Бразилия президенттері: олар тұрақтамайтын түрі бар

Бразилия президенттері: олар тұрақтамайтын түрі бар

Бразилия президенттері:  олар тұрақтамайтын түрі бар
ашық дереккөзі
Өткен жыл Бразилия үшін сындарлы жыл болды. Экс-президент Дилма Русефтің импичменті мен алты құрлық көз тіккен Рио олимпиадасы қат-қабат келіп, онсыз да экономикасы тұралап, күн көрісі жүдеген елдің арқасына ауыр салмақ болды. Олимпиада аяқталғаннан кейін әлеуметтік инфрақұрылым ретінде пайдаланылады деп жоспарланған спорттық нысандардың көп ұзамай қабырғасы қақырап, төбесі құлап, жығылғанға жұдырық боп тиді. Соңғы уақытта шулы оқиғалардан бойын аулақ салып, бұйығы тұрмыс кешіп жатқан ел қайтадан әлем назарын өзіне аударды. Билік басынан тағы да дау шықты. Бұл жолы бас кейіпкер – Дилма ханымның орнын басқан Мишел мырза. Өткен аптада бразилиялық кәсіпкерлер, ағайынды Жоэсли және Уэсли Батиста елдің Федералды жоғарғы сотына бейнежазба жолдады. Онда Ж. Бастиста мен Темердің экс-президенті Дилма Русеф импичментінің бастамашысы болған парламенттің төменгі палатасының бұрынғы спикері Эдуарду Куньяға берілген ақша жөнінде сөйлесіп жатқан сәті түсірілген. Reuters  агенттігінің хабарлауынша, қомақты қаржы Куньяның тіс жармауы үшін төленген. Алайда Мишел Темер бұрынғы спикерден не туралы айтпауын өтінгені беймәлім. Кезінде  Темер басқаратын партияның белсенді мүшесі  Кунья елдегі ірі мұнай компаниясы «Petrobras»-тағы жемқорлық ісіне қатысы бар ықпалды саясаткерлер туралы біраз құпия деректі білетінін айтқан болатын. Көп ұзамай сот оған үкім кесіп, 15 жыл 4 айға қамады. Батиста мен Темердің әңгімесі басыл­ған жазба туралы жалпақ жұртқа жария болғаннан кейін оппозиция өкілдері істі тергеуге алуды және елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді талап етті. «Реди» партиясының депутаты Алессандру Молон парламенттің төменгі палатасына импичмент процесін бастау туралы ресми өтініш жолдады. Мишел Темердің өзі Куньяны сатып алғандығы жөніндегі айыптауларды жоққа шығарды. Десе де, наурыз айының басында Батистамен кездескенін растады. Бразилия басшысының айтуынша, «кәсіпкер екеуінің арасындағы диалогта оның  қандай да бір заңсыз әрекетін әшкерелейтін элемент жоқ». Президенттің баспасөз қызметі де БАҚ-қа ресми мәлімдеме жасап, Мишел Темерді ақтап алуға тырысты. «Мишел Темер бұрынғы депутат Эдуарду Куньяның тіл қатпауы үшін ақша төлеу туралы тапсырма берген емес. Ол бұрынғы парламентарийдің сот органдарымен ықпалдастығына кедергі келтіретін іс ұйымдастыруға қатысқан жоқ», – делінген құжатта. Президент өзіне қатысты айыптаулармен келіспесе де, Бразилияның Федералды жоғарғы сотының судьясы Эдсон Факин жемқорлық фактісі бойынша күдікке алынған Мишел Темердің үстінен қылмыстық іс қозғауға рұқсат берді.  Тиісті өтінімді Федералды жоғарғы сотына Бас прокуратура жолдады. Егер мемлекет басшысының кінәсі дәлелденсе, ол өз еркімен отставкаға кетеді немесе биліктен өзгелердің ықпалымен шеттетіледі. Қалай болғанда да әрі қарай ел басқару құқынан айырылады. Мишел Темердің жұлдызды сәті Русеф импичментінен кейін туған болатын. Дилма ханым ел басқарып тұрғанда вице-президент қызметін атқарған Мишел мырза Русеф биліктен шеттетілгеннен кейін билікті өз қолына алды. Ешқандай сайлау, таңдаусыз. Бразилия конституциясының талабы солай. 2018 жылдың қазан айында өтетін келесі президенттік сайлауға дейін ел тізгінін қолына алған Темердің тақта отыру ұзақтығы енді сот шешіміне тәуелді.

