Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға бола ма?
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға бола ма?
Зейнетақы жинағын баспана алу, оқу ақысын төлеу мақсатында алдын ала шешіп алу мәселесі әлі талқыланып жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен БЖЗҚ басшыларының брифингінде мәлім болды.
«Мұндай тәжірибеге талдау жасап жатырмыз. Өзге елдердің тәжірибелері ескеріліп жатыр. Бола қалған жағдайда да ақша адамдардың өзіне емес, медициналық мекемелердің шотына, банктерге төленуі мүмкін», - деді басқарма төрайымы Сәуле Егеубаева.
Оның айтуынша, ақша болашақта зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сомадан артық болған жағдайда ғана берілуі тиіс. «Ер адамдар үшін бұл сома - 8 млн теңге, әйел адамдар үшін 9 млн. теңге», - деді С.Егеубаева.
Зейнетақы жинағын оқу, баспана алу мақсатында алдын ала алу туралы ұсыныс қоғамда қызу талқыланған болатын. Ал банкирлер мен депутаттар аталған жүйені терең зерттеп барып кірісу керектігін айтқан еді.