Бас банкир банкрот болған банкке БЖЗҚ қаржысын кім салғанын айтты
Бас банкир банкрот болған банкке БЖЗҚ қаржысын кім салғанын айтты
Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев бүгін БЖЗҚ инвестицияларына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Данияр Ақышевтың айтуынша, Әзірбайжан банкіндегі проблема 2015 жылдан басталды. 2016 жылдан бастап ҰБ Әзірбайжан үкіметіне, Әзірбайжан банкіне талап қоя бастаған.
«Бірақ олар мерзімінен бұрын қарызды қайтаруға келіспеді. Мәміленің мән-жайына қатысты көп сұрақ жауапсыз болып отыр. ҰБ істі құқық қорғау органдарына береді», - деді Д.Ақышев.
Бас банкирдің сөзінше, 2014 жылдың қазан айында бұрын қабылданған шешімдер негізінде 250 млн доллар инвестицияланған. «Шешімді БЖЗҚ емес, сол кезде Ұлттық банкте қызмет еткендер қабылдады. Лондонда өткен отырыста қарызды қайта құрылымдаудың 3 тәсілі айтылды. Біріншіден, БЖЗҚ активтерін Әзірбайжан мемлекеттік құнды қағаздары түрінде 200 млн долларға 5 пайызбен айырбастау, екіншіден 250 млн долларды 15 жылға 3 пайызбен, немесе 7 жылға 3,5 пайызбен. Үшеуі де шығынға батырады», - деді ол.
Ақышев Ұлттық банктің барынша ақшаны аз шығынмен қайтаруға тырысып жатқанын айтты. «Зейнетақы активтерін инвестициялау туралы шешімді арнайы кеңесті басқарған Ұлттық банк төрағасы қабылдаған. 2014 жылдың сәуірінде тұжырымдама мен құралдар тізімі шықты. Декларация шыққан соң инвестиция көлемі де анықталды. 2016 жылдан бастап басты функциялар қорды басқару кеңесіне берілді. Оны мемлекет басшысы басқарады. Ұлттық банк қазір шешім қабылдамайды, ол алқа кеңесінің негізінде әрекет етеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.