Қолдаушысын қорғамаған қорғаушы

Өзінің саяси қызметін Мишел Темер 1960 жылдары бастады. Әуелі – қорғаушы, одан кейін Сан-Паулудың қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі хатшысы болды. Кейіннен Бразилияның депутаттар палатасының спикеріне дейін көтерілді. 2001 жылдан бастап Темер елдегі ең ірі үш партияның бірі Бразилияның демократиялық қозғалыс партиясын басқарды. Импичмент процесі басталғанша бұрынғы президенттің оң қолы болып, кейіннен одан теріс айналған Мишел Темерді билік баспалдағымен жоғары сүйреген – Дилма Русефтің өзі. Алты жыл бұрын партия басқарып жүрген саясаткерді өзінің орынбасары етіп тағайындады. Қолдаушысының бұл жақсылығына алғыс ретінде Темер оған Конгресте басымдыққа ие болуға көмектесті. Бразилиядағы саяси жүйенің ерекшелігі сол, парламентте күші басым болмаса, басқарушы партияның өзгелермен коалицияға түсуіне  тура келеді.  width= 2010 жылдан бері Дилма ханыммен үкіметте қоян-қолтық жұмыс істеген Мишел Темер президентке деген наразылық күшейген сәттен бастап онымен арасы суып, өткен жылдың наурыз айында Русефпен ат құйрығын үзіп тынды. 2015 жылғы сайлау науқаны кезінде салықтан жалтарды және бюджет қаржысын жұмсады деп айыпталған экс-президентті Бразилия сенаты 2016 жылдың тамызында биліктен кетірді. Русефтің қызметтен шеттетілуін 61 сенатор қолдап, 20 сенатор қарсы дауыс берген. Соның нәтижесінде Бразилиядағы алғашқы әйел президент – Дилма Русефтің 5 жылға созылған билігі аяқталды. Дауыс беру аяқталған соң Русеф Twitter желісіндегі парақшасында «Бүгін жемқор 61 еркек 54 миллион бразилиялықтың таңдауын қоқысқа тастай салды» деп жазды. Экс-президент Темер мен Кунья сөз байласып, өзіне қастандық жасады деп айыптағаны да есімізде. Оның бұл сөзін ел былыққа батқан адамның өзін құтқару үшін жасаған амалы деп ұқты.

Соңғы 80 жылдағы ең ауыр дағдарыс

Билік басына келген күннен бастап өзінің жоспарлары туралы жар салған Мишел Темер Бразилияны соңғы 25 жылдағы ең терең экономикалық шыңыраудан құтқаруға уәде берген болатын. Инфляция деңгейін төмендетуге, жұмыссыздықпен күресуге ден қойып, еңбек және зейнетақы жүйесін реформалайтынын айтқан. 7 ай ішінде Темер мемлекеттік шығындарды азайтып, үнемдеу режимін енгізгенімен, елдің экономикалық тұйықтан шығар түрі көрінбейді. «Егер күрделі экономикалық реформалар жүргізіліп, мемлекеттік шығын­дарды қысқарту шаралары жалға­сын табар болса, халықтың әл-ауқатын 2013 жылғы деңгейге тек 2021 жылы жеткізуге болады» деп өткен жылы болжам жасаған мамандардың сөзіне сүйенсек, думаншыл бразилиялықтар баяғы берекелі күндеріне әзір жете қоймайтын тәрізді. Жемқорлықпен айналысты деп айыпталып, президенттіктен  шеттетілген Дилма ханым өзі билік еткен жылдары ел бюджетінің жыртығын жамаумен болды. Бразилия экспортының 60 пайызын құрайтын шикізаттық тауарлар құнының күрт төмендеуі салдарынан 2014 жылы мемлекет жалпы құны 3,9 млрд АҚШ долларынан асып түскен сауда балансының тапшылығымен бетпе-бет келді. Мұндай күрделі жағдай Бразилияда 1998 жылғы дағдарыстан кейін болмаған көрінеді. Елдегі ІЖӨ 2013 жылдан бастап құлдырай бастады. 2015 жылы ІЖӨ-нің құлдырау көрсеткіші 3,8 пайызға жетті, бұл 1981 жылдан бергі ең нашар нәтиже. Ел билігі Бразилиядағы экономикалық дағдарысты соңғы 25 жылдағы  ең күрделісі деп бағаласа, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, мұндай қиындық соңғы 80 жылда болмаған.  Мемлекеттегі инфляция деңгейі 2015 жылдың соңында 10,6 пайызға жетіп жығылды, бұл кейінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал 2016 жылдың І жартыжылдығындағы есептеулер 9,3 пайызды көрсетіп, Bloomberg-тің сауалнамасына қатысқан экономистердің болжамынан әлдеқайда асып түсті. Бразиялияның мемлекеттік қарызы да жыл өткен сайын шарықтауда.  2013 жылы елдің берешегі ІЖӨ-нің 51,7 пайызына жуық болса, 2014 жылы 57,2 пайызына жетті. Ал 2015 жылы тіпті 66,2 пайызын құрады. Мемлекеттің қор нарығы өткен жылы 13,3 пайызын жоғалтты.  S&P агенттігі 2015 жылдың қыркүйегінде Бразилияны спекулянттық топтың қатарына қосты. 2016 жылдың мамыр айының басында  Fitch елдің рейтингін BB+-тен BB-ге дейін төмен түсірді.

Үмітті ақтамаған Олимпиада

Онсыз да қиын шақты бастан өткеріп жатқан Бразилия экономикасы үшін Рио олимпиадасы да аз салмақ түсірген жоқ. Олимпиаданы абыроймен өткізгісі келген ел үкіметі ұйымдастыру комитетінің сұранысын өтеу үшін халықтың аузындағысын жырып әперуге дейін барды. Халықаралық сарапшылардың «Олимпиада аяқталған соң Бразилияның экономикасы құрдымға кетеді» деген болжамы халықаралық БАҚ-та айқайлаған тақырыптармен жарияланып жатса да, сол сәтте мемлекет үшін мойынға алынған жауапкершілікті өтеуден биік мақсат болған жоқ. Олимпиаданы ұйымдастыруға ел үкіметі оқу және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс қаражатты жұмсады. Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы да ойындардың ойдағыдай өтуіне қызмет етті. Салдарынан жергілікті халық жәрдемақылардан қағылды. Бірақ  үкімет елді Олимпиададан кейін бәрі қалпына келетініне, әлемдік дода кезінде қазынаға түсетін табыс экономиканың ес жиюына көмектесетініне сендірді. Олимпиада қарсаңында жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен спорттық нысандардың да  халық үшін игілігі мол болады деп ұрандатты. Алайда халықаралық ойындар аяқталған соң жарты жыл өтпей жатып ғаламторда Риодағы шатыры ұшып, қабырғасы қақыраған, іші тоналған спорттық нысандардың суреттері тарап кетті. Қаңғыған ит-құстың панасына айналған Олимпиадалық парктің бүгінгі жағдайын көрген желідегі жұрт Бразилияның желге ұшқан ақшасын санап жарысты. Жеңімпаз елдердің әнұрандары шырқалған олимпиадалық бассейн қазір шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның қонысы. Атақты «Маракана» стадионына да Олимпиада аяқталғалы ел жиылмаған. 2014 жылы футболдан әлем чемпионаты қарсаңында 400 млн долларға күрделі жөндеуден өткен алаңның көгалы тақырға айналып, көрермендерге арналған орындықтар дал-далы шығып жыртылған. Футболды ұлттық спорт деп кие тұтатын, даңқты футболшыларын көкке көтеріп, табынатын елдің ең ірі стадионы осындай күй кешіп отыр дегенге сену қиын, әрине. Алайда Рио штатының билігі мен жеке инвесторлар алаңға кімнің иелік етуі тиіс екенін шеше алмай, Олимпиада кезіндегі жағылған жарықтың 1 млн доллар қарызын кім төлейді деп әлі күнге дейін дауласып жатса, қожасы көп, қамқоршысы жоқ стадион тозбай қайтсін? Олимпиада ауылының жағдайы да мәз емес. Шетелдік спортшылар жайғасқан үйлерді Олимпиададан кейін жергілікті тұрғындарға сату көзделген. Алайда 3604 пәтердің тек 206-сына ғана ел қоныстанған, қалғаны әлі күнге дейін бос тұр.  Мұның бәрі ел бюджеті үшін қыруар шығын екені белгілі. Сондықтан бразилиялықтар Олимпиада мұрасы туралы айтқысы келмейді. Сарапшылардың бағалауына сүйенсек, Рио олимпиадасын өткізу үшін Бразилия 10-12 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Шығынның негізгі бөлігі  (6,15 млрд доллар) инфрақұрылымды реконструкциялауға, және жаңа спорттық нысандардың құрылысына (1,77 млрд доллар) жұмсалған. Бразилиялықтар бұл қаражаттың бәрі желге ұшатынын білді ме, Олимпиада басталар алдында елдің бірнеше қаласында қарсылық шерулері өткен еді. Дағдарыс кезінде жұмсалып жатқан миллиардтарға наразылық білдіріп, Рио көшелерімен шерулеткен тұрғындарды тарату үшін жергілікті тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ шашқанын жаһан жұртшылығы теледидардан көрді. Бразилия билігі Рио олимпиадасының ұйымдастырылуы басқа олимпиадаларға қарағанда әлдеқайда үнемді екенін алға тартты. Лондон олимпиадасына жұмсаған 15 млрд доллар, Бейжіңдегі додаға дайындық барысында шығындалған 44 млрд доллардың жанында Рионың шығыны аз көрінгені рас. Өздерінің үнемшілдігімен мақтанған бразилиялықтар жұмсалған қаржының 60 пайызы жеке инвестициялар екенін, оның бәрі 10 жылдың көлемінде бірнеше еселеніп ақталатынын айтқаны есте. Алайда халықаралық ойындар аяқталған соң көп ұзамай инвесторлар Риодағы олимпиадалық нысандардан безе бастады. Өйткені оларды ұстау шығыны бұл нысандарды қолданудан түсетін кірістен асып түседі. Сондықтан елдегі саяси һәм экономикалық дағдарыс тұсында Бразилия үкіметі спорт ареналарының жұмысын дөңгелете алатын компания таппай сарсаң. Президент орынтағына жайғасқан кезде уәдені үйіп-төккен Темердің бетіне ел тұрғындары салық қылатын мәселенің бірі – осы.