БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы: Біздің киім үлгіміз ерекше болуы тиіс
БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы: Біздің киім үлгіміз ерекше болуы тиіс
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 71-сессиясының төрағасы Питер Томсон дипломатиялық хаттама талабын бұзды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі инновациялардың рөліне арналған маңызды форумға ерекше киініп, галстук тақпай келген Питер Тамсон әріптестерін таң қалдырды. Соңғы жиынға ол зығырдан тігілген ақ жейде мен шалбар киіп келген.
Питер Томсон БҰҰ Бас ассамблеясындағы төрағалық қызметін өткен жылдан бері атқарып келеді. Осы уақыт аралығында саясаткер өзін білікті маман ретінде көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орната білді.
Ал төраға өзінің кезекті жиынға әдеттегіден тыс киініп келуін күннің ысуымен байланыстырды. Оның сөзінше, күннің ысуы дипломатиялық хаттамаға өзгеріс енгізуді талап етеді. «Соңғы 8 жылдың ішінде алғаш рет отырысқа осылай киініп келдім. Тұрақты даму мақсаттарына сай бірқатар өзгеріс енгізу қажет болды. Біздің киім үлгіміз де ерекше болуы тиіс. Нью-Йорктің аптап ыстығында осындай киім киіп жүремін», – деді БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы Питер Томсон.