Оңтүстік Қазақстанда 363 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды

Оңтүстік Қазақстанда 363 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды

Оңтүстік Қазақстанда 363 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды
ашық дереккөзі
 Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа драйверіне айналдыру бағыты бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 363 бірлік ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті. Оның айтуынша, бұл кооперативтерге 40 мыңға жуық үй шаруашылығы мен фермерлік қожалықтар біріктірілген.  «Жерді тиімді пайдалану, суармалы егісті кеңейту бойынша өндіріске жаңа технологиялар, оның ішінде терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі, жылыжайлар салу, интенсивті бауларды ұлғайту жұмыстарын қарқынды дамытатын боламыз. Ағымдағы жылы егістік көлемі 792,3 мың га жеткізілді. Сондай-ақ интенсивті бау аумағы жыл соңына дейін 2630 га жеткізіледі. Бұдан бөлек, 493 га жерге жаңғақ жне 50 га жерге бадам бауларын отырғызу жоспарлануда», – деді аймақ басшысы.  Республикадағы барлық жылыжайлардың 80 пайыздан астамын құрайтын Оңтүстікте биыл 200 гектар жерге жылыжай салынып, олардың жалпы алаңы 1 323 га жетіп отыр. Ал, тамшылатып суғару әдісі 7,2 мың га енгізіліп, 58,2 мың га артқан.  Брифингте әкім мал шаруашылығын дамыту бағытында 3 013 бірлік шағын мал бордақылау алаңы мен 722 бірлік жанұялық сүт фермасы, 14 бірлік шағын құс фермасы, 4 бірлік балық шаруашылығы ашылатынын хабарлады.  Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұрғандығын айтқан болатын. Осы бағытта облыста алдағы бес жылда шикізат секторынан экспортқа бағытталған дайын өнім секторына өту бойынша Қазығұрт ауданында құрғақ сүт және сары май шығаратын зауытын салып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 603 млн теңге болатын кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 17,5 мың тонна. Сондай-ақ, «Ордабасы-Құс» ЖШС-мен күрке тауық етін өндіруді 25 мың тоннаға ұлғайту бойынша келісімге қол қойылған.