Қазақстандық жазушы туралы фильм Польшада жүлде алды
Қазақстандық жазушы туралы фильм Польшада жүлде алды
Қазақфильм киностудиясының деректі фильмдері халықаралық фестивальдарда топ жарды. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Миры Мориса Симашко» деректі фильмі Польша Халықаралық фестивальінде «Ең үздік деректі фильм» жүлдесіне ие болды.
«Қазақстандық режиссер Александр Головинский түсірген деректі фильм Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Президентінің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты Морис Симашконың өмірі мен шығармашылығына арналған», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұл аталған туындыға берілген алғашқы жүлде емес. Осыған дейін фильм авторы Мәскеуде өткен 19-шы DetectiveFest Халықаралық шытырман оқиғалы фильмдер фестивалінде арнайы жүлдеге, сондай-ақ «Вместе» XVII Халықаралық телекинофорумда «Литературная газета» басылымының атынан «Орталық Азиядағы жаңа тарихи роман мектебінің негізін салушылардың бірі және майдангер өмірінің беймәлім парақтарын ашқаны және шеберлігі үшін» атты арнайы жүлдесіне ие болған еді.
Сонымен қатар, «Сенім жолында» деректі фильмі Ресейдің Севастополь қаласында өткен XIII Халықаралық «Победили вместе» атты деректі фильмдер және телебағдарламалар фестивалінде Джемма Фирсова атындағы «Үздік әлеуметтік-философиялық жұмыс» жүлдесіне ие болды. Режиссер Әсия Байғожина түсірген «Сенім жолында» фильмі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі - дін жолындағы адасушылық туралы баяндайды. «Победили вместе» фестивалінің бағдарламасында 24 мемлекеттен 250 фильм қаралды. Іріктеу комиссиясы 16 елден 65 фильмді таңдап алған екен.