Бразилия президенттері: олар тұрақтамайтын түрі бар
Бразилия президенттері: олар тұрақтамайтын түрі бар
Өткен жыл Бразилия үшін сындарлы жыл болды. Экс-президент Дилма Русефтің импичменті мен алты құрлық көз тіккен Рио олимпиадасы қат-қабат келіп, онсыз да экономикасы тұралап, күн көрісі жүдеген елдің арқасына ауыр салмақ болды. Олимпиада аяқталғаннан кейін әлеуметтік инфрақұрылым ретінде пайдаланылады деп жоспарланған спорттық нысандардың көп ұзамай қабырғасы қақырап, төбесі құлап, жығылғанға жұдырық боп тиді. Соңғы уақытта шулы оқиғалардан бойын аулақ салып, бұйығы тұрмыс кешіп жатқан ел қайтадан әлем назарын өзіне аударды. Билік басынан тағы да дау шықты. Бұл жолы бас кейіпкер – Дилма ханымның орнын басқан Мишел мырза.
Өткен аптада бразилиялық кәсіпкерлер, ағайынды Жоэсли және Уэсли Батиста елдің Федералды жоғарғы сотына бейнежазба жолдады. Онда Ж. Бастиста мен Темердің экс-президенті Дилма Русеф импичментінің бастамашысы болған парламенттің төменгі палатасының бұрынғы спикері Эдуарду Куньяға берілген ақша жөнінде сөйлесіп жатқан сәті түсірілген. Reuters агенттігінің хабарлауынша, қомақты қаржы Куньяның тіс жармауы үшін төленген. Алайда Мишел Темер бұрынғы спикерден не туралы айтпауын өтінгені беймәлім. Кезінде Темер басқаратын партияның белсенді мүшесі Кунья елдегі ірі мұнай компаниясы «Petrobras»-тағы жемқорлық ісіне қатысы бар ықпалды саясаткерлер туралы біраз құпия деректі білетінін айтқан болатын. Көп ұзамай сот оған үкім кесіп, 15 жыл 4 айға қамады.
Батиста мен Темердің әңгімесі басылған жазба туралы жалпақ жұртқа жария болғаннан кейін оппозиция өкілдері істі тергеуге алуды және елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді талап етті. «Реди» партиясының депутаты Алессандру Молон парламенттің төменгі палатасына импичмент процесін бастау туралы ресми өтініш жолдады.
Мишел Темердің өзі Куньяны сатып алғандығы жөніндегі айыптауларды жоққа шығарды. Десе де, наурыз айының басында Батистамен кездескенін растады. Бразилия басшысының айтуынша, «кәсіпкер екеуінің арасындағы диалогта оның қандай да бір заңсыз әрекетін әшкерелейтін элемент жоқ».
Президенттің баспасөз қызметі де БАҚ-қа ресми мәлімдеме жасап, Мишел Темерді ақтап алуға тырысты. «Мишел Темер бұрынғы депутат Эдуарду Куньяның тіл қатпауы үшін ақша төлеу туралы тапсырма берген емес. Ол бұрынғы парламентарийдің сот органдарымен ықпалдастығына кедергі келтіретін іс ұйымдастыруға қатысқан жоқ», – делінген құжатта. Президент өзіне қатысты айыптаулармен келіспесе де, Бразилияның Федералды жоғарғы сотының судьясы Эдсон Факин жемқорлық фактісі бойынша күдікке алынған Мишел Темердің үстінен қылмыстық іс қозғауға рұқсат берді. Тиісті өтінімді Федералды жоғарғы сотына Бас прокуратура жолдады. Егер мемлекет басшысының кінәсі дәлелденсе, ол өз еркімен отставкаға кетеді немесе биліктен өзгелердің ықпалымен шеттетіледі. Қалай болғанда да әрі қарай ел басқару құқынан айырылады.
Мишел Темердің жұлдызды сәті Русеф импичментінен кейін туған болатын. Дилма ханым ел басқарып тұрғанда вице-президент қызметін атқарған Мишел мырза Русеф биліктен шеттетілгеннен кейін билікті өз қолына алды. Ешқандай сайлау, таңдаусыз. Бразилия конституциясының талабы солай. 2018 жылдың қазан айында өтетін келесі президенттік сайлауға дейін ел тізгінін қолына алған Темердің тақта отыру ұзақтығы енді сот шешіміне тәуелді.
Қолдаушысын қорғамаған қорғаушы
Өзінің саяси қызметін Мишел Темер 1960 жылдары бастады. Әуелі – қорғаушы, одан кейін Сан-Паулудың қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі хатшысы болды. Кейіннен Бразилияның депутаттар палатасының спикеріне дейін көтерілді. 2001 жылдан бастап Темер елдегі ең ірі үш партияның бірі Бразилияның демократиялық қозғалыс партиясын басқарды. Импичмент процесі басталғанша бұрынғы президенттің оң қолы болып, кейіннен одан теріс айналған Мишел Темерді билік баспалдағымен жоғары сүйреген – Дилма Русефтің өзі. Алты жыл бұрын партия басқарып жүрген саясаткерді өзінің орынбасары етіп тағайындады. Қолдаушысының бұл жақсылығына алғыс ретінде Темер оған Конгресте басымдыққа ие болуға көмектесті. Бразилиядағы саяси жүйенің ерекшелігі сол, парламентте күші басым болмаса, басқарушы партияның өзгелермен коалицияға түсуіне тура келеді.