Махамбет батырдың әруағына дұға бағыштады
Махамбет батырдың әруағына дұға бағыштады
Қазақстан зиялы қауымының бір топ өкілі әйгілі батыр, ақын Махамбет жатқан Атыраудағы Қараой жеріне барып әруағына дұға бағыштады, - деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қараойға Әнес Сарай, Сәбит Досанов, Серік Тұрғынбекұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Қасымхан Бегманов, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов, Ақұштап Бақтыгереева, Светқали Нұржан, Бауыржан Халиолла, Гүлзада Ниетқалиева, Сәулеш Шәтенова, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш сынды ақын-жазушылар жиылды. Қонақтар дұға бағыштағаннан соң батыр жерленген жерде ұйымдастырылған "Махамбет поэзиясы күні" салтанатты шарасына қатысты. Жиылғандар Махамбет тұлғасын ұлықтап, тарихтан сыр шертіп, өлең оқыды. Шара кезінде сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл күннің той тойламен қатар, көп дүниелерді ой елегінен өткізетін күн екенін атап өтті.
"Елбасымыздың Рухани жаңғыру мақаласында елдің дамуы жолында еңбектенген азаматтарды білу, олардың ерліктерін, атқарған істерін хлыққа насихаттау, естен шығармай ұрпаққа жеткізу мәселелері айтылды. Тарихты қарасаңыздар қажет кезде өмір сахнаға елім, жерім, Отаным деп, азаттық жолында жанын пида еткен талай азаматтарды шығарып отырған. Солардың бірегейі Махамбет десек артық болмайды", - деді аймақ басшысы. Айта кетелік, мұндай шара Қараойда 2003 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткізілді. Биылдан бастап "Махамбет поэзиясы күнін" жыл сайын өткізу жоспарланған. Шара аясында Махамбет сыйлығы тағайындалып, әр түрлі салада озып шыққандарды мараппаттау қолға алынуы мүмкін.