Астана күл-қоқысы көп қала ма?
Астана күл-қоқысы көп қала ма?
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы елордада күл-қоқысты шығару жұмыстары бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Экологиялық айлық аясында рұқсатсыз төгілген күл-қоқыстың 130 үйіндісі анықталды. Соның 111-ін толығымен шығарып тастады. Енді, 19 үйінді қалды. Бір айдың ішінде күл-қоқыстың 12 мың 210 тоннасы шығарылды", - деп жазды әкім өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында. Оның сөзіне қарағанда, Астанада күн сайын 465-500 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар мен басқа да күл-қоқыстар шығарылып отырады. Қала басшысы рұқсатсыз төгілген күл-қоқыс үйінділердің қай ауданда көп екенін де жазды.
Атап айтқанда, Алматы ауданында 25 заңсыз үйінді анықталды. Ол жерде күн сайын күл-қоқыстың 140 тоннасы шығарылады. Есіл ауданында 45 заңсыз үйінді анықталды. Аталған ауданның тұрғындары күн сайын 95 мың тонна күл-қоқысты лақтырады. Ал Сарыарқа ауданында 60 рұқсатсыз үйінді болған. Ауданда күн сайын қала сыртына күл-қоқыстың 230 мың тоннасы шығарылады.