Таксилерге қоғамдық көліктерге арналған жолақпен жүруге рұқсат етілуі мүмкін
Таксилерге қоғамдық көліктерге арналған жолақпен жүруге рұқсат етілуі мүмкін
Астанада қалалық бірыңғай такси қызметі машиналарының қоғамдық көліктерге арналған Bus Lane жолағымен жүруіне рұқсат ету мәселесі қаралуда. Бұл туралы Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Арман Айтыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Elorda.info.
Арман Айтыбековтің сөзіне қарағанда, бүгінде елордада қарбалас уақыттарда Мәңгiлiк Eл, Қабанбай батыр көшелері мен Республика даңғылында көлік қозғалысы қиындайды.
«Биыл жылдың басынан бері елордадағы көшелердің жүктемесінің артуы мәселесі «ақылды» бағдаршамдардың енгізілуімен автоматты түрде шешілуде. Бұл бағдаршамдар қозғалысты көлік ағынының қарқынына қарай өзі реттейді», - деді А.Айтыбеков.
Жол желісіне түсетін салмақты азайтудың тағы бір шешімі ақылы тұрақтар жүйесінің енгізілуі болды. «Қазір елордада олар вокзал маңындағы алаңда, министрліктер Үйі, Мega Silk Way аумақтарында жасалуда. Автотұрақ үшін ақыны паркомат арқылы төлеуге болады. Алғашқы 30 минутқа ақы алынбайды. Сондықтан енді бұл орындарда көлік иелері машиналарын ұзақ уақытқа қалдырмайды. Ақылы тұрақтан түсетін барлық қаражат қаланың бюджетіне кетеді», - деп атап өтті Арман Айтыбеков.