Қазақстан тағы да Қытайдың "қорасына" кірмекші
Қазақстан тағы да Қытайдың "қорасына" кірмекші
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қытайдан 3 млрд доллар қарыз алмақшы. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді деп хабарлайды Astanatv.kz.
Қытай тарапы мұны "Бір белдеу, бір жол" аясында өткен форумда ұсынған. Ешқандай жобаға байланбаған несиені, кейін кез келген жобаларға салуға болады. Бүгін, қор басшылығы мәжілісте есеп берді. Депутаттардың көпшілігі қордың сыртқы қарызына қатысты алаңдаушылық танытуда. Былтыр оның көлемі 9 трлн 938 млрд теңгені немесе 29,8 млрд доллар құраған. Яғни квазимемлекеттік сектордың барлық қарызының 70% шамасында. Шарт бойынша қарыздың тең жартысы алдағы 5 жылда қайтарылуы керек.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы:
- Қытайдың даму банкі жұмсақ шарттармен бізге 3 млрд доллар қарыз беруге өздері ықылас білдіріп отыр. Біз өзіміздің керекті жобаларымызға пайдалана аламыз.
Қор былтыр 575 млрд теңге пайда тапқан. Мұнай-газ және кен өндіру қызметі есебінен - 510 млрд. теңге, телекоммуникация секторы есебінен - 56 млрд теңге. Ал жыл сайын 320 млрд қарыздардың пайызын жабуға кетеді. Депутат Нұртай Сәбильянов квазимемлекеттік секторды қолдауға бюджеттен қаражат бөлуді тоқтату керек деген пікірде.
Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:
- Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бірнеше жылдар бойы бюджеттен қаржыландырылмайтын және қаражаттарды облигациялар шығару арқылы тартатын Малайзиядағы «Темасек Холдинг» компаниясының тәжірибесін қабылдау қажет.