алтын белгі» иегерлері автоматты түрде грант иеленеді деген сөз. Бірақ кейбір мамандықтарға (50 орынға 60 Алтын белгі иегерлері қатысса) «Алтын белгі» иегерлері арасындағы байқау өткізіледі. Енді «Алтын белгі» иегерлері үшін мұндай жеңілдіктер көзден бұлбұл ұшты. Сондай-ақ, биыл жоғары оқу орындарына тапсыру кезінде 2017 жылғы олимпиада жеңімпаздары үшін де басымдық болмайды.  Министрлік өкілдерінің сөзінше, бұл жоғары оқу орындарына түсуде барлығының құқықтарын теңестіру үшін жасалуда. Бірақ 11 жыл көз майын тауысып оқыған баланың жоғары оқу орнына түсу кезінде басымдыққа ие болуы заңдылық емес пе?! Үздік оқыған шәкірттің өзгелерден ерекшеленуі, өзі қалаған университетте білім алуы орынды болар еді. 11 жыл бойы мектепте үздік оқудағы шәкірттің басты мақсаты да жоғары оқу орнына еш қиындықсыз түсу екендігін түсіну биліктегілерге қиын болғаны ма? Расында да, 11 жыл бойы барын салып оқыған «Алтын белгі» иегерлерін мұндай жеңілдіктен қағу орынсыз секілді. Егер мектепті үздік аяқтаған түлектер жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсе алмайтын болса, онда «Алтын белгінің» не қажеті бар? «Алтын белгі» түлектердің университетке түсуіне көмектеспесе, ол үшін тырмысудың қаншалықты қажеті бар? «Алтын белгі» үздік түлектерге ешқандай көмек бере алмайтыны өкінішті-ақ... Айта кетейік, ҰБТ-ның жаңа форматын талқылау барысында «Алтын белгі» иегерлерін тестілеуден мүлдем босату туралы ұсыныс айтылған-ды. Бірақ мұны Білім және ғылым министрлігі қолдамады. Яғни, ведомство басшылығы 11 жыл үздік оқыған түлектер өз білімдерін қосымша сынақ кезінде тағы дәлелдегенін құп көрді. Бұл шешімге түрткі болған бір себеп – «Алтын белгі» иегерлерінің ешбір байқаусыз қалаған мамандыққа түсіп кетуі әділетсіздік деген тұжырым. Бірақ қоғам белсенділері өзгелерге үлгі етерлік «Алтын белгінің» қадірін кетіруге болмайды дегенді айтады. Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылы «Алтын белгіге» үміткер болған 5 мыңға жуық түлектің жартысы ғана үздік екен­діктерін дәлелдей алған. Ал биыл 6 280 мектеп бітіруші  «Алтын белгі» алуға ниетті көрінеді.

Алтын медальдан бас тартқан елдер де бар

Шет мемлекеттердің көпшілігінде «Алтын белгі» деген түсінік жоқ. Көршілес Ресей мемлекетінде 2010 жылы алтын медаль иегерлеріне жоғары оқу орнына түсу жеңілдігінен айырылды. Тіпті, 2013 жылы Ресейдің Білім министрлігі үздік мектеп бітірушілерге медаль беруді де тоқтатпақ болған. Тіпті, үздіктерге алтын медаль берудің орнынан түсі өзгеше аттестат беру туралы құжатқа да қол қойылған. Дәл осы жағдай қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Бұрын жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік беретін алтын медальдің артықшылығы болмағанымен, ол уақытта медаль түлектердің, ата-аналардың мақтанышы, мектептен естелік болатын еді. Биліктегілер қарапайым жұртты бұл қуаныштан да айырғысы келді. Бірақ араға бір жыл салып депутаттар қауымы оқушыларды ынталандыратын медальден айырудың дұрыс еместігін ескертіп, үздік түлектерге медаль беру дәстүрі қайта оралды. Осы жылы алтын медаль иегерлеріне мемлекеттік бірыңғай емтихан кезінде 10 балл қосып беру туралы бастама көтерілді. Әрине, бірнеше жыл бұрын жеңілдіктен қағылған алтын медаль иегерлері үшін бұл жақсы жаңалық болатын. Беларусь елінде алтын және күміс медаль иегерлеріне арнайы жеңілдік беріледі. Яғни, медаль иегерлері олимпиада жеңімпаздары секілді 22 педагогикалық мамандыққа емтихансыз түсуге мүмкіндік алады. Ал мамандықтар тізімін 2014 жылы Білім министрлігі бекіткен. Бірақ әлемнің дамыған елдерінің көпші­лігінде жоғары оқу орнына түсу үшін аттестаттағы баға маңызды рөл атқармайды. АҚШ, Ұлыбритания, Германия сынды мемлекеттерде жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы сынақ тапсыру міндеттелген. Мәселен, Америкада мектепте үздік оқу және емтихандардан жоғары балл алу  үздік университетке оқуға еш қиындықсыз түсуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, озық үлгідегі оқу орнына түсуді қалайтын талапкерлердің үздік аттестатынан бөлек белгілі бір салада өзіндік қабілет-қарымы болуы қажет. Германияда да аттестаттағы баға ешқандай рөл атқармайды. Мұнда мектепті алтын медальға бітірген түлектердің Studienkolleg – жоғары оқу орнына дайындық бөліміне түсуге мүмкіндігі бар. Қарап отырсақ, әлем елдерінде мектепті үздік бітіргендерге аса үлкен жеңілдіктер берілмейді екен. Бірақ елімізде талайға арман болған «Алтын белгінің» әп-сәтте үздіктерге еш көмек көрсете алмай қалуы биылғы түлектердің көңіліне қаяу түсіргені анық. Жылдар бойы қатарластарынан оқ бойы озып шыққан баланың басты арманы – өзі қалаған жоғары оқу орнында тегін білім алу. Бұған «Алтын белгінің» әсері болатынынан үміттілердің көңілі пәс бүгінде. Әрине, мектепте көрсеткен жоғары білімін ҰБТ кезінде де дәлелдейтіні анық. Алайда ҰБТ-да санаға сыймайтын сауалдардың да болатындығын ескеріп, ұлттық сынақтың мектеп бітірушілердің білімін шынайы бағалайтындығына күмәнмен қарайтындар да жетерлік. Қалай десек те, «Алтын белгінің» бұрынғы мәртебесі жоғалатын түрі бар. Енді оның қайта қалпына келтірілуі де екіталай. Білім және ғылым министрлігі бір жағдайды ескермейтін сияқты. «Алтын белгі» алатын балалардың басым бөлігі қазақ балалары. Қандай есеп жүргізесе де солай екені аксиома. Жалпы алғанда, 11 жыл мектепте үздік оқыған қазақ баласының қол жеткізген «Алтын белгісі» олардың жоғары оқу орнына оңай түсуіне мүмкіндік беруі керек. Үздік оқушылардың бар арманы оқуға ауатынын ескерсек, қандай да бір жағдаймен жоғары оқу орнында тегін білім алудан қағылса, олардың қандай күйде болары бізге беймәлім. Мәселен, елімізде спорт сайыстарында алтыннан алқа таққан спортшыларға ерекше сый-құрмет көрсетеді емес пе?! Ал 11 жыл бойы білімділігін дәлелдеген түлектердің бір арманын орындаудың соншалықты қиын болғаны ма? Ақылы асқан, білімі толысқан қазақ балаларын қолдаудан қашқан министрліктің бұл әрекетін қалай бағалауға болады? Кішкентай бүлдіршіндер өздерінен үлкен аға-әпкелерінің «Алтын белгі» иегері атанғанын көріп, өздері де сондай жетістікке жетуге талпынатыны рас. Ата-аналардың «мектепті жақсы оқысаң, «Алтын белгі» алсаң, университетте тегін оқисың» деп ынталандыратыны тағы бар. Сондықтан, «Алтын белгі» иегерлеріне тиесілі жеңілдіктерді қайтарып беру қажет. Тіпті, бұл биліктегілердің міндеті деуге де әбден негіз бар. Қазақ мемлекетінде өзіміздің қазақ балаларын қолдаудан қашатын қандай жөніміз бар? Іштарлық па?