Ақтауда Ралли рейд Әлем кубогының V кезеңі басталды

Ақтауда Ралли рейд Әлем кубогының V кезеңі басталды

Ақтауда Ралли рейд Әлем кубогының V кезеңі басталды
ашық дереккөзі
Табиғатымен, ойлы-қырлы жерлерімен қызықтыратын Маңғыстау жерінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне орайластырыла әлемдік дода – «Ралли Қазақстан-2017» Ралли рейд  Әлем Кубогының  V кезеңі өтуде. ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және еліміздің Автомотоспорт Федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан сайысқа Қазақстанмен бірге Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Ресей, Украина, Польша, Литва, Германия, Чехия, Белоруссия, Нидерланды, Словения, Франция елдерінен 25 экипаж, 50 спортшы қатысуда. 20 мамыр күні кеште Ақтау қаласында теңіз жағалауында доданың салтанатты ашылуы өтті. -Әлем Кубогы кезеңі бірнеше елдің басын біріктіреді. Олардың мәдениетін, спортын, танымы мен рухани мұрасын бір-бірімен ұштастырады. Алда қиындыққа толы, табандылық пен күш-жігерді қажет ететін мыңдаған шақырым жатыр. Сіздер спортшы ретінде нағыз кәсібиліктеріңізді, мықтылықтарыңызды дәлелдеп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайсыздар. Алдағы уақытта жарыстың қатысушылар саны артып, дәсүрлі түрде өткізілетініне сенімдіміз, деді құттықтау сөзінде Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов. «Ралли Қазақстан-2017» алты кезеңнен тұрады. Барлығы 2494 шақырымдық жолдың 1846 шақырымы жедел жүру аймақтары болып табылады. Экипаждар T1- сапасы жақсартылған сериялы автомобильдер,  T2 – сериялық үлгіден өзге жеңіл автомобильдер және T3- жеңілдетілген автомобильдер және Ұлттық класс бағыттар бойынша жүреді. Додаға қатысушылар арасында Катар елінен келген Nasser  Al-Attiya мен Mohammed Abu Issa, сауд арабиялық Yazeed AI-Rajhi, Польшадан келген Aron Domzala, чехиялық спортшы Miroslav Zapletal сынды әлемге танымал спортшылар бар. -Қазақстан Республикасы Автомотоспорт Федерациясы Ралли рейдтен Әлем кубогы кезеңін алғаш рет өткізіп отыр. Бұл – жыл сайын әр мемлекетте өткізілетін көпкезеңді жарыс. Осы жылы айтулы шараны біздің елімізде өткізу мүмкіндігі туды. Дүниежүзілік доданың тарихына ену - ұйымдастырушылар үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен мәртебе, деді ҚР Автомотоспорт Федерациясының Президенті М.Әбіқаев. Сайысты өткізуге Маңғыстау жерінің таңдалуы тегін емес. Археологиялық қорықтары, мемлекеттік деңгейде қорғауға алынған 11 мың тарихи ескерткіштері бар ежелгі өркенитеттің мекені болған Маңғыстау Бекет ата, Шақпақ ата, Масат ата секілді киелі орындарымен де ерекшеленеді. Ралли-Рейд ежелде «Ұлы Жібек жолы» керуен жолы жүрген, теңіз деңгейінен 132 метр төменде орналасқан, әлемде тереңдігі жөнінен 4-ші орын алатын Қарақия ойпаты арқылы өтеді. Кедергіге толы ойпат жолы жарыс үшін өте қолайлы.    Әлемдік мото-доданың өтуі - киелі өңірдің сұлу табиғатын, тарихи орындары мен мәдениетін өзге елдерге танытуға жасалған мүмкіндік